Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Амангелді Шабдарбаев соңғы кездері қоғамда қызу талқылана бастаған Рахат Әлиевтің Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қожайындарына байланысты айтқан сөздерін жоққа шығарды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаев «Свобода слова» газетіне берген түсініктемесінде: «...тұтқиылдан әрекет етіп үйренген, өзінің негізсіз ойларын беталбаты айта беретіндерді ренжітіп аламын ба деп қорқамын, себебі мен өзімнің қызметтік мансабымды еш уақытта дүниеқоңыздық үшін пайдаланбаймын. Ал, ең ірі мұнай өңдеу зауытын кім басқарады деген сауалға келетін болсақ, бұған қатысты тек бір ғана нәрсені айта аламын. Бұл салаға шетелдік инвесторлар басшылық етеді», - деді.
Қазақстан Президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев осы аптада Азаттық радиосына берген сұхбатында, кезінде өзімен бірге жұмыс істеген адамдарға қарсы Қазақстанда қудалау басталды деді. Әлиев бұған мысал ретінде Серік Бүркітбаевты және одан да басқа адамдарды атады.
Әлиев ҰҚК-нің төрағасы өзінің отбасылық бизнесіне кедергі келтірген Бүркітбаевтан біржола құтылу үшін, оны заңсыз үй тұтқын етіп ұстап отыр деп мәлімдеді. Әлиевтің айтуынша, Серік Бүркітбаев ұлттық компанияға басшылық еткен үш айдың ішінде өздерін коррупциямен күресуші ретінде танытып жүрген адамдардың айлакерлік тәсілмен бюджеттің ақшасына қол салып жүргенін анықтаған.
«Ол «Шымкентнефтеоргсинтездің» директорын қызметінен босатуға әрекет етті. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысына ұнаған жоқ. Себебі, ең ірі мұнай өңдеу зауытын оның туған баласының командасы басқарады», - дейді Р.Әлиев.
«Ол «Шымкентнефтеоргсинтездің» директорын қызметінен босатуға әрекет етті. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысына ұнаған жоқ. Себебі, ең ірі мұнай өңдеу зауытын оның туған баласының командасы басқарады», - дейді Р.Әлиев.
Қазақстандық саясаттанушы Нұрлан Айдын Амангелді Шабдарбаевтың газет арқылы өз-өзін ақтап алуға әрекет еткеніне қарағанда, Рахат Әлиевтің сөздерінде шындық бар екенін түсінуге болады дейді:
«Біріншіден, Рахат Әлиев соңғы кездері Президенттен бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің іс-әрекеттері туралы көп айта бастады. Соның ішінде, аталған комитеттің басшысы Амангелді Шабдарбаевқа қатты көңіл аударып отыр. Дегенмен, Рахат Әлиевтің барлық сөзін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, оның қарамағында қызмет істеген немесе кезінде онымен тығыз-қарым-қатынаста болған адамдарды біртіндеп тұтқындап жатқаны рас. Оларға тағылған айыптың жұмбақ болып отыруының өзі, Президенттің бұрынғы күйеу баласының айтып жатқаны рас па, деген ойға қалдырады. Әрине, Рахат Әлиев өзінің мүддесі үшін кейбір мәселелерге келгенде асыра сілтеп жіберуі мүмкін. Бастысы бұл емес.
Екіншіден, менің пікірімше, Амангелді Шабдарбаевтың ақталуына «Свобода слова» газеті үлкен мүмкіндік берді. Себебі, ол осы арқылы өзінің және отбасының Шымкенттегі мұнай зауытына ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Қалай болған күнде де, ұпай жағынан Рахат Әлиев Ұлттық қауіпсіздік комитетінен де, оның басшысынан да озық тұр. Өйткені, оның мойнына осы уақытқа дейін "кішкентай баланың етін жепті" деген қылмыстан басқасының барлығы ілінді, сөйтіп сырттай соттады. Яғни, Рахат Әлиевке бұдан басқа айып тағылар болса, ол алғашқыларынан ауыр болмайды. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұдан кейінгі Рахаттың өзі мен оның жақын адамдарына қарсы жасайтын істерінің барлығы аталмыш органның әлсіздігін көрсетеді. Неге десеңіз, олар Рахат Әлиев пен оның тобын біржола құртуға оқталса да, көп уақыт оздырып алуының салдарынан әбден кешікті. Уақытында жасалмаған істің барлығы кемшілік екенін ұмытпайық.
Үшіншіден, билік Рахаттың сөзінің жалған екеніне қоғамның көзі жетерліктей дәлелдер келтіруі керек. Бұны істеудің орнына олар үнсіз отыр. Ал, Шабдарбаевтың айтқандарына қарапайым оқырманның сене қоюы қиын. Себебі, Шымкент мұнай өңдеу зауытына шетелдік инвесторлардың иелік ететіні бұрыннан белгілі. Сондықтан да, ол ақталар кезде, құр сөзбен шектелмей, ең болмағанда баласының немен айналысатынын айту керек еді. «Маңғыстаумұнайгаздың» шынайы қожайындары туралы туындаған әңгімелер де, Рахат Әлиевтің Амангелді Шабдарбаев пен оның баласы туралы айтқан сөздерімен өте ұқсас».
Саясаттанушы Ерлан Қарабаев та Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Амангелді Шабдарбаевтан гөрі Рахат Әлиевтің сөзі әсерлі деген пікірде:
"Рахат Әлиевтің әрбір мәлімдемесі немесе басылым бетіне берген сұхбаты жұрттың қызығушылығын туғызады. Биліктің саясатына қарсы тұрған адамдардың арасында Ақорданың ішкі құрылысын дәл Әлиев сияқты ешкім білмейді. Амангелді Шабдарбаевтың «Свобода слова» газетіне жарияланған сөзін оқып шықтым. Мұны ақталу деп айтуға болмайды. Ақталатын ниеті бар адам, қарама-қарсы дәлелдер келтіру керек қой. Рахат Әлиев өзінің сайтында жариялаған мақаласында қазақстандық биліктің тарапынан қудаланып, соның ішінде Серік Бүркітбаевтан басқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұтқындады деген бірнеше адамның атын айтты. Амангелді Шабдарбаев осыны негізге ала отырып, оның сөзін жоққа да шығарса болар еді. Бірақ, ол өйтпеді. Әзірше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де, Амангелді Шабдарбаев та, оларға тікелей тапсырма беріп отыратын лауазымды басшылар да Рахат Әлиевтің көлеңкесінде қалып отыр.
Бұрынғы күйеу баланың айтып жатқандары қаншалықты рас екенін білмеймін. Дегенмен, оның сөзіне қоғамның қызығушылық танытып отырғанын жасыра алмайсың. ҰҚК-нің жанындағы Ақпараттық қызмет байланысының бұрынғы басшысы, генерал Мажреновтың өз-өзіне қол салуына келер болсақ, Рахат Әлиевтің осы туралы айтқан сөзіне сенуге болады. Өйткені, шын мәнінде де барлығын бақылауға тырысып отырған ҰҚК өзінің қарамағындағы абақтыда отырған жай адам емес, кезінде лауазымды қызметтер атқарған генералдың өз-өзіне қол салып жатқан кезін байқамай қалды дегенге сену қиын. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үлкен бір кемшілігі. Ал, мұндай кемшіліктер артқан сайын, олардың сөздерінің салмағы да төмендей береді. Сол себепті, бұл тұрғыда Амангелді Шабдарбаев Рахат Әлиевтен ұтылып жатқаны байқалып отыр".