Қытайдан келетін қазақтардың көші саябырсып тұр

Соңғы уақытта Қытайдан қазақ көші-қонының тоқырап қалуының себебі, екі ел арасында арнайы көші-қон келісімінің жоқтығы дейді мамандар. Шенеуніктер биыл Қытайдан квотамен 1400 қазақ отбасының келуіне мүмкіндік барын айтады. Былтырғы жылы Қазақстанға шетелден келеді деп жоспарланған 4 мың отбасы атамекенге жете алмады.

БЫЛТЫРҒЫ ЖЫЛДЫҢ КВОТАСЫ ТОЛМАДЫ

Қазақстанға шеттегі қазақтардың қоныс аударуы үшін былтырғы жылғы белгіленген мемлекеттік көші-қон квотасы 20 мың отбасыға бөлінген болатын. Алайда, мемлекеттік көші-қон квотасының орындалу деңгейі 16 мың отбасымен шектелген. Бұл отбасылардың біразы Қазақстанға бұдан бірнеше жыл бұрын қоныс аударған, бірақ Қазақстанның азаматтығын әлі алмағандар.

Қазақстанның көші-қон және демография комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевтің Азаттық тілшісіне берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан аумағына келгеніне 3 жылдың жүзі болған, алайда мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмаған оралмандардың барлығы
Былтырғы жылы Қазақстанға шетелден 4 мыңдай отбасы қоныс аударған.
дерлік 2009 жылғы көші-қон квотасына енгізілген екен. Ал былтырғы жылы Қазақстанға шетелден 4 мыңдай отбасы қоныс аударған екен.

– Көші-қон жылдағыдан біршама тоқырағаны анық. Соның ішінде, Қытайдағы қазақтардың көші тоқтап тұр. Оның негізгі себебі, Қытай мен Қазақстан арасында мемлекеттік тұрғыда көші-қон келісімінің әлі күнге жасалмағандығы, – дейді шенеунік Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Дегенмен, Қабылсаят Әбішев былтырғы жылғы квотаға Қытайдан келген қанша қазақтың енгендігін нақты айтып бере алмады. Көші-қон проблемаларының нақты талдауы әлі жасалған жоқ дейді ол.

КЕПІЛДІК

Қытайдан атамекенге оралған қазақ Ауыт Мұқибекұлы Қытайдағы қазақ көшінің не себепті тоқтап тұрғандығы жайында Азаттық радиосына былай дейді:

– Бұрын қазақтар алдымен амалын тауып өзі көшіп келетін де, соңынан туыстарының бәрін көші-қон арқылы шақырып алатын. Қазір оның бәрі тоқтап тұр. Оның себебін әркім әр саққа жүгіртеді. Естуімізге қарағанда, кезінде көшіп келген қазақтардың біразы Қытайға қайта оралыпты. Олар көші-қон арқылы қоныс аударғандықтан, ондағы дүние-мүкамалының барлығын үкіметке қайтарып кеткен. Қайта көшіп барғаннан кейін, олар Қытай үкіметіне біраз проблема тудырған. Сондықтан, Қытай үкіметі көші-қонды біржола тиып тастапты.

Кейінгі кезде Қазақстанға Қытайдағы қазақтар тек қана туысшылап келе бастады. Оның да өз қитұрқылары бар. Мәселен, Қазақстанға туысшылау сапарымен баратын болса, кепілге қомақты қаржы қоюы тиіс және мемлекеттік қызметтегі бір туысы ол адамға кепілдік беруі керек. Жақында менің інім осындай сапармен келіп кетті. Ол үшін мемлекеттік қызметтегі жездесі кепіл болып, Қазақстанда үш ай ғана болып, қайтты. Егер, белгіленген мерзімде ол адам қайта оралмаса, кепілдегі ақша да күйеді, қызметтегі адамның басына да бұлт орнайды, – дейді Ауыт Мақибекұлы.

Қазақстанға сапармен келуге тілек білдірген қазақтар үшін адам кепілдігін талап ететіндігі туралы ақпаратты анықтау мақсатында Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне хабарласқан едік. Өзін Қытай елшілігінде хатшы қызметін атқарамын деп таныстырған Дина есімді
Қытайдан келетін қазақтарды шақыру үшін шақырған тарап оларды баспанамен, жермен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайын жасауы тиіс. Ал, біздің жергілікті әкімшіліктер оны мойындарына ала алмайды.
әйел ондай мәліметті тек жазбаша сауал ретінде жолдау қажеттігін айтып, сыпайы жауаппен шектелді.

Көші-қон және демография комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев Қытайдың адам кепілдігін талап ететіндігі туралы айтылғанды шындыққа жанаспайтын ақпаратқа жатқызады. Ол соңғы үш жылда Қытайдан Қазақстанға көші-қонның саябырсып қалуының себебін былайша түсіндірді:

– Әрине, сыртқы істер министрлігі, көші-қон полициясы және көші-қон комитетінің қызметкерлері өзара келісіп, арнайы хаттамаға қол қойып, Қытайдағы қазақтарды шақыруды қолға алғаны рас. Алайда, осыдан үш жыл бұрын Алматы прокуратурасы бұлай шақыруды заңсыз деп тауып, тоқтатып қойған. Жақында менің қолыма осы хаттама түсті. Қытайдан келетін қазақтарды шақыру үшін шақырған тарап оларды баспанамен, жермен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайын жасауы тиіс. Ал, біздің жергілікті әкімшