Қазақстан Назарбаев айтқандай бейбіт өмірдің қызығына кенеліп отыр ма?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға баға бере келе, «тұрақтылық болмаса – ештеңенің де мәнісі болмайтынын» шегелеп айтты. Оның мәлімдеуінше: «Соңғы жылдар бойы Қазақстан халқы бейбіт өмірдің қызығын көріп келеді». Алайда, мұндай пікірмен жұрттың бәрі бірдей келісе бермейді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ КӨРШІ ҚОС ЕЛДІ САЛЫСТЫРУЫ

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, сәуірдің 8-і күні «Еуроньюс» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың Қырғызстандағы оқиғаларға қатысты көзқарасын анық білдірді. Әдетінше қазақ президенті өзінің «алдымен экономика, саясат соңынан» деген ұстанымын тағы бір еске салып, көрші елдің билігін «саясатпен… айналыспай, баррикадамен емес... алдымен халықты асыраумен, оны жұмыспен қамтумен шұғылдануға» шақырды.

«Осындай дамудың салдарынан, – деп есептейді президент Нұрсұлтан Назарбаев, – бүгін Қырғызстан халқының жартысынан астамы жоқшылықта күн кешіп жатыр». «Жұмыссыздық өте көп. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемін салыстырыңыз: Қырғызстанда ол – сегіз жүз доллар болса, Қазақстанда – сегіз мың доллар», – деп мәлімдеді Ақорданың қожайыны.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарыда аталған сұхбат кезінде айтқан сөзіне қарағанда, «өткен жылдар бойына Қазақстан бейбіт өмірдің қызығын көріп келеді. Жұрт бірқалыпты еңбек етіп жүр, балаларын тәрбилеп отыр… ел іші тыныш». Нұрсұлтан Назарбаев «тыныштық болмаса – тіршілік те болмайды» деп кәміл сенеді.

Қазақстанның «Отаншылдар партиясының» («Партия патриотов») жетекшісі, әрі парламент сенатының депутаты Ғани Қасымов президент Назарбаевтың сөзімен «түгел екі жүз пайызға келіседі».

Президенттің сөздерін толықтырайын деген оймен сенатор Қасымовтың өз жанынан қосқаны: «Қазақстанның осы күнгі жалпы ішкі өнімнің көлемі Орта Азияның Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан сынды өзге төрт мемлекетінің жалпы ішкі өнім жинағының көлемінен екі есе артық». Бірақ, сенатор өзі атаған Орта Азия елдерінің ешқайсысы туралы статистикалық мәлімет келтіріп әуре болмады.

Алайда, Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт елді билеп отырған президенттің бұл пікірімен келісе қоймайтындар да бар болып шықты. Мысал үшін, тәуелсіз журналист әрі баспасөзді қорғайтын «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукинаның пікірі бойынша, «президент Назарбаев қашан болсын керек жерде қызыл сөзді қолдана біледі. Ал «бейбіт өмірге, тыныштық пен тұрақтылыққа шомылып отырмыз» деген сынды сөз тіркестері – Қазақстанда орынды-орынсыз жиі айтылатын сиқырлы немесе дуа сөз іспеттес».

ӘБДІРАХМАНОВТЫҢ АЙҒАҚТАРЫ

Елді сонау коммунистік дәуірден билеп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше ғана жақын үзеңгілесі болған, қазір «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов Қазақстан президентінің атына жолдаған хатында Назарбаевтың сөздеріне тіпті қарама-қайшы келетін айғақтар мен деректерді тізіп келтіреді.

