ТШО мердігерлерінің бірі «ESS -Юрест суппорт Сервисез» компаниясының 400 жүргізушісі жалақыларының аздығына наразылық білдіріп, 5 қарашада ереуілге шықпақ.
Бұл мәселе жергілікті баспасөздер жарыса жазған 22 қазандағы облыс әкімшілігі мен шетелдік компаниялар және олардың мердігерлері бас қосқан жиында сөз болды.
Бірақ, Атырауда ереуілге ешкім таңданбайды. Себебі, Теңіз кенішіндегі «теңіз оқиғасы» деген атышулы қақтығыстан кейін де Қарабатанда жұмысшылар үш рет ереуілге шыққан болатын. Әр ереуіл сайын облыс әкімшілігі мен компаниялар бірігіп жалақыны көтереміз деп уәде бергенімен, жұмысшылардың талабы орындалмай келеді. Содан соң өзара меморандум қабылданады.
2005 жылдан бері облыстық әкімшілік пен шетелдік компаниялар арасында Қазақстандағы еңбек заңдарының сақталуы, отандық жұмысшылар еңбегінің орынды бағалануы жөнінде талай меморандум жасалды. Бірақ қарапайым жұмысшыларға одан пайда жоқ.
Мәселен, «ESS - Юрест Суппорт Сервисез» компаниясы «Теңізшевройлдың» мердігері атанып, оған түрлі сервистік қызмет көрсете бастаған 2002 жылдан бері жұмысшылар жағдайына байланысты мәселе талай рет көтерілді. Ал 2005 жылы 200 ден астам жұмысшы тамақтан уланып, өлім аузынан қалды. Енді міне жұмысшылар жалақы әңгімесін тағы көтеріп отыр.
Жалпы компаниядағы жалақыдағы теңсіздік жайы 2007 жылдан бері ауық-ауық жұмысшылар наразылығымен еске салынып келеді. Әзірге нақты қолданылған шара жоқ. Оның үстіне ESS компаниясына қарасты «Шаңырақ» вахталық поселкесіндегі екі үйдің 20 қазан - 10 қараша арасында жабылуына байланысты 700 жұмысшының қысқаратыны белгілі болды. Бұл жұмысшылардың тағы бір кезекті толқуын тудыруы әбден мүмкін.
Бұл мәселе жайлы пікірін білгіміз келіп ESS компаниясының қоғамдық байланыс жөніндегі менеджері Александр Дурмановтан сұрағанымызда «мәселені ТШО мен прокуратура шешеді» деп нақты жауап айтудан бас тартты.
Ал компанияның кәсіподақ жетекшісі Марал Көшенов «жүргізушілер асығыстық танытып отыр, жалақы енді көтеріледі» дегенді айтады. Бірақ, жүргізушілермен сөйлесу мүмкіндігі болған жоқ. Олар Теңіздегі вахтада болғандықтан, М.Көшеновтен телефондарын сұрағанымызбен бермеді.
Облыс әкімі аппараты жетекшісінің құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Керімовтың айтуынша компания өз жұмысшыларына қазаннан бастап жалақысын көтеруге уәде бергенмен, ол ТШО-ның ақшаны үнемдеу саясатына байланысты кейін шегеріліп келген. Енді ТШО менеджері Рене Лагорио Френч мән-жайды анық білмегендігін мойындап, проблеманы шешемін деп отырған көрінеді.
Жиын жасап, талаптарын орындаймыз дегенмен іс жүзінде құрғақ сөз ретінде қалатынына жұмысшылардың көзі әбден жеткен. Сондықтан болар олар жұдырық күшіне көбірек жүгінеді. Осы жылдың мамырында басқа да «Кейп», «ЖАК», «М-Сервис» компанияларында 300 адам қарсылық акциясын өткізген. А.Керімовтың мәліметіне сүйенсек, ТШО-ның екінші кезеңі зауыт құрылысының аяқталуына байланысты жұмыстан босатыла бастаған жұмысшылар құқықтары тағы да сақталмай отыр.
Мәселен, «Сапсан» компаниясы жұмыстан қысқарған жұмысшыларға өтемақы төлемегені өз алдына, кейбіреулеріне өз еркімен жұмыстан кету жөнінде арыз жазуға мәжбүрлеп немесе жұмыстан шығаруға ілік іздейтін көрінеді. Заңды өтемақыларына қолдары жетпей қор болған жұмысшылар енді ТШО мен оның жауапты мердігері PFD компанияларына қатысты жоғары инстанцияларға арызданбақшы болып отыр. PFD өкілдігінің басшысы Антони Роджерс болса «бұл мәселеден хабарсызбын», - дегенді айтады
Дәл осындай жағдай Agip KCO де қайталанып отыр. Agip-тің еңбек және сыртқы қатынастар департаментінің менеджері Майкл Кинг өткен жылдан бері жұмысшыларға қосымша ақы төлеудің «LARA» деп аталатын жүйесінің қолданыла бастағанын айтып ақталды.Сол «LARA» бойынша 2006 жылы облыстық әкімшілікпен болған кезекті кездесуден кейін, бұл компания жалақыны көтеру үшін Батыс Ескенеде істейтін әр жұмысшыға салық және басқа да міндетті төлемдер ұсталмайтын күніне 1000 теңге төлеуге уәде еткен. Алайда Agip KCO -ның «ГАТЕ Иншаат», CAPС, Bateman тәрізді мердігер компаниялары италияндықтардың уәде еткен күндік 1000 теңгесін әлі күнге дейін өз жұмысшыларына бермей отырған көрінеді. Неге? Оның себебін аталған компаниялар өкілдері үстеме ақы төлеу жөніндегі механизмнің кемшіліктеріне сілтейді.
