Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, сот үкімімен екі мәрте қылмыскер деп танылып сырттай жиыны 40 жыл мерзімге сотталған, қазірде шетелде бас сауғалап жүрген Рахат Әлиевке жақын Инертнет сайттарында былтырдан бері жасырын телефон әңгімелері арагідік жарияланып келеді. Олардың негізгі кейіпкерлері - Қазақстанның жоғары билік басындағы лауазымды тұлғалар.
Өткен айда алдымен сайтта жарияланып, онан соң Қазақстандағы оппозициялық басылымдар көшіріп басқан телефон әңгімелерінде елде жоғары билікте отырған адамдар жақын-туыстарының атына қаржыны заңдастыру мәселесін талқылаған.
Қарашаның 13-і күні жасаған мәлімдемесінде Бас прокуратура азаматтардың жеке басының құпиясына қатысты мәліметтерді жасырын тыңдау және тарату заңға қайшы екендігін айтып, бұл талапқа мойынсұнбаған баспасөз құралдарының қызметі сот арқылы тоқтатылуы мүмкін деп ескертті. Бірақ, журналистер ол ақпараттарда жекелеген адамның емес, қоғам үшін маңызды дерек-дәйектер барын алға тартады.
Тамара Калеева, сөз бостандығының жағдайын бақылайтын «Әділ сөз» қорының президенті:
- Бұл жерде Бас прокуратура саясатпен айналысып отыр. Өйткені баспасөз құралдарын заң бұзды деп айыптауға еш негіз жоқ. Себебі, олар әлгі деректерді өздері жасырын тыңдаған жоқ, басқалар үшін ашық ақпарат көзінен алып, көшіріп басты. Ал сол телефон әңгімелерінің мазмұнына келер болсақ, онда негізінен мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне, халықтың тірлігіне тікелей немесе жанама түрде әсер ететін ірі лауазымды тұлғалардың қандай да бір іс-әрекеттеріне қатысты баяндалған және ол қоғам мүддесіне қатысты. Сондықтан, мемлекетті басқарып отырған адамдардың немен айналысып отырғаны жайындағы ондай маңызды ақпаратты білуге қоғамның құқығы бар.
Ермұрат Бапи, тәуелсіз журналист:
- Заң тұрғысынан алғанда Бас прокуратураның талабын негізсіз деп атауға болмайды. Шынында да, сот үкімі бойынша қылмыскер деп танылып, ұзақ мерзімге сотталған Рахат Әлиевтің қылмыстық жолмен алған деректерді, тіпті игілікті жағдайдан пайдаланудың өзі
Гүлжан Ерғалиева, «Свобода слова» газетінің бас редакторы:
- Бізде заңның барлығы биліктің мүддесі үшін жазылатыны – ащы шындық. Егер олай болмаса, телефоннан жасырын тыңдалған, қазір енді ондағы кейіпкерлердің зәре-құтын қашырып отырған әлгіндей әңгімелерді біз ешқашан баспас едік. Дегенмен, сол әңгімелерден соң олардың шынайы бет-жүзі мүлдем басқаша көрінеді. Осының бәрін біз біліп қоймас үшін енді прокурорларды салып отыр.
Сергей Дуванов, «Инкар-инфо» Интернет-радиосының жоба жетекшісі:
- Менің ойымша, бұл жағдайда Бас прокуратураның өзі елдің заңнамасын бұзып отыр. Себебі, Рахат Әлиевтің немесе басқа біреудің телефоннан жасырын тыңдап жазып алған әңгімелерді бұқаралық ақпарат құралдары баспасын деген талап еш заңда айтылмаған. Адамның бөтен біреудің әңгімесін жасырын тыңдауы – ол мәселенің моральдық жағы. Тыңдаған адам ол үшін өз ожданының алдында жауап беруі керек. Ол сол адамның проблемасы. Бұл жерде прокуратура қазіргі биліктің саяси мақсатының жетегінде кетіп, заңға мүлдем кереғар әрекетке барып отыр.