Дағдарыстың салдарынан ақын Нұржан Наушабайұлының 150 жылдығы өтпей қалуы мүмкін

Ақын Нұржан Наушабайұлының зираты. Қостанай облысы, маусым 2009 жыл.

Елдегі әкімқаралар дағдарысты сылтау етіп ел ардақтысы болған ақын тойын өткізуге құлшылық танытып отырған жоқ. Есесіне облыста есімін ешкім білмейтін әлдебір “қайраткерлердің” мерейтойлары өтіп жатыр.
Әлі күнге шейін шығармаларымен толық таныса алмай жатқан ақиық ақындардың бірі - Нұржан Наушабайұлы. Жыр сүлейінің өлеңдері кезінде жарық көргенімен, ақын шығармашылығы толық зерттеле қойған жоқ..

Көзі тірісінде өлең жампозының үш кітабы жарық көрді. “Манзұмат қазақия” (1903 жыл), “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1908 жыл) және “Алаш” (1910 жыл) араб әріптерімен басылып, Қазан революциясына дейін жарияланған болса, тәуелсіздік алғаннан кейін “Алаш” деп аталатын кітабы Қостанай қаласында жарық көрді. (Нұржан Наушабайұлы. ”Алаш”, Қостанай: “Баспа үйі”, 1997 жыл). Оған жоғарыда аталған үш кітаптағы шығармалары кірді. Алайда, таралымы үш мың дана ғана болған кітап республика көлеміне өте аз тарады, Қостанайдың өзінен артылмай қалды.

Нұржан Наушабайұлының өлеңдері жинақталған «Алаш» кітабының мұқабасы. Қостанайдағы «Баспа үйінен» 1997 жылы жарық көрген.
Нұржанның аталас туыстарының бірі, Қостанай ауданына қарасты Нечаев елді мекенінде тұратын Есімжан Нұрахметұлы арқалы үстіміздегі жылы өткелі жатқан ақынның 150 жылдық мерейтойына байланысты Қостанай ауданының әкімі қол қойған хатты Азаттық радиосының тілшісіне әкеліп көрсетті. Онда ақын тойы 2009 жылы шілде айында аталып өтіледі деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ, Есімжан ақсақалдың айтуына қарағанда, әңгіменің аяғы ұзарып, оны өткізу мәселесі кері шегеріліп қалған.

Елдегі әкімқаралар дағдарысты сылтау етіп ел ардақтысы болған ақын тойын өткізуге құлшылық танытып отырған жоқ. Есесіне облыста есімін ешкім білмейтін әлдебір “қайраткерлердің” мерейтойлары өтіп жатыр.
.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қостанай қаласындағы советтік идеологияның ойлап тапқан жазушысы Николай Островский атындағы қалалық кітапхана атауын өзгертіп, оған Нұржан ақын есімін беру туралы бастама көтерілген болатын. Алайда, бұл ұсынысты қалалық мәслихат депутаттары қолдамаған.

Нұржан Наушабайұлы атындағы мектептің шәкірттері. Қостанай облысы, Затобол кенті, маусым, 2008 жыл.
Нұржан дегенде жалғанда ор киіктей заулаған, ат құлағында ойнаған, әуелетіп ән шырқап, термелетіп жыр төккен, кесек мінезді, нар тұлғалы, ел қамын ерте ойлаған, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт көз алдымызға келеді. Ия, кешегі төңкеріс қарсаңында онымен иық теңестіріп тұра алатын тұлғалар бүкіл қазақ даласында некен-саяқ болған шығар. Айтқан сөзі – мақал, қайтарған жауабы – мәтел, жазған жыры ғибрат – өнеге, шырқаған әні әсем сазға толы азаматтың бір басынан мін табудың өзі қиын еді.

Ақын жырлары негізінен толғау, терме, өсиет, тақпақ болса, оныелі де тақтақ деп атаған. Тақтақ сөйлесе сөзге бөгелмейтін, тау суындай сарқыраған, таңдайы тақылдаған, ылдидан шапса, төске озған, ертемен шапса кешке озған жүйрік жыршы.

Нұржанның өзі де:

Қостанай облысындағы Құттық ауылының маңында ақын Нұржан Наушабайұлына қойылған белгітас.
Сөздері топқа салынған,
Бұрынғы шешен тақтақтың,
Керегі көп заманға,
Ескі мақал, тақпақтың.
Лайығы кем деп ойлаймын,
Босқа қарап жатпақтың,
Әр жерден жинап, сөз қылдым,
Реттеп басын қоса алмай,
Сарыны осы деп соқпақтың,
Жастықпен жүріп әуре боп,
Әр білімнен хабарсыз,
Ісін істеп ақымақтың.
Бұл күнгіше бос жүрдік,
Өмірді зайық өткізіп,
Көзін ашпай бұлақтың”, – дейді.


Нұржан туралы Бейсенбай Кенжебаев “ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары шығармалары” кітабында мол мағлұмат беріп: ”Нұржанның бір өзгешелігі – ол өлеңдерінің көбін бұрынғы араб, парсы, шағатай ақындарының үлгі, стилінде жазады: діни сөздерді, араб, парсы, ескі кітаби сөздерді көп қолданады.

Бірсыпыра өлеңдерінде Нұржан заман жайын, қазақтың бұрынғы, өз заманындағы тұрмысын, ел билеген адамдардың іс-әрекеттерін, оқу, өнер, білім, дәулет, бақыт, мінез-құлық мәселелерін сөз етеді. Солар жөнінде бірталай орынды, маңызды, келісті өсиеттер, мақал-мәтел, нақыл сөздер айтады. Оның шығармалары ойлы, мағыналы болып келеді”, – деп баға береді.

Нұржан өлеңдері қазақ әдебиетінің тарихына, “Бес ғасыр жырлайды” антологиясына ішінара болса да енгізілді. Оның есімі энциклопедиялар мен әдеби анықтамалықтардан орын алды. Алайда, ақын шығармашылығы әлі де аз зерттелді, өзінің тиісті бағасын алып үлгерген жоқ.

Нұржан Наушабаев атындағы қоғамдық қордың төрағасы Марат Қасымовтың Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке жазған хаты «Қазақ» газетінде жарық көрген.

Онда Нұржан Наушабайұлының туғанына 150 жыл толуына орай ақынға арнап Астанада және туған жері Қостанай облысында ғылыми конференция, т.б. мәдени-бұқаралық шаралар өткізу қажеттігі, Нұржанның “Алаш” деп аталатын кітабы Қостанай қаласында үш мың таралыммен ғана жарық көргені, бірақ, республикаға таралмай қалғанын айтылып, мемлекеттік тапсырыспен алдағы жылы Нұржанның толық шығармалар жинағын батырып шығарса, оған жоғарыда айтылған ”Алаш” кітабын негіз етіп алса, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсыныстар жазылған.

Қазіргі уақытта ақын басы қарайтылып, құлпытас орнатылды. Онда: “Қазақтың біртуар ақыны Нұржан Наушабайұлы” деген бір-ақ ауыз сөз жазылған. Ақынның туған ауылында да ескерткіш белгі қойылды.