Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы жаңа кітап жазылды

"Үшқоңыр - алтын бесігім" кітабының сыртқы мұқабасы. Алматы, 19 қазан 2010 жыл

Бүгін Алматыда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағын суреттейтін кітаптың тұсау кесері өтті. Оны Назарбаевтың сыныптасы Сәдуақас Есімбай жазған. Автордың айтуынша бұл – оның президент-сыныптасына тартқан сыйлығы.

СЫНЫПТАСТЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

Қазанның 19-ы күні Алматыда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндайтын «Үшқоңыр – алтын бесігім» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Он мың данамен жарық көрген туындының авторы – Қазақстан президентінің сыныптасы Сәдуақас Есімбай. Сәдуақас өз сөзін алғаш Сұлтанмен (Нұрсұлтанмен) 1945 жылы қалай танысқанынан бастады.

- Екі жылдан кейін сол кездегі Қаскелең ауданындағы мектепке бірінші сыныпқа бардық. Он жыл бойы жұбымыз жазылмай бірге оқыдық. Оның балалық шағы түгелдей көз алдымда. Сондықтан кейінгі ұрпақ біле жүрсін деп көз алдымдағы көріністің барлығын кітапқа түсірдім, - дейді автор.

Назарбаев өзінің биылғы 70 жылдық мерейтойына ешқандай сыйлық болмасын дегеніне қарамастан, құрдасы осы кітапты табыс еткен.
Сәдуақас Есімбай, Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы. Президент сыйлаған қолсағатын көрсетіп тұр. Алматы, 19 қазан 2010 жыл

- Шілденің 5-і күні алып барып бердім. Бұл - достық парызым, - дейді Сәдуақас Есімбай.

Кітап президенттің туған жері, өскен ортасы мен өмір жолы жайында. Жетісудың тарихта аттары қалған адамдарының өмірлері туралы да баяндалған.

2000 жылы Сәдуақас Есімбай «Балалық шаққа саяхат» атты фотоальбом шығарған еді. Онда президентінің туып-өскен жері Шамалған өңірінің табиғаты, тарихи орындары көрініс тапқан.

«НҰРСҰЛТАНТАНУ»

Алматыдағы «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында өткен шараға жиналғандар президенттің жақсылығын баяндауда бір-бірінен асып түсуге тырысты. Шараның иесі Сәдуақас Есімбай «Сұлтан құрбыларының арасында алғыр, білімге құштар болды» дегенді айта келе, оны «Құдай бере салған біртуар азамат» деп атады.

- Кез-келгенің таза ауаға шыққанда қалай демаласың? Дәл сол сияқты президентпен кездесіп, әңгімелескенде дәл сондай сезімде боласың. Не деген қарапайым адам! Қандай құдырет! Алла тағала оның бойына қандай қасиет берген! – деді келесі сөздің иесі, «Ұлы дала» бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Аманұлы.

Ал мінсіз адам болмайтындығын айтқан «Мұхаммет Қайдар Дулати» қоғамдық қорының президенті Мүсілім Дайырбеков:

- Оның (Нұрсұлтан Назарбаевтың - ред.) майда-шүйде қателігін ар-таразысына салу керек. Оның қателіктері атқарылып жатқан жақсылықтардың жанында түкке тұрмайды, - деді.
Абайтануды да айтып жатырмыз. Сол сияқты Нұрсұлтантану немесе Назарбаевтану сияқты бірнәрсе келтіруге болады. Болсын!

Ал Сәдуақас Есімбайдың тосын ұсынысы көпшіліктің көңілінен шыққандай болды. Оны бас изеп, қолдау білдірген көпшіліктен аңғару қиын емес еді.

- Мектепте бұрын болушы еді ғой, факультативный тағы да басқа... Міне, Абайтануды да айтып жатырмыз. Сол сияқты Нұрсұлтантану немесе Назарбаевтану сияқты бірнәрсе келтіруге болады. Болсын! Сол үшін ғана мен кітапты жазып отырмын, - деді автор.

«ТАҢ НҰРЫНДАЙ» БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ ШЕГУШІЛЕР

Бұған дейін президенттің балалық шағы туралы «Таң нұрында туған ұл» атты кітап жарық көрді. Кітаптың авторы - белгілі балалар жазушысы, Алаш сыйлығының лауреаты Шәкен Күмісбайұлы.

Алматы облысындағы атақты Үшқоңыр жайлауында Назарбаевтың балалық шағы туралы «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильм де түсіріліп жатыр. Фильм редакторы Әуезхан Әбдірашев басылымдарға берген сұхбатында бұл кинотуындыны президенттің мерейтойына орайластырғанымен, оның толық нұсқасы әлі дайын еместігін айтқан.