Жамбыл облысын егеуқұйрықтар жайлап алды

Жамбыл облысында аса қауіпті инфекцияға байланысты эпидемиологиялық жағдай туындады. Оның басты айыпкері - атжалмандар Тараздың шағын аудандарына дейін жетті.


Ресми деректер бойынша, Жамбыл облысының Шу, Қордай, Мерке, Рысқұлов, Жуалы, Жамбыл, Байзақ және Мойынқұм аудандарының аумағын, яғни облыс көлемін түгелдей дерлік егеуқұйрықтар жайлап алған. Сондай-ақ кеміргіштер Жамбыл облысының әкімшілік орталығы Тараз қаласында да пайда болды.


Мыңбұлақ ықшамауданының тұрғыны Айгүл Айдарова өзінің егеуқұйрықты қалай көргенін айтады:


— Азық-түлік алып үйіме қайтып келе жатып, кірер ауызда үлкен егеуқұйрықты көрдім де қорқып кеттім. Егеуқұйрық маған қарай жақындай түсті. Мен азық-түлік салған дорбамды лақтырып жіберіп едім, ол соған қарай ұмтылды.


Жыл сайын егіннің 20 пайызға жуығын кеміргіштер жинап алғанға дейін жеп құртады. Атжалмандар ауылшаруашылық өнімдерінен басқа көкөніс, ет-сүт және балық өнімдерін де жейді. Мамандар бір егеуқұйрықтың жылына 18 килограмм азық-түлік жейтінін есептеп шығарған.


Тараздың егеуқұйрықтары шектен тыс семіріп алған. Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалық орталықтың директоры Серік Жетібаевтың пікірінше, кафе, мейрамхана иелерінің санитарлық талаптар мен ережелерді сақтамауы қаланы қауіпті кеміргіштердің жаулап алуының негізгі себебі болып отырған көрінеді. Сондай-ақ Серік Жетібаев егеуқұйрықтарды жою үшін дәрілеу кезінде жертөлелердің қиындық келтіріп отырғанын айтады.


— Көптеген көпқабатты үйлердің жертөлелері канализация мен су құбырларының ақаулығынан суға толып кеткен. Мұндағы санитарлық-техникалық жағдайдың нашарлығынан дәрілеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр және бұл жағдайда дәрілеу нәтиже бермейді. Жыл сайын екі кезеңдік дәрілеу жұмыстарын жүргізгенде ғана кеміргіштермен күрес нәтижелі болмақ. Ал бұл үшін көп ақша және тұрғындардың белсенділігі қажет.


Сұр егеуқұйрықтар (пасюк) Қазақстан аумағында ХІХ ғасырдың аяғында пайда болыпты. Ал Петропавлда 1890 жылы, Семейде 1915 жылы пайда болған. Олар Қазақстанның солтүстік облыстарындағы ауылшаруашылығын игеру кезінде біртіндеп оңтүстікке қарай ауысып кеткен.

Әсіресе, мал фермалары мен дән қоймалары көп салынып, жеке шаруаларда шошқа, құс сияқты үй жануарлары пайда бола бастаған тың игеру жылдары кеміргіштердің кең жайылуына қолайлы болды. Ал сұр егеуқұйрықтың Қазақстан аумағында пайда болуы көрші мемлекеттерден капуста, картоп сиқты көкөністердің теміржол арқылы тасымалдануымен байланысты.