Мен Қытай коммунистеріне қарсы күрескен «Шығыс Түркістан исламдық қозғалысы» партиясының мүшесі болдым. Қытайды тастап қашқан біздің партияның мүшелерінің көбін Пәкістаннан ұстап алды. Біздің партияның қолға түскен белсенділерінің кейбіреулеріне өмірлік жаза кесіп, екіншілерін атып тастағанын Шыңжаннан естідік. Қытайдың ресми саясатына қарсы шыққан ұйғырлардың бәрі осындай жағдайға ұшырайды.
Әйелім екеуміз екі кішкентай баламызбен ұзақ уақыттан бері жертөледе тұрып жатырмыз. Мен көшеге қатты қажет болған жағдайда ғана шығамын. Тұратын жеріміз ылғал, осының кесірінен әйелім өкпесіне суық тигізіп алды.
Қазақстан аумағында Қытайдың арнаулы қызметінің өкілдері емін-еркін жүре береді ғой. Қазақстан аумағын мекендеп, тағы қоныс аударуды күтіп жүрген басқа ұйғыр босқындары да ендігі тағдырларына алаңдаулы.
Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки комитетінің Алматы өкілдігінің басшысы Нинель Фокина бұл алаңдаушылыққа былай түсініктеме береді:
— Қазақстан мен Қытай арасында халықаралық іздеуде жүрген адамдар туралы екіжақты келісімнің бар-жоғын білмеймін. Бірақ, Қазақстан Қытайға Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясындағы басқа бір келісімдер бойынша жәрдем береді ғой. Мәселен, сол ШЫҰ-ның терроризммен күрес орталығы Қазақстан аумағында қытайлық ұйғырларды ұстау операцияларын жүргізуде.
Ал Қазақстандағы ұйғыр ұлттық орталығының директоры Тамара Мәметова Қытайдағы ұйғырлар сол жерде тұрақтап қалғысы келеді дегенді айтады.
-Олар өз құқықтарының сақталғандарын қалайды. Ұйғыр босқындар мешітке барғысы келеді, балаларын ана тілінде оқытқысы келеді, яғни қарапайым ғана нәрселерді керек қылады. Қытай үкіметі ұйғыр әйелдеріне екі баладан артық тууға тыйым салады екен. Қытай үкіметі ұйғырлардың өз құқықтары үшін күресін сеператизм ретінде бағалап отыр.
Алматыда құжат сұрағандары үшін екі полицейді өлтіріп кеткен ұйғырлар туралы жергілікті басылымдардың хабарынан кейін қазақстандық арнаулы қызмет өкілдері ұйғыр босқындарды қуғындай бастады.
Баспасөзде ұйғыр босқындардың үйлерінен күдікті заттар тауып алған полицейлер туралы жазылды. Олар содан кейін полицейлерге қол жұмсауға мәжбүр болған.
Сәл кейінірек ол ұйғырлардың «Шығыс Түркістан исламдық қозғалысы» Шыңжан-Ұйғыр жауынгерлік тобының мүшелері екені бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі ассоциацияның президенті Надежда Атаева қазақстандық журналистердің босқындарға біржақты көзқараспен қарайтындықтары туралы айтады:
— Кейбір қазақстандық журналистер қоғамда босқындар туралы теріс көзқарас қалыптастыруда. Мәселен, 2008 жылғы 24 сәуірде «Литер» газетінде «Әндіжандық босқын» деген мақала жарияланды. Онда автор саяси себеппен қуғындалған Өзбекстан азаматы Рафик Рахмоновты бірнеше рет «діни-экстремистік ұйымның белсенді мүшесі», «террорист» деп атады. Мен ол журналистке хабарласып едім, одан қатқыл жауап алдым.
«Мені танымал еткеніңізге рахмет!» деп басталған хатында журналист менің сұрақтарыма түсінбестік танытты. Ол Алматы қалалық ІІД криминалды полиция басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы Вадим Стерльцовтың түсініктемесіне сілтеме жасап, өзінің ұстанымын дәлелдей алмады. Ал менің мақала неге біржақты көзқараста жазылған деген сұрағыма, ол: «Әндіжандық босқын» мақаласы — журналистік зерттеу емес деп жауап берді.
Осы айтылғандардан Қазақстандағы ұйғыр босқындарының өз болашағына неге алаңдайтыны түсінікті.
2007 жылы Алматыда екі ұйғыр босқынының жоғалып кеткені белгілі. Кейінірек, олардың әйелдеріне күйеулерін Қытайдың арнайы қызметінің өкілдері алып кеткенін хабарлаған.Әйелдердің айтуынша, олардың күйеулерін БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасына Алматыдан саяси баспана сұрап жазған өтініштерін қайтып алуға мәжбүрлепті.
Бір жағынан қарағанда әрбір босқынға жеке қарау керек. Олар Қытайдағы көрген қысымдарының «елесінен» әлі ажыраған жоқ.
Журналист қай елдің атынан сөйлесе де, экстермист — босқын емес, босқын — экстремист емес деген нақты түсінікті шатастыратындай күдік болмауы керек дейді сарапшылар.