Егер Нұрсұлтан Назарбаев өзінің соңғы сұхбатында «Қырғызстан халқының жартысынан астамының жоқшылықтың зардабын көріп отырғанына аянышын» білдірсе, Серік Әбдірахмановтың Қазақстан президентінің өзіне жолдаған хатын «жапандағы жанайқай» деп бағалауға болады. Осы жерде Серік Әбдірахмановтың хатынан алынған үзінділерге көз жүгіртіп көрейік:

«Бүгін Қазақстан халқының басым бөлігі кедейліктен де мүшкіл халде күн көріп жатыр (Әбдірахмановтың хатында осы және
Бес жылдан астам уақыт Алматыдағы дүңгіршектердің бірінде тұрып жатқан зейнеткер Ұлдана Әжібекова.
басқа да жерлерін автордың өзі қоюлатып жазған – Азаттық). Биылғы Жолдауыңызда сіз табысы күнкөріс деңгейінен де төмен халықтың үлесі төрт есе қысқарғанын (50 пайыздан 12 пайызға дейін) айттыңыз. Бұл көрсеткіштердің астарында не жатыр?

2001 жылы үкімет өзінің қаулысымен жан басына қажетті азық-түліктің ғылыми тұрғыда негізделген медициналық нормасын екі есе қысқартты. Бір адамның бір жылда тұтынатын етінің нормасы 82 келіден 41 келіге дейін, қант 36 келіден 15-ке дейін, жұмыртқа – үш есеге қысқартылды және тағысын-тағылар.

Бір күндік килокалорий 2140-қа дейін төмендетілді. Салыстыру үшін айтсақ: 1945 жылы ССРО-да әскери неміс тұтқындарының азық-түлік үлесі 2542 килокалорийге тең болатын. Біздің 13 мың теңгелік азық-түлік кәрзеңкеміздің шынайы құны Еуропа елдерінің бірі саналатын Болгариядан 2,6 есе төмен, біз өзгелерінен 10 және одан да көп есеге кейін қалып келеміз.
Қарттар «шықпа жаным, шықпа» халін кешіп отыр...»

Сенатор Қасымовтың мәліметіне сай, жалпы ішкі өнім көлемдері Қазақстанның ішкі өнім көлемімен тіпті салыстыруға тұрмайтын Өзбекстан және Тәжікстан сынды бірқатар көрші елдерде «зейнеткерлер… өздерінің 50-60 долларға тең зейнетақысына Қазақстаннан артық күн көреді. Өйткені ол елдер негізгі тауарларын өздері шығарады, ал қызмет көрсету 1,5-3,5 есе арзан», – деп мәлімдейді Серік Әбдірахманов.

Егер Қазақстан президенті «жарлы-жақыбайы көп көрші елдегі жұмыссыздықтың тым көптігіне алаңдап отырса», Қырғызстандағы халық толқуының басталуынан тура алты күн бұрын – өзінің наурыздың 31-і күні жариялаған хатында Назарбаевтың күні кешегі саяси серігі былай деп жазды:

«Бізде жұмыссыздық жаппай көрініске айналып барады. Өзіңіздің Жолдауыңызда сіз жұмыссыздық деңгейінің 13, 5 пайыздан 6,4 пайызға дейін азайғанын атап айттыңыз. Үкімет жұмыссыздықты қалай «жеңді» екен? 2005 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі тұрақты жұмысы жоқ 2,7 миллион халықты «өзін-өзі асырайды» дегендердің қатарына қоса салды, ал қағазға 400 мың жаңа жұмыс орнының «суретін» шимайлап қойды.

Сарапшылардың бағалауынша, бүгін жұмыссыздардың үлес-салмағы 25 пайызға жетеді. «Жол картасы», «өзін өзі асыраушылар» – қағазға ғана салмақ түсіреді. Алда оларды – 5 мың теңгелік базалық зейнетақы сынды қайғы тосып тұр».

АҚОРДА ЖАУАП ҚАТПАЙДЫ

Қайсысы әділін айтады? «Жұрт бірқалыпты еңбек етіп жүр, алаңсыз бала тәрбиелеп отыр» деген президент Нұрсұлтан Назарбаев па, әлде президентті, басқасын айтпағанда, билікті халықтың өзіне қайтару арқылы «қоғамдағы бой көтеріп келе жатқан теке-тіреске жол бермеуге» үндеген саясаткер Серік Әбдірахманов па?

