Қазақстан түрмелері ислам радикализмінің жақтастарын шыңдай бастады

Терроризм айыбы бойынша ұсталғандар. Фотосурет ҰҚК -ның сайтынан алынды

«Халықаралық дағдарыс тобы» Қазақстанның түрмелерінде отырған исламшылардың тұтқындарға ықпалын зерттеді. Билік белшесінен батқан сыбайлас жемқорлықты пайдалана отырып, радикалды исламшылар түрмелерде өздерінің жақтастарын көбейтуде.
ИСЛАМ ТӨҢКЕРІСІНІҢ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ

«Халықаралық дағдарыс тобы» тәуелсіз ұйымының желтоқсандағы сараптамасында Орталық Азия елдеріндегі пенитенциярлық жүйені жалпылама зерттеуді айтпағанда, ислам мәселесі өзінше бөлек қарастырылған.

«Халықаралық дағдарыс тобының» сарапшылары таза қылмыстық құрылымдардан бөлек Қазақстанның түрмелері мен лагерлерінде отырғандарға ислам фундаменталистерінің де ықпал ететініне назар аударды.

Бас бостандығынан айыру орындарында тұтқындардың өміріне ықпал ететін өзара байланысты үш күш бар. Олар:түрме әкімшілігі, ұрылардың ортақ ұясы (общак) және ислам радикалдары.

Оның үстіне, «Халықаралық дағдарыс тобы» сарапшыларының зерттеулеріне қарағанда, соңғы кездері осы үштіктің ішінде «Хизб ут-Тахрир» немесе «Таблиғи жамағат» сияқты радикалды ислам топтарының ықпалының артып келе жатқандығы байқалады. Уаххабшылар мен Өзбекстан Ислам қозғалысының өкілдерін де осы топқа жатқызады.

«Халықаралық дағдарыс тобының» талдауында, қолға түскен жанама деректерге қарағанда, Қазақстанның бас бостандығынан айыру орындарында ислам топтарына жататын 200-250 адамның отырғаны хабарланады. Бірақ «Халықаралық дағдарыс тобы» осы жерде, Қазақстанның түрмелері мен лагерлерінде жазаларын өтеп жатқан исламшылардың саны шындығында анағұрлым жоғары деген де пікір білдіреді.

Осыдан жүз жыл бұрын большевиктер мен социалистер патшалық Ресейдің түрмелерін төңкеріс университеттері деп санады. «Халықаралық дағдарыс тобының» сарапшылары Орталық Азия елдерінің түрмелерінің ислам төңкерісінің университеттеріне айналуына көптеген негіз бар деп есептейді.

Көптеген исламшылар түрмелерді саяси күрестің маңызды театры ретінде қарастырады. Кей жағдайларда исламшылар тұтқындарға көмек көрсететін орталықтары мен ошақтарын құрып ұрылардың ортақ ұясымен (общактармен) де бәсекелесіп отырады.

Ықпал ету үшін болатын осындай бәсекелестік күресте исламшылардың қылмыстық беделділерді жеңіп жататын оқиғалар да бар. Колонияларда ұзақ жылдар жұмыс істеген полиция ардагерлерінің бірі түрмелер мен колонияларда исламшылардың қылмыстық құрылымдардан басым түсер күні де алыс емес деп есептейді.

КАРЦЕР – ТӘРБИЕЛЕУ ТӘСІЛІ

Қазақстанның түрме билігі исламшылардың өзге тұтқындарға ықпалын азайтудың түрлі тәсілдерін байқап көруде. Исламшылар тобына жансыздарды енгізу сияқты дәстүрлі тәсілдер де қолданылады. Алайда, колониялар мен түрме қызметкерлерінің өздері мойындағандай, мұндай тәсілдерден нәтиже шықпайды.

Исламшылар түрмелерде өте құпия әрекет жасайды. Олар әдетте түнде жиналады. Олардың арасына жансыздарды жіберу мүмкін емес. Олар әр адамды мұқият тексереді. Олар кім болса соны араларына жібермейді.

Түрме әкімшілігі фундаменталистердің кез-келген белсенді әрекеті үшін жазасын өтеу орындарында қосымша сот өткізіп, исламшылардың жаза мерзімін көбейтіп жіберуге дейінгі жазалаудың түрін қолдануға тырысады. Оларды ішкі режимді сәл ғана бұзғаны үшін карцерге қамайды. Оларға кездесуге рұқсат бермей, сырттан жіберген заттарына шейін тәркілейді.

«Халықаралық дағдарыс тобының» сарапшылары түрме әкімшілігі ислам фундаменталистеріне қарсы әрекет жасау үшін қылмыстық құрылымдармен де жиі тізе қосатындығын айтады.

Өйткені, ұрылардың ортақ ұясы секілді, (общак) исламшылар да өзге тұтқындарға, әсіресе жаңадан келгендерге ықпал етуге мүдделі. Ұрылардың ортақ ұясы (общак) түрмедегі тұтқындарға қатысты билігін ешкіммен бөліскісі келмейді. Өз кезегінде, түрме басшылығы исламшылардың ықпалын барынша азайтуды бақылайды.

ОРТАҚ ТІЛ

Дәстүрлі текетірестің қызғанына қарамастан соңғы уақыттары осы екі ықпалды топтың арасындағы тенденция түбегейлі өзгере бастады. Мұны түрмелер мен лагерлер басшыларының өздері де мойындайды. Алғашқыда екі топтың арасында бітіспес күрес жүріп жатқандай көрінген. Қылмыстық құрылымдар исламшыларға өз позицияларын бермеген. Бұл текетірес әкімшілікті де қанағаттандырды.

Бірақ, ұрылардың ортақ ұясы (общак) мен исламшылар арасындағы текетірес бірте-бірте бәсеңсіп бара жатыр. Олардың ортақ тіл тапқандарына дәлел болатындай оқиғалар көбейіп, түрме әкімшілігі оның қалай болып жатқанын анықтай алмай отыр. Кейбір түрме басшылары исламшылар кей жағдайда ұрылардың ортақ ұясын (общакты) да өз мүддесі үшін сатып алады деп есептейді.

Қазақ түрмесінің бұрынғы бастығы болашақта исламшылар мен қылмыскерлер бірігіп, «Хизб ут-Тахрир» қылмыстық құрылымдарды жеңеді дейді. «Исламшылар білімдірек, олар жақсы психологтар, олардың моральдық сипаттары да жоғарырақ»,-дейді ол.

Өзге де түрме шенеуніктері исламшыл тұтқындардың ұстамдылығын, сабырлы, тәртіпке берік екендерін мойындайды.

«Исламшылар түрмеге түскенде олар одан жапа шекпейді. Олар ұлттық батырға айналады. «Хизб ут-Тахрир» қозғалысының нағыз жақтастары үшін түрме бейне бір марапат болып саналады»,-дейді түрме шенеуніктері.

ТҰТҚЫНДАР МІНӘЖАТЫ

Исламшылар түрмелерде етек алған сыбайлас жемқорлықты өз мүдделеріне пайдалануды үйреніп алған. «Хизб ут-Тахрир» өз адамдарын бір түрмеден екіншісіне ауыстыру үшін түрме басшылығын оңай сатып алады. Исламшылардың қажеттілігі оларды осындай жолдармен әрекет етуге итермелеуде.

Түрме нұсқаулығына сәйкес, тұтқындарға жіберілетін заттар мұқият тексерілуі керек. Бірақ, аздаған пара беріп, түрмеге тиым салынған заттар мен кітаптарды алып өтуге болады.

Исламшылар істеген іс-әрекеттерімен-ақ өздеріне бедел жинауда. Олар нашақорларға қамқорлық жасап, түсіндіре немесе мәжбүрлей отырып, есірткіні тастауына көмектеседі. Астыртын жолмен нашақорларды үгіттеу жүргізіледі және соның нәтижесінде олар исламшылардың жағына шығып кетуі мүмкін.

Кейбір түрмелер мен колонияларда исламшылар тұтқындарға әсер етіп, оларды ұрылардың ортақ ұясынан (общактың) да, түрме әкімшілігінің де ықпалынан шығарып алатын кездері бар.

Исламшылардың келуімен түрмелерде намазын уақтылы оқитын тұтқындардың саны көбейді. Исламшылардың тұтас колонияларды екі айдың ішінде намаз оқитын жағдайға жеткізген оқиғалар да болды.

«Халықаралық дағдарыс тобының» сарапшылары өзі мәлімдегендей «түрмедегілердің барлығы экстремистерге айналмай тұрғанда» барлық исламшылардан құтылған түрме басшыларының бірінің сөзін келтіреді.

Діни мейрамдар да түрмелер мен колониялардағы исламшылардың позициясын күшейтеді. Бұл күндері фундаменталистер сырттан ақшалай, заттай көмек алады. Бұның барлығынан өзге де тұтқындар сыбаға алып, ынтымақтастық пен қолдау ахуалын туғызады.

Түрме басшылары жазасын өтеу орындарындағы исламшылардың табысқа жетуінің бір себебін радикалдардың тұтқындарға олар бостандыққа шыққан соң да көмектесіп тұратындығынан көреді.

Түрме бұл жерден босап шыққандарға үйіне жетіп алуға ақша бермейді. Жұмысқа тұру да оңай емес. Исламшылар босап шыққандарға мешіттің мекен-жайын беріп, онда олар қолдау мен қорғауға ие болады. Оны шын ықыласпен қарсы алып, оған қамқорлық жасайды.

Бұл жағдай Қазақстанда қолға алынып отырған тұтқындарды бейімдеудің мемлекеттік бағдарламасымен салыстырғанда ұтымдырақ шығады.

ИДЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТҮРМЕ

«Халықаралық дағдарыс тобы» сарапшыларының пікірінше, билік үшін күрес пен жазасын өтеу орындарындағы ықпалдылық бүкіл Орталық Азиядағы бұдан ауқымдырақ күрестің кішірейтілген түрі.

Түрме –бұл «Хизб ут-Тахрир» қозғалысы мен өзге де исламшыл топтар үшін Халифатты қалпына келтіруге ұмтылысындағы алғашқы қадам.

Түрме тәжірибесі өнімді болды. Исламшылар жемқорлықпен былғанған, қызметкерлердің біліксіздігінен, үкімет тарапынан лайықты қолдау болмағандықтан пайда болған түрме өмірінің барлық әлсіз тұстарын шебер пайдаланады.

Республиканың жазасын өтеу шаруашылығының басшылығы жүйені бақылауынан шығарып алуда. Қылмыстық әлем мен исламшылардың ресурстары өсе түсуде. Түрме әкімшілігі биліктің соңғы тетіктерін уысынан шығаруда. Тіпті күш қолданудан да нәтиже болмай бара жатыр.

Түрмелердегі исламшылар санының артуы - білек күшіне сүйенген тәжірибелі тұтқындар неғұрлым ислам идеологиясының ықпалына түссе, болашақта олар өз нанымдарын қорғау үшін бұрынғы тәжірибелерін түрмеде де, одан шыққаннан соң да солғұрлым қолдана алады дегенді білдіреді.