Бейсенбіде тәуелсіз қозғалыстар мен ұйымдардың өкілдері, 2001 жылы Павлодар қаласында болған қылмысқа байланысты күдікті ретінде жауапқа тартылып жатқан оппозиция басшыларына қолдау білдірді.
Президент Н.Назарбаевтың, Сенат төрағасы Қ. Тоқаевтың, Мәжіліс төрағасы А.Мусиннің және Бас прокурор Р.Түсіпбековтардың атына жасалған бұл мәлімдемеге саясаткерлерден бөлек, зиялы қауым өкілдері де қол қойған екен.
Алайда, «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркеповтың айтуынша, қоғамға танымал көптеген адамдар оппозиция өкілдерін қолдаудан бас тартқан. «Мен осы мәлімдемеге қол жинау үшін кейбір белгілі адамдарға телефон шалғанымда, олардың біразы әліптің артын бағайық деп айтты» -деді Есіркепов.
Жоғарыда аты аталған қоғамдық ұйымдардың жетекшілері осыдан жеті жыл бұрын болған қылмысқа қазақстандық оппозиция өкілдерінің қатысы бар екеніне сенбейтіндіктерін мәлім етті. Олардың пікірінше, бұл биліктің кезекті бір арандату әрекеті. «Сондықтан да, бұл мәселеге қоғамдық деңгейде бақылау жүргізу керек. Егер біз үнсіз отыра беретін болсақ, соңғы кездері тым конструктивті бағыт ұстана бастаған оппозицияны біржола тұншықтырып тастауы мүмкін», - деді олар.
Оппозицияға қолдау білдірушілердің мәлімдемесінде құқық қорғау органдары 2001 жылы болған қылмысқа байланысты істі құпия түрде жүргізгендіктен, Болат Әбілов те, Асылбек Қожахметов те, Төлен Тоқтасынов та және Владимир Козлов та полицияның Е. Байсақовтан күдіктеніп отырғанын білген жоқ деп жазылған.
Дегемен, қылмыстық жауапқа тартылып отырған оппозиция басшыларына қолдау білдіргендердің арасында Ғалымжан Жақияновтың есімі болған жоқ. Осы жәйтты журналистердің бірі баспасөз мәслихатына қатысып отырғандардан сұрады.
«Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина оппозицияға қолдау білдірушілердің арасында Ғалымжан Жақияновтың болмауын былайша түсіндіріп берді:
-Ғалым Жақиянов түрмеде отырып, денсаулығын нашарлатып алды. Қазір ол Қытайда емделіп жатыр, біз оған хабарласқанымызда, ол оппозицияның осылайша арандатушылыққа душар болғанына қынжылыс білдірді, -деді ол.
Осы тұста сөз алған «Поколоние» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина президент Назарбаевтың Ғалымжан Жақияновтан кешірім сұрау керектігін айтты:
- 2000 жылдардың басында Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысының әкімі болып жүргенде Рахат Әлиевтің былық-шылықтары туралы президентті құлағдар етті. Бірақ, сол уақытта Әлиев емес, керісінше, Жақиянов қудалауға ұшырады. Дегенмен, арада біраз жыл өткен соң, Әлиевтің қандай адам екені белгілі болды. Осы оқиғалардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Жақияновтан кешірім сұрау керек еді, бірақ, ол өйтпеді.
Десек те, оппозицияны қолдаушылар кезінде Ғалымжан Жақияновтың жақын жолдастарының бірі болып, кейінірек саяси қудалауларға байланысты Қазақстаннан қашуға мәжбүр болған Е.Байсақовтың да бұл қылмысқа қатысы бар екеніне күмән келтірді.
Розлана Таукина бұл туралы былай деді:
- 2001 жылы билік Ғалымжан Жақияновтың артынан шам алып түскен соң, оның жақын жолдастары да қудалауға ұшырады. Сол кезде ағайынды Байсақовтар да елден қашқан болатын. Оның алдында бизнестеріне қысым жасалды. Сөйтіп, олар Украинадан саяси баспана сұрауға мәжбүр болды. Шынымды айтайын, егер де 2005 жылы маған да өтініш түскенде, мен де сол хатқа қол қояр едім.
Сонымен, бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізгендер оппозицияға ғана қолдау білдірмей, президент пен оның бұрыңғы күйеу баласының төңірегінде өрбіп жатқан әңгімелерге де тоқталды. Дегенмен, олар сөзінің соңында құқық қорғау органдарының басшыларынан саяси қайраткерлерге қарсы қозғалып жатқан қылмыстық істі тоқтатуды талап етті. Сондай-ақ, «біз мемлекет басшыларын хабардар еткіміз келеді, Болат Әбілов, Владимир Козлов, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасыновқа қарсы күмәнді қылмыстық істі өз бақылауымызға алып, осының төңірегіндегі әр бір жаңалықты қоғамға жариялап отырамыз»-деді.
2005 жылы «Әділетті Қазақстан» қозғалысының құрамында болған оппозиция өкілдері саяси қудалауға ұшыраған бір топ Қазақстанның азаматтарына Украинаның Көші-қон қызметіне саяси баспана беру туралы өтініш хат жолдаған болатын. Саяси баспанаға зәру болғандардың ішінде 2001 жылы 18 маусымда «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костановты өлтіртуге тапсырыс берді деген күдікті Есентай Байсақов та болды. Қазір Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жоғарыда аты аталған оппозиция өкілдеріне қылмыстық кодекстің 363 бабы бойынша қылмысты бүркеді деген айып тағып отыр.