Мұндай өзекті сауалға мемлекет басшыларының кем дегенде екі рет түпкілікті жауап айтуға мүмкіндіктері болды. Бірінші мәрте жауап
Мұнай компаниясындағы санаулы бос орындарға жарияланған байқауға қатысуға келген жұмыссыздар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 7 желтоқсан 2009 жыл.
ақпанның 3-і күні премьер-министр Кәрім Мәсімов қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің алқа мәжілісінде айтылуы тиіс еді. Сол мәжілісте сырттан келіп жалғыз сөз сөйлеген Серік Әбдірахманов әлгі айғақтары мен деректерін министр мен үкімет төрағасының алдына көлденең тартқан.

Алайда, Серік Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, не Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрі Гүлшара Әбдіхалықова, не премьер-министр Кәрім Мәсімов билікке жақын деген «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары тізіп келтірген айғақтар мен деректерге ләм-мим деп жауап қатпаған.

Содан наурыздың 31-і күні Серік Әбдірахманов министрлік қабырғасындағы сөзі мен айғақтарын хатқа түсіріп, Ақорданың өзіне тікелей жолдады. Мойындайтын бір жайт – хат қоғамда азды-көпті пікірталас туғызды. Бірақ, сәуірдің 13-інде Азаттық радиосына хат авторының өзі хабарлағандай, Ақордадан әлі хабар жоқ.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Ақорданың өзі бастаған ресми биліктің үнсіз отыруына қарағанда, хаттың авторы Серік Әбдірахманов көпшілік бұқараның қазіргі ауыр әлеуметтік-экономикалық ахуалының көрінісін айна-қатесіз бейнелеп шыққанға ұқсайды.

Бұл көріністің ерекше назар аудартатын бір ерекшелігі – суретті қағазға түсіріп отырған бітіспес оппозицияның көсемі емес, билікке жақын белгілі «Әділет» саяси партиясының екінші басшысы. Ал партияның көсемі Мақсұт Нәрікбаев – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Днепродзержинскідегі кәсіптік-техникалық училищеде бірге оқыған сыныптасы, әрі ұзақ жылдан бергі айнымас саяси жақтасы деп саналады.

Серік Әбдірахмановтың өзі әлденеше рет шегелеп айтқандай, хат жариялау арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық мүшкіл халін талдағанда, ол «Америка құрлығын қайта ашқан жоқ». Бұл жөнінде Әбдірахмановқа дейін де талай айтылды, одан кейін де айтылмай қалмайды.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов пен БТА Банкінің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченко Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстелде бірауыздан мәлімдегендей, Серік Әбдірахмановтың хатына кез-келген оппозициялық партия қол қояуға әзір еді.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫНЫҢ УӘЖІ

Сәуірдің 7-і күні халық толқуын бастаған қырғыз оппозициясы орнынан тайған президент Құрманбек Бәкиевтің билігіне қаратып, өзге айыптарына қоса, «сөз бостандығын тұншықтырды, оппозиция қайраткерлерін қудалап, қуғын-сүргінге салды» деген ауыр кінә таққан болатын.

Баспасөзді қорғайтын «Журналистер қауіп-қатерде» үкіметтік емес ұйымының президенті, әрі тәуелсіз журналист Таукина Розлана «Қазақстандағы бейбіт өмір мен тыныштық өте құбылмалы» деп есептейді.

«Өйткені, халықтың бір бөлігі, мысалы, қазіргі билікке қарсы оппозиция қатарында жүргендер биліктің күшті қысымын көріп, саяси
Полиция офицері «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының жетекшісі Розлана Таукина мен Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушанның іс-қимылынан көз алмастан бақылап тұр. Алматы, 6 қаңтар 2010 жыл.
қуғынға ұшырайды. Оппозиция қайраткерлері ғана емес, адам құқығын қорғаушылар мен журналистер де қудалауға ұшырап келеді.

Журналистерді көшеде немесе үйінің кіреберісінде таяққа жығып кетеді, оларға телефонмен түрлі-түрлі қоқан-лоқы, қорқыту-үркіту әрекеттерін қолданады. Олардың өмірлері – билік айтып отырғандай «тыныш, әрі бірқалыпты» емес», – дейді Розлана Таукина.

