Діни ағым жетекшісінің сотына барған Азаттық тілшісі қамауда болды

Қуанышбек Қари, Азаттық радиосының қызметкері Алмалы аудандық полиция басқармасының алдында. Aлматы, 26 тамыз 2010 жыл

Тамыздың 26-сы күні таңертең Алмалы аудандық сотына барған бір топ журналист Алмалы аудандық полиция басқармасынан бір-ақ шықты. Діни ағым жетекшісінің соты туралы хабар дайындамақ болған журналистер ешқандай түсініктемесіз екі жарым сағаттан кейін барып босатылды.

БАС САЛЫП ТҰТҚЫНДАУ

Бейсенбі күні таңғы саған 9-да Алматыдағы Алмалы аудандық сотында Қазақстандағы сопылық ағымның жетекшісіне қатысты сот процесі басталуы тиіс еді. Діни ұйымға қатысты іске қатысу үшін судья Гүлжахар Шыныбековадан рұқсат алмақ болған журналистерді полиция қызметкерлері бірден ұстап, бөлімшеге ала жөнелген.

Өзін дәстүрлі Йассауия жолының жандандырушы ретінде танытып жүрген Исматулла Мақсұмға байланысты басталуы тиіс сот процесіне барған бір топ журналисті полиция ұстап алып кетті.

Ұсталғандардың арасында «Алаш айнасы», «Үш қиян», «Орда KZ», «Дорожный патруль» және Азаттық радиосы Алматы бюросының бас редакторы Қуанышбек Қари болған.

- Бізге ешқандай мән-жайды түсіндірместен рапорт толтырып жатыр. Алып келген полиция өкілдері мәселенің барлығын басшылыққа сілтеп отыр, - деді Қуанышбек Қари полиция басқармасынан телефон арқылы.

Ал Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы бастығы Талғат Сейілханов, журналистердің ұсталғандығы туралы өзінің бейхабар екендігін айтты.

- Мен қазір жиында отырмын, ешнәрсе білмеймін, - деген Талғат Сейілханов телефон тұтқасын қоя салды.

СЕБЕБІН АНЫҚТАУ ЖОЛЫНДА

Сот процессіне қатысты хабар дайындауға барған журналистердің неліктен ұсталғанын анықтау үшін Азаттық тілшісі алдымен Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына хабарласты. Ондағы кезекші бөліміндегілер бізге қоғамдық тәртіп сақтау бөліміне хабарласуымызды өтінді.

Бөлім бастығы Жасұлан Бекенов болса, өздерінің ешқандай ақпарат бермейтіндігін жеткізді.

- Бізде баспасөз қызметі бар, соған хабарласыңыздар, - деп қысқа қайырды.

Алайда қалалық ішкі істер басқармасындағы баспасөз қызметінде жауап беретін адам орнында болмай шықты.
Уақытша ұсталған журналистер Алмалы аудандық полиция басқармасынан шығып келеді. Алматы, 26 тамыз 2010 жыл

Бұл уақытта бөлімшеде үш сағаттай отырған журналистер Алматы уақытымен түскі сағат 12-інің шамасында босатылғандығы белгілі болды.

Алайда тағы да олардың не үшін ұсталып, қандай айып тағылғандығы жайлы полициядағылар ешқандай түсініктеме бермеді.

- Заттарымызды тексеріп, тінту жүргізді. Одан өзге саусақ таңбасын алып, суретке түсірді. Полиция қызметкерлері менің қолымда болған флипп-камераға түсірген бейнежазбасын өз беттерінше өшіріп тастады, - деді Қуанышбек Қари.

СОТҚА ҚАТЫСТЫРМАУДЫҢ АМАЛЫ

Босатылған журналистердің сөзінше, полиция осы күні таңертең «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігіне қатысы бар болуы мүмкін барлық азаматтарды ұстап алып кеткен.

- Алмалы аудандық соты орналасқан көшеде таңертеңгі уақытта өткен барлық адамдарды, оның ішінде көше сыпырушылар да, жай өтіп бара жатқан азаматтардың барлығын да мән-жайды түсіндірместен құққық қорғау қызметкерлері алып кетіп, түске дейін ұстап отырды, - дейді «Алаш айнасы» басылымының тілшісі Сәкен Көкенов.

Оның сөзінше, полиция қызметкерлері журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп қана қоймай, олардың құқығын бұзған.
Полиция сержанты Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы ғимаратының қақпасын жауып жатыр. Алматы, 26 тамыз 2010 жыл

- Қазақстан президенті құқық қорғау органдарын реформалау жөнінде мәселені соңғы кездері жиі көтеріп жатыр. Бірақ, ол Алматыға жетпеген сияқты. Себебі, бүгін бізді қандай да бір себептермен сотқа қатыстырмаудың амалы жасалды, - дейді Сәкен Көкенов.

Ал бейсенбі күні Исматулла Мақсұмға қатысты тергеу амалдарын бастау соты журналистердің қатысуынсыз өтіп кетті. Онда діни ағым жетекшісіне тағылатын айып түрінің белгіленуі сөз болған.

Исматулла Мақсұм 1992 жылдан бері Қазақстандағы дәстүрлі Йассауия сопылық мектебін жандандырушы ретінде танылып жүрген діни тұлға.