Agip KCO уәде еткен «LARA» -ға қолдарын жеткізе алмай жүргендердің бірі CAPС-тегі жүргізушілер. Олар шілде айынан бері бұрынғы экс-орынбасар, қазіргі жаңа сенатор С.Еңсегеновке, Agip KCO аймақтық менеджері Л.Васкеске, компанияның атқарушы директоры Е.Қожахметовке, прокурорға арыз жазып әуре.
Онда жүргізушілер өздерінің жалақысының аздығын, жұмысқа бару үшін таңғы 6-да кетіп, кешкі 20-де үйге келетіндерін, осы аралықтағы артық жұмыс уақытына, мейрам, демалыс күндері жасаған жұмыстарына үстеме ақы төленбейтіндігін көрсетіп, жалақы төлеуде оның көлемін, қандай ұстаулар мен төлемдер бар екені анық көрсетілген түбіртектер беруді талап еткен. Ал CAPС басшылары жұмысшыларға «сендер бұл әңгімені көтермеңдер, келер мамырда тендер ұтып алуымыз керек, соған дейін шыдай тұрыңдар, әйтпесе жұмыстан шығасыңдар» деп айбат көрсетіп жүр екен.
CAPС жұмысшылары кәсіподағының жетекшісі Қайнар Кенжеғалиевке телефон шалғанымызда «бұл мәселе қаралу үстінде, әзір ештеме жазбай-ақ қойыңыз» дегеннен басқа жауап айтпады.
Agip KCO , ТШО және бұл компаниялардың мердігерлері жұмысшыларының жағдайы ресми кәсіподақтың шынайы бет-пердесін ашып көрсеткен тәрізді. Өйткені бірнеше жыл қатарынан созылып келе жатқан жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қақтығыстарда олардың басым дауысы естілмеді. Президент жария еткен кәсіподақтардың рөлін күшейту әңгімесі бос сөз болып қалды. Тіпті Президенттің шетелдік кәсіпорын алдында беделі бар ма деген де сұрақ туады бұл жерде.
Облыстық жұмысшылар кәсіподағы комитетінің төрағасы, Есет Өтеулиев Атыраудағы көп компанияларда кәсіподақтардың зор қиындықпен құрылғанын айтады. Компания басшылары «жұмысшылардың тәуелсіз ұйымы», «еңбек ұжымдарының кеңесі», «жұмысшылар комиссиясы» деген тағы бір ұйымдарды құрып, солармен жұмыс істейді. Оған сөз жоқ, өз адамдарын қояды. Ал бұл ұйымдардың басшылары жұмысшы ұжымы атынан ұжымдық келісімшартқа қол қояды. Мәселен ESS-тегі жұмысшылар кәсіподақтарын құруға компания басшылары қарсы болып, кәсіподақ құрылғанымен, онымен жағаласа «жұмысшылардың тәуелсіз ұйымы» дегенді құрыпты
Офистегі клерктер болса екібастан кәсіподаққа қарсы деп есептейді Есет Өтеулиев. Себебі олар және кей жұмысшылар кәсіподақтан жарнасы үшін қашады әрі кәсіподақ ұсынатын ұжымдық шарттағы талаптар компания мүддесіне қайшы келуі мүмкін. Ал әкімшіліктегі «Батыс Ескене» өкілі Б.Боқаевтың жұмысшылар құқын қорғап жүргеніне жұрт күмәнмен қарайды.
Осылайша жергілікті билік жоғарыға айтар есебі үшін тағы бір кезекті жиылысын өткізді.ТШО мердігерлері PFD мен «Сенімді құрылыс» ЖШС арасында ҚР заңдарын сақтау, Қазақстан жұмысшыларының құқығын қорғау жөнінде тағы меморандум қабылдады.
«ТШО мен ESS жетекшілері бірігіп отырып жоғарыда аталған инцидентті шешетін болды»,- деп мәлімдеді А.Керімов. Жақында кеңес өткіземіз, сонда келісім шарттар қайта қаралып, жалақы 12-15 пайызға көтерілетін болады.