Журналист қазақ әйелінің бұл сөздерін адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйым да толығымен растайды. Атап айтқанда, сәуірдің 2-і күні жариялаған мәлімдемесінде «Хьюман райтс уотч» ұйымы мынадай талап қойды: «президент Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарын пайдаланып, Қазақстандағы адамның құқығын қорғау халінің күрт нашарлау мәселесін көтеріп, оны жақсартатын шұғыл шаралар қабылдауды талап етуге тиіс».

Еске сала кетейік, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда ресми сапарда болып, президент Барак Обамамен кездесті және ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша сәуірдің 12-13 күндері болып өткен формуға қатысты.

«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 2010 жылғы төрағасы есебіндегі Қазақстанның алдында адам құқығын қорғауды қамтамасыз етуге байланысты айрықша міндеттемесі бар. Төрағалық етуінің дәл қарсаңында Ақорда тиесілі реформаларды жүзеге асыруға уәде беріп, тіпті іс-қимыл жоспарын қабылдаған. Бірақ, төрағалық мерзімі басталмай жатып Астана бұл салада кері кетті. Жиын өткізу, баспасөз және интернет салаларын шектейтін заңдары күшінде қалды», – деп атап көрсетеді «Хьюман райтс уотч» ұйымы.

Аталған ұйымның мәліметі бойынша, бірқатар сайт пен блогқа бөгет қойылады, жетекші оппозициялық «Алға» партиясын үнемі тіркемей келеді, белгілі адам құқығын қорғаушы, әрі бас бостандығынан айрылған тұтқын Евгений Жовтистің ісін қайта қарау туралы барлық өтініш-шағымдар қанағаттандырылмады.

«Президент Обама АҚШ-тың Қазақстаннан бұл мәселеге қатысты нақты реформаларды жүзеге асыру керектігін бұлтақтатпай тура айтуы тиіс, – дейді «Хьюман райтс уотч» ұйымының Еуропа мен Орта Азия бойынша қызметкері Андреа Берг, – екі президенттің өзара кездесуі – Ақордаға қазіргі ахуалды жақсартуға шындап кірісетін мезгіл туғанын ескертетін сирек мүмкіндік».

ХАЛЫҚТЫҢ ТӨЗІМІ

Президент Назарбаевтың «Қазақстан бейбіт өмірге шомылып келеді» деген сөзіне келсек, оның атына жолдаған хатында Серік Әбдірахманов тіпті қарама-қайшы айғақтар мен деректер келтіреді: «Қазақстандағы ең бай дегендердің табысы (10 пайыз) ең кедей деген осыншама халықтың табысынан жүздеген есе артық». Хат авторы табыстың айырмашылығы 7-8 есеге жеткеннің өзінде де, әлеуметтік қақтығыстардың туу қаупі төнетінін ескертеді.

Әйтсе де Қазақстандағы әлеуметтік қақтығыстар немесе наразылық көңіл-күй Украина мен Грузияның немесе көрші Қырғызстанның
Оппозицияның наразылық митингісінен соң шерумен көшеге шықпақ болған бір топ адамның жолын полицейлер бөгеді. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.
үлгісімен неліктен осы күнге дейін «түрлі-түсті төңкеріске» не «мемлекеттік төңкеріске» айналмады? Оған бір емес, бірнеше маңызды себеп бар.

Олардың бірін өзінің президентке жолдаған хатында Серік Әбдірахманов «Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық халықтың жоқшылық пен қиындыққа деген қанына сіңген төзімділігі арқасында сақталып келеді» деп атап көрсетеді.

Тәуелсіз журналист Розлана Таукина, керісінше, Қырғызстанды екінші мемлекеттік төңкеріске жеткізген наразылық көңіл-күй, шындығын айтқанда, Қазақстанда да ушығып тұр деп есептейді.

«Алматының немесе Астананың алаңдарына жиналатын орасан зор наразы жұртшылық халықтың басым бөлігін құрай алмайды. Өйткені, Қазақстанның жері шексіз кең, халық бір-бірінен 3 мың шақырым қашықтыққа тарыдай шашылып орналасқан. Міне, содан бүкіл наразы халықты ұйымдастырып, бірге жерге жинаудың қиын екені түсінікті.

Республикадағы азын-аулақ халықтың кең байтақ кеңістікке шашырай орналасуы – қазақ билігінің бағы болуы әбден мүмкін», – дейді Розлана Таукина.

Серік Әбдірахманов та «қалың ел билік ойлағандай «бетегеден биік, жусаннан аласа» жуас емес-ау» дейді. Ол Қарағанды облысындағы кеншілердің әлі қызуы басылмаған ереуілін, мұнайшылардың Ақтөбе мен Атыраудағы толқуларын және Жаңаөзендегі бірнеше мың мұнайшының бірнеше күн бойы жалғасқан ереуілін мысалға келтірді.

«БИЛІКТІҢ ӘЛІ КЕЛМЕЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН»

Розлана Таукинаның мәліметіне сәйкес, Қытайдың ауылшаруашылық жобаларына бір миллион гектар суармалы жерді беру мүмкіндігі туралы жобаға қарсы Алматы қаласында өткен наразылық шарасына үш мыңнан астам адам жиналды.

Бірақ, сонымен бірге Розлана Таукинаның кәміл сенімі бойынша, мұнайшылардың Жаңаөзендегі ереуілі ірі елді-мекенге жақын маңайда өткенде, немесе егер билік ереуіл өтіп жатқан жерге баруға қасақана бөгет қоймағанда, ереуілді қолдаушылардың қатары бірнеше есе арта түсетін еді.

«Мәселе Жаңаөзендегі ереуілге шынымен де 10 мың мұнайшы шықты. Олар 14 күннен де астам уақыт беріспей тұрды. Бірақ ол жерге бару мүмкін болмады. Біздің журналистерімізді жолдан ұстап тоқтатты. Менің ойымша, біздің саясаткерлеріміздің де ол жерге баруына үлкен кедергі қойылды.

Егер мұндай наразылық шарасы қайсыбір халқы көп елді-мекенде, мысалға Қарағанды немесе одан да үлкен Алматыда өткен болса, онда оларды қолдаушылардың қарасы қалыңдай түсер еді», – деп мәлімдейді Розлана Таукина.

Елдегі ахуалға деген көзқарасын пысықтай келе «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина былай дейді:

«Біздің президентіміздің Қырғызстанды «алдымен халықты тойдыруға» шақырған үндеулері – сол елде болып жатқан құбылыстардың шынайы себебіне үңілер болсақ, жай ғана бос сөз. Яғни, біздің мемлекет басшысының көздеген басты мақсаты – Қазақстанды көрші елден бізге «жұғып кетуі» мүмкін наразы халықтың толқуынан қорғаштау».

Азаттық радиосымен сәуірдің 12-інде телефон арқылы әңгімелескен Серік Әбдірахманов елдің ішінде үкіметке деген сенімсіздіктің, наразылықтың өсе түсіп, ашу-ызаға айналып бара жатқанын тағы да қайталады.

«Мұндай көңіл-күйдің ертең насырға шабуы ықтимал. Ахуал шектен шығып, халық жапа-тармағай көшелерге шыға бастайды. Міне, осы кезде биліктің әлі болмай қалады. Билік бұқараның көңіл-күйімен санасудан қалды. Билік халық пен қоғамның пікірін ескеруді қойды. Билік барған сайын халықтың жауы болып барады. Оны мемлекет басшысы да, үкімет те ойлауы тиіс», – дейді саясаткер Серік Әбдірахманов.

Ал биліктің ұшар басындағылар болса құр қарап жатпағанға ұқсайды. Сәуірдің 13-інен бастап Қазақстанның құқық қорғау орындары қырғыз және тәжік гастарбайтерлерін өте шұғыл түрде жаппай елден аластата бастады. Ресми түрде айтылған себеп бойынша, Кеден Одағына мүше елдерде шетелдік азаматтарды тіркеу ережелерінің өзгергені осындай шешім қабылдауға түрткі болған. Сөйте тұра, Астана бұл ережелердің Қырғызстандағы толқуға еш қатысы жоқ екеніне және баса назар аударады.