Қаржы полициясы Қашаған жобасын игеріп жатқан Agip КСО компаниясының үстінен қылмыстық іс қозғады. Компания 110 миллион доллар көлемінде алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Сарапшылар қылмыстық іс қозғаудың өзге де себептері болуы мүмкін деп болжайды.
Қашаған жобасының операторы NCOC (North Caspian Operating Company N.V) компаниясына кіретін Agip консорциумының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы жұма күні Қаржы полициясының ақпараттық-сараптамалық департаментінің бастығы Әділ Әбілқасымов хабарлады.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
- Мұнай өндіруші Аджип NCOC компаниясы «Болашақ зауытының мұнай және газ дайындық кешенін орнату» нысаны бойынша атқарылған құрылыс-монтаж жұмыстарына кеткен 110 миллион доллар шығынды екі рет есептеген, - деді Әділ Әбілқасымов шикізат өңдеу саласының саяси-құқықтық мәселесіне арналған халықаралық конференция барысында.
Ол өнімді бөлісу туралы келісім-шартқа сәйкес, шикізат өңдеуші компанияларға көмірсутек кеніштерін барлау барысында кеткен шығындарды толтыруға мемлекеттің өзі кепіл беретінін ескертіп, аты аталып отырған компанияның осы мүмкіндікті өз мүддесіне орай пайдаланып қалғанын айтты.
- Бұл жағдайды пайдаланып қызметіне салғырт қараған инвесторлар жалған инвестицияларды [жүзеге асырады], - деді Әділ Әбілқасымов.
Бұл мәселеге орай компания басшыларына жазбаша хат жолдағанымызбен әзірге, жауап түспеді.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ НОРМА
Дәл осы күні NCOC компаниясының экологиялық норманы бұзғаны үшін мемлекетке 9,4 миллион теңге көлемінде айыппұл төлегені туралы ақпарат тарады.
- NCOC компаниясы мұнай төгіп, қалдықтар шығарып, қоршаған ортаны ластаған, - деді Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің арнайы басқармасының басшысы Данияр Әлиев жұма күні журналистермен болған жиын барысында.
Қазан айында Қазақстан үкіметі экологиялық норманы орындамағаны үшін компанияның қалдық төгуге квотасын тартып алып, кемшіліктерді жою үшін үш ай мерзім берген болатын. Министрлік өкілінің айтуынша, компания қазіргі таңда бұл кемшіліктердің барлығын жойған, десе де, компанияның квотасы әлі қайтарылмапты.
ҚЫСЫМ БА, ҚЫЛМЫС ПА?
Кейбір мамандардың пікірінше, қазақ үкіметінің бұл компанияға шүйлігуінде жоғарыда айтылған жайттардан өзге де себептер жатуы мүмкін. Қазақстан миллиондап қаржы жұмсап жатқан Қашаған кенішін тезірек игеріп, табыс тапқысы келеді. Және оны игеру мерзімін шикізат өндіруші компаниялар шегерген сайын қазақ үкіметінің де мазасы қаша бастады.
Соңғы рет шілде айында жобаға қатысушы алты компания Мұнай және газ министрлігінен Қашаған жобасын игерудің екінші кезеңін 2018-2019 жылдарға шегеретінін мәлім еткен болатын. Бұған қоса, кенішті игеру жобасының бюджет көлемін ұлғайтуды да тынбастан сұрап келеді.
«Аджип» қаншалықты негіз бар екенін білмеймін, Қашағанды игеру процесін тым ұзаққа созып жіберді. Бәлкім, онда шыныменен де геологияға қатысты мәселелер бар шығар. Алғашқы барлау жұмыстары сапалы жүргізілмегендіктен бе, әлде басқа себептерден бе, енді жобаны жүзеге асыруға келгенде көп проблемалар туындап жатыр. Жоба құнының қымбаттауы қосымша қаражатты талап етіп, жобаның жүзеге асуын кейінге ысырып келеді, - дейді Саяси шешімдер институтының сарапшысы Галина Нахманович Азаттық тілшісіне.
Дегенмен оның пікірінше, Қазақстан шетел инвесторларына қатты қысым жасамауы керек, себебі Қазақстан үшін инвестиция өте маңызды.
- Егер шетелдік инвесторларға негізсіз қысым жасалса, онда Қазақстанның инвестициялық климаты нашарлап кетуі мүмкін. «Аджип» компаниясы Қазақстанның нормативтік ережелеріне сай жұмыс істеп келеді және Қашаған да осы жүйеге бағынады. Сондықтан егер шыныменен де заңбұзушылықтар болса, онда компания заң алдында жауап беруі тиіс, - дейді Саяси шешімдер институтының сарапшысы Галина Нахманович.
Ал экономист Қанат Берентаев керісінше, Қазақстан қазіргі таңда шетел инвесторларынан он есе ұтылып отырғанына сенімді. Сондықтан оның пікірінше, Қазақстан барған сайын шикізат өңдейтін компаниялардағы өз үлесінің ұлғаюына күш салуы тиіс. Мұны дәл осындай мүмкіндікті пайдаланып жасаса да болады деді ол.
- Компанияның алаяқтығы шын мәнінде дәлелденсе, олармен келісім-шартты бұзу керек. Бұл – компаниялармен қарым-қатынасты үзуге негіз береді, - деді Қанат Берентаев.
NCOC компаниясы - Қашаған жобасының 2009 жылдан бері операторы. Бұл компанияның акционерлері: Agip Caspian Sea B.V. (16,81%), KMG Kashagan B.V. (16,81%), Conocophillips North Caspian Ltd. (8,4%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,81%), Inpex North Caspian Sea Ltd. (7,56%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,81%) и Total E&P Kazakhstan (16,81%).
Қашаған мұнай кенішінің геологиялық қоры 4,8 миллиард тонна деп есептелген. Кеніш игерілген жағдайда одан жылына 25 миллион тонна мұнай өндіріледі деген болжам бар.