"Тасжарған" газетімен депутат та, саясаткер де соттасып жатыр

  • Нәйла СҰЛТАН
«Тасжарған» газетіне қарсы қозғалған тізбекті сот істері бітер емес. Енді Газеттің меншік иесі мен бас редакторы әкімшілік жазаға тартылып отыр.

Газеттің меншік иесі мен бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай Малыбайдағы оқиғаны баяндайтын екі мақаланы басқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Сондай-ақ, депутат Ромин Мадинов газет биылғы 24 сәуірде өзінің ар-намысына тиген «Бедный латифундист» деген мақаланы басты деп, моральдық өтем ретінде газет редакциясынан 300 миллион теңге өндіріп алуды талап еткен. «Тасжарғанды» сотқа берушілердің бірі, саясаткер Хасен Қожахмет өз мүддесіне нұқсан келтірген газетті жауапқа тарту керек дейді:

- Сыртымыздан жала жауып, күйе жағып отырса үндемей отыра бермекпіз бе? Мен олардан бір тиын сұрап отырғаным жоқ. Одан бері де газетке неше түрлі нәрселерді жазып жатыр. Газеттегілердің о бастағы мақсаты «сотқа берсін» деп жазған ғой. Саяси жұмыстарының түрі сол. Үнемі ұлттық ұйымдарға, «ұлтым» деген адамдарға тиісіп жатады. Соған қарағанда, бұларға басқа жақтан тапсырма берілген. Оны ел айтып жүр.

Ал, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің айтуынша, биліктің әдеттегідей жасап келе жатқан әдісінің бірі өздеріне жақпайтын БАҚ-ты соттық, заңдық тұрғыдан қыспаққа алуы заңды:

- Кез келген мәселеде түймедейді түйедей етіп көрсетіп, себеп-сылтау тауып, сотқа беруге құмар адамдар бар. Ромин Мадиновтың өз азаматтық құқығын қорғауы заңды шығар. Екіншіден, негізгі сот Гүлжанат Шонабайға қатысты болып жатыр. Үшіншіден, Хасен Қожахметтің сотқа арыз бергендігін жақсы білемін. «Тасжарған» газетінде жарияланған Х. Қожахмет туралы мақала шындыққа жанаспайды. Хасен өзі барып, «шындыққа жанаспайтын мәліметті дұрыстаңдар» дегенде, Бапидің өзі сотқа беруге рұқсат берген. Сол рұқсатпен Хасекең сотқа беріп отыр. Осыдан кейін осы газеттің өзінде де белгілі бір демократиялық принцип ұсталына ма деген сұрақ туады?

Қарашаның 21-і күні Алматының Медеу аудандық сотында журналист Гүлжанат Шонабайға қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды. Оған ұлтаралық дүрдараздықты өршітіп, қазақ халқының ар-намысына тиді деген айып тағылып отыр. Қылмыстық істің қозғалуына журналистің биылғы жылы «Тасжарған» газетінде жарияланған қос мақаласы түрткі болған. Газеттің 9 шілдедегі санында «Бір қазақты екі ұйғыр неге өлтірді?» және 16 шілдедегі «Малыбайдағы маңқа қазақ бейшаралығына күйінеді» деген екі мақалада Гүлжанат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Малыбай ауылында болған кісі өлтіру оқиғасы жайында жазған еді.

Бұл мәселе жөнінде газеттің меншік иесі мен бас редакторы Бақытгүл Мәкімбайға хабарласқанымызбен тілдесу мүмкін болмады. Бұдан соң біз «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапиды әңгімеге тартқан едік:

- Біріншіден, бұл елдегі мемлекеттік саясаттың қорытындысы деп есептеуге болады. Себебі, мемлекет елдегі тәуелсіз, әсіресе, ел ішіндегі жағдайға қатысты нақты мәселелерді жария етіп жатқан басылымдарға байланысты қатты саясат ұстанып отыр. Оның ішінде, оқырмандар мен ел арасында оппозициялық басылым саналатын осы – «Тасжарған». Сондықтан, бұл арада редакция, газет әлдебір заңды немесе заң талаптарын бұзып қойды деп айтуға келмейді. Редакция сол деңгейінде, қол қарқынымен артық та кетпей, кем де қалмай жұмыс істеп жатыр. Тек ел ішіндегі, әсіресе, Рахат Әлиевке қатысты, Америкадағы «Қазақгейт» сотына байланысты, ел ішіндегі жемқорлық, жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы парақорлық әрекеттер осының барлығы газетке деген қысымды күшейтуде.


Оның айтуынша, биліктің әлімжеттік жасап, қысым көрсетуіне байланысты бастапқыда «Дат» деген атпен жарық көрген газет аты «Тасжарғанға» дейін де талай рет өзгерген. Оқырман ортасында жүргеніне 10 жыл толған газеттің бүгінгі таралымы 50 100 дана екен.