Мамандар әлемдік қаржы дағдарысының екінші толқыны болуы мүмкін деген болжамдар жасай бастады. Ол Қазақстанға қаншалықты әсер етуі мүмкін?
Өткен аптаның соңына таман әлемдік ақпарат құралдарының бірқатарының назары Америкадағы банкротка ұшыраған Lehman Brothers инвестициялық банкінде болды. Дегенмен, 150 жылдық тарихы және дүниежүзі бойынша 50 миллионнан астам клиенті бар аталмыш банктің банкротқа ұшырауы қазақстандық экономика мен банк жүйесіне қаншалықты әсер етуі мүмкін?
Ұлттық банкттің төрағасы Әнуар Сәйденовтің сейсенбі күні жасаған мәлімдемесіне қарағанда Америкадағы болған жағдайға байланысты Қазақстанның Ұлттық қоры көп қаржы жоғалтпайды екен. Lehman Brothers банкінде белгілі бір мөлшерде акциялар пакеті болды, бірақ ол жақта шығын байқалған күннің өзінде, ол өте аз болады», - деді Әнуар Сәйденов. Ұлттық банктің төрағасы осы мәселеге байланысты Қазақстан тарапының қанша қаржы жоғалтуы мүмкін екендігі туралы ауыз ашқан жоқ. Сонымен қатар, ол банкке салынған құнды қағаздардың портфельдік екенін және оны шетелдік басқарушылардың өндіріп отырғанын жеткізді.
Осыған байланысты ВСС INVEST акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Айбатыр Жұмағұловқа хабарласқанымызда, ол былай деді:
- Америкадағы Lehman Brothers инвестициялық банкінің банкротқа ұшырауы Қазақстанның экономикасына оң әсерін бермейтіні рас. Қазақстан алғашқы қаржы дағдарысының салқынын 2007 жылдың тамыз бен қараша айларының аралығында сезінді. Ол уақытта әлемдік қаржы дағдарысы басталғанымен, шетелдік инвестициялық компаниялардың көбісі қазақстандық банктерге жоғары пайызбен болса да, несие берді. Мұны біздің елдің екінші деңгейлі банктері сәтті пайдаланды. Бұлай айтып жатқан себебім, егер де былтырғы дағдарыс биыл болғанда, бұл Қазақстанның экономикасына өте ауыр тиер еді.
Ал Америкадағы жағдайдан соң, шетелдік көптеген компаниялардың акцияларының құны түсті. Сондықтан да, кейбір компаниялар инвестициялық шешім бойынша, шығындарын реттеу үшін өздерінің құнды қазғаздарын нарыққа шығарады. Бұған мысал ретінде Ресей нарығының құлдырауын айтуға болады. Өйткені, ол жақта да шетелдік инвесторлар өздерінің акцияларын жаппай сатып жатыр. Ал Қазақстанда құнды қағаздар нарығы жоғары деңгейде дамымағандықтан, шетелдік компаниялармен анау айтқандай тығыз қарым-қатыныс болған жоқ. Сол себепті, Америкадағы банктің банкротқа ұшырауы ел экономикасына ауыр соққы болады деп ойламаймын. Бұның бір ғана әсері болуы мүмкін – қазақстандық банктердің шетелден қарыз алуы қиындайды. Бұдан былай қазақстандық банктер шетелден несие алатын болса, оның жылдық пайызы бұрынғыдан гөрі шамамен 1-2 пайызға жоғары болады – деді ол.
Қазақстандық банкирлер Lehman Brothers инвестициялық банкінің банкротқа ұшырауы мемлекеттің экономикасына ауыр соққы болмайтындығын айтып отырса да, сейсенбі күні Азия құрлығындағы кейбір елдердің құнды қағаздар нарығында біршама өзгерістердің болғаны байқалды. Мәселен, аталған нарық Жапонияда 4,8 пайызға, ал Оңтүстік Кореяда 6,2 пайызға төмендеген.
Сонымен қатар, осы аптаның басында белгілі болғандай, Bank of Ameriсa қаржы дағдарысының тағы бір құрбаны болған Merrill Lynch инвестициялық банкін 50 миллиард долларға сатып алған. Бұл соңғы жарты жылдың ішінде былтыр басталған әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан Америкадағы бес ірі банктің үшеуінің күйреуге ұшырағанын көрсетеді. Мамандардың болжамына сүйенсек, әлемдегі ең ірі AIG сақтандыру компаниясының да банкротқа ұшырауы мүмкін. Кейбір шетелдік ақпарат құралдарының таратқан мәліметіне қарағанда аталмыш компания қазірдің өзінде АҚШ-тың Федеральдық қор жүйесінен 40 миллиард доллар шұғыл несие сұрап отырған көрінеді.
Ал «Еуразиялық Банк» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич 16 қыркүйек күні «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында, қаржы дағдарысы бұрынғыдан да кұшейіп, дағдарыстың екінші, үшінші толқыны келуі мүмкін деп айтқан болатын. Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстандағы көптеген банктер өзінің акционерлерінің жобаларын ғана қаржыландырып келді. «Жалпы, айтқанда бұл қылмыс. Дамыған мемлекеттерде мұндай әрекет жасағандар заң алдында жауапқа тартылады. Ал енді солар салымшылардың жағдайын ойлағансып, мемлекеттен ақша сұрап отыр»- деді Александр Машкевич.