Осыдан үш жыл бұрын қарашаның 12-сі күні кешке үш рет тиген оқтан қаза тапқан Заманбек Нұрқаділовтің денесі өз үйінен табылған болатын. Бүгін белгілі саясаткердің бір топ замандастары мен әріптестері оның зиратына барып, марқұмның рухына арнап құран бағыштады.
Заманбек Нұрқаділовтің қаза тапқанына үш жыл толса да, шындықтың беті ашылған жоқ. Ресми тергеудің белгілі диссиденттің үш рет атып, өзін-өзі өлтіргендігі туралы қорытынды жасағаны белгілі. Бірақ көпшілік Заманбек Нұрқаділовтің осындай жолмен өлгеніне әлі күнге шейін сенбейді. «Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілов Заманбектің өліміне қатысты тергеу жұмыстарын қайта қарау керек деп есептейді:
- Бүгін қайғылы оқиғаға үш жыл толып отыр. Біз оның саяси өлім болғанын сенімді түрде айта аламыз. Ешкім оның өзін-өзі өлтіргеніне сенбейді. Бұған нақты адамдар жауап беруі тиіс. Оның арасында тергеу жұмысын басқарған Бауыржан Мұхамеджанов та бар. Заманбек өз елінің патриоты болды. Ол халықты сүйді. Халық та оны сүйді. Көпшілікке оның шынайылығы, ашықтығы ұнады.
Қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы Заманбек секілді тұлғаларды өлтірудің Қазақстан қоғамына тән үйреншікті құбылысқа айналғанын тілге тиек етті:
- Өр мінезі, турашылдығы, батылдығы қоғамға, елге, ұлтқа деген жанашырлығы, халық мүддесіне қайшы келетін нәрсеге төзбеушілік қасиеттері бұл кісінің жауын көбейтті. Жанға бататыны – бұл кісі өзіне-өзі қол жұмсаған жоқ, шейіт кеткен адам. Қастандықтың құрбаны болған адам. Кісі қолынан қаза тапқан адамды өзін-өзі өлтірді деу – бұл әруақты қорлау, әруақты айыптау. Кешірілмейтін нәрсе.
Ал «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик марқұмның өліміне қатысты шындықтың күндердің-күнінде ашылатынына сенімді:
- Көпке Заманбектің өз-өзін үш рет атып өлтіргені жайлы айту бұл масқара нәрсе, жеке ішкі істер министрінің масқаралық әрекеті. Бұл алдаушылық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Заманбекті өлтіргені анық. Не үшін өлтіргені туралы қазірдің өзінде негізделген болжамдар айтуға болады. Тіпті нақты орындаушыны айтпағанның өзінде, оны өлтіруге саяси жүйе тапсырыс берді. Бұл жерде жасыратындай ешнәрсе жоқ.