Жұма күні А.Сәрсенбайұлы атындағы қордың журналистика және саяси публицистика саласындағы таңдаулы жұмыстарға тағайындаған бәйге жүлдесін тапсыру рәсімі өтті.
Қазақ тіліндегі номинация бойынша сыйлық Азаттық радиосы Қазақ қызметінің бас редакторы Амангелді Кеңшілікұлына табыс етілді. Орыс тіліндегі шығармалар бәйгесінен «Время» газетінің тілшісі Геннадий Бендицкий осы сыйлықтың иегері атанды. Жеңімпаздардың әрқайсысына құрмет дипломдары және 5000 евро жүлде табыс етілді.
Осымен екінші жыл қатарынан өткiзiліп отырған бұл конкурсқа биыл Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту, жаңа демократиялық құндылықтар мен дәстүрлерді орнықтыру проблемаларын баспа және интернет парақшаларда жарияланған 100-ден астам шығармалар ұсынылды.
12 қыркүйек – Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күнi. 2006 жылғы ақпан айында Алматыда қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан саяси қайраткер тірі болғанда бүгін 46 жасқа толар едi.