Ғалияның уәде еткен ақшасы сол елдің өлшемімен алғанда көл-көсір табыс болып саналғандықтан, олар ойланбастан ілесе жөнелген. Ішкі істердің желілік бөлім і қызметкерлері анықтағандай тіпті жұмыс іздеушілердің қолында құжаттары да болмапты. Соған қарамастан жылпос әйел оларды жүк вагондарына жасырып, Бейнеу арқылы Құлсары стансасына дейін жеткізген. Ал бар құжаттары тек Сүндеттің тууы туралы куәлігі мен Расулдың қолындағы оның қайтыс болған ағасының метіркесі болып шықты.
11 жасар Сүндеттің айтуынша бірде бағып жүрген қойларын суғарып жатып, үш қой абайсызда суға ағып кеткені үшін қатты таяқ жеген көрінеді. Алайда ол әлі келгенше қолынан келгеннің бәрін жасағанмен, бұғанасы қатпаған жас бала семіз күйлі саулықтарды судан тартып шығара алмаған.
Тұтқындардың қашып кетпеуі үшін ағайынды жігіттер оларды бөлек ұстапты. Ересек Расул басқа шаруашылықта еңбектенсе, Назарбай кіші ұлымен бірге болған екен. Кәсіпкер жігіттер оларға екі мылтықты ауық-ауық көрсетіп, қашуға тырысса аямайтындарын айтып әбден қорқытқан. Алайда кіші ұлы Сүндеттің таяқ жегені, аяғым ауырды деп жылағаны қабырғасына батқан Назарбай амалын тауып қашып шығады. Құлсары вокзалына келіп кездескен полиция қызметкерлеріне болған жайды баяндайды.
- Қылмыстылардың атын тергеу аяқталғанша айта алмаймыз. Әр айыптының ісі бөлек қаралып, қатаң тексерілуде. Олар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы тиіс, - деп есептейді Дәулен Төлемісов.
Бодандықтан босатылған өзбекстандық отбасы әзірге арнайы жалданған пәтерде бұрынғы қожайындарының сотын күтуде. Содан соң елдеріне қайтарылады.
Жалпы бұдан бұрын да Атырауда екі қазақстандық және бір өзбекстандық әйелдердің 4 өзбек қызын алып келіп, жеңгетайлық құлдығында ұстап, ақша тапқандары анықталған еді. Тек 2008 жылдың бірінші жарты жылдығында республикада адам саудасына қатысты 13 қылмыстық іс тіркеліпті. Жаппай бодандықта жүрмегенмен қарақалпақ және өзбектердің Қазақстанда арзан жұмыс күші ретінде кеңінен қолданылып отырғаны белгілі.
Осы мәселе жайлы gazeta.uz басылымы осы жылдың тоғыз айында Өзбекстанда 1450 адамның саудаға салынғаны жайлы ресми мәлімет жариялаған еді. Оның 1283-і ер адамдар екен. Оларды әсіресе, Қазақстан мен Ресейге еріксіз жұмыс жасатуға әкететін көрінеді.