«Азат» партиясының Атыраудағы филиалы жергілікті бейүкіметтік ұйымдар мен партиялар филиалдарын дағдарысқа қарсы комитет құруға шақырды. Бұл жайлы олар журналистермен болған бас қосуда мәлімдеді.
Атыраудағы «Азат» белсенділерінің айтуынша Қазақстанда басталған дағдарыс оның нарықтық қатынастағы деңгейін айқын танытты. Мұны шикізат құны төмендегенмен, одан алынған өнімдердің бағасы өзгермеуінен көруге болады.
«Бұдан бұрын нан мен бензин бағасының аспандауын билік басындағылар астық пен мұнай бағасының қымбаттауына сілтеген болатын. Енді бүгінде ол бағалар күрт құлады. Алайда нан мен бензиннің бағасы әлі кедейдің қалтасын жұқартып, бай-манаптардың байлығын еселеп отыр. Бұған үкімет тікелей кінәлі! Мысалы, мұнай бағасы барреліне әлемде 150 доллардан 50 долларға дейін түсті, ал мұнай өнімдерінің бағасы 50 пайызға дейін төмендеудің орнына тек 8-9 пайызға ғана арзандады, астық бағасы 200 долларға жеткенмен, нан бағасы өзгерген жоқ,- деді «Азат» партиясы филиалының жетекшісі Жалғас Тікенбаев.
Ал Атырауда керісінше қарашада жолаушылар көлігінде жолақы 25 теңгеден 45 теңгеге көтерілді. Оған себеп ретінде республиканың басқа өңірлеріндегі автобустар бағалары 50-60 теңге екендігі мысал етіп тартылып, автобөлшектерінің құны өсуі сылтау болған. Бұған қоса коммуналдық қызметтер бағасы да, азық-түлік өнімдері де қымбаттады».
Қазір әкімшіліктерге қоса түрлі деңгейдегі депутаттар да не істеу керектігін білмей дал болып отыр. Себебі үкіметте дағдарысқа қарсы нақты бағдарлама жоқ, ал аймақтарда ол мүлде қарастырылмаған. Сондықтан К.Мәсімовтың басқарған үкіметке сене алмаймыз дейді олар.
«Азаттықтардың» айтуынша қаржы дағдарысы әрине әзір банктерде не шоттары жоқ, не құнды қағаздары жоқ қара тобырға тие қоймағанымен, енді 2-3 айда ол бәріне әсер ететін болады. Әсіресе оны шағын және орта бизнесі бар кәсіпкерлер қатты сезіне бастайды.
Қазірдің өзінде халықтың басым бөлігі не несие ала алмай, не алған қарызын қайтара алмай сеңдей соғылысуда. Құрылыс тоқтады, жұмысшыларды жаппай қысқарту жүргізілуде, баға мен инфлияция өсіп барады, тауарларға сұраныс азая түсуде.
Креслосынан айырылып қалудан қорыққан шенеуніктер болса халықты алдап отыр. Билік басында шындықты бұрмалап, елдің халы жақсы деген өтірікті тарататындар мен жоғары жақтың көңілін табатындар жайғасқан. Бұндай жүйе дағдарыстан қалай шықпақ?
«Халықтың табысы азайып барады. Инфляцияның үдеп отырғаны жайлы да жергілікті билік бүркемелеп, ешнәрсе айтпайды»,- деп санайды Ж.Тікенбаев. Ешкім халық алдында есеп беріп отырған жоқ. Жемқорлықпен күрес кландардың күресімен және өзара есеп айырысумен ғана шектеледі. Жабықтық, құпиялық, бақылаудың жоқтығы, сынның айтылмауы өте сұмдық жағдайларға алып келуі әбден мүмкін. Сол себепті де «Азат» партиясы барлық партиялар мен бейүкіметтік ұйымдардан құралған дағдарысқа қарсы комитет құруды ұсынады.
Ал Премьер-Министр болса Елбасының тапсырмасы бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне 2009 жылы мұнайдың бір баррелін 40 АҚШ долларына, ал 2010-2011 жылдары 50 долларға бағалап, 2009-2011 жылдардың бюджетін қайта есептеуді жүктегенін жария етті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджетке салынған барлық әлеуметтік бағдарламалар орындалатын болады. Бұған «азаттықтар» үміт артпайтындықтарын айтып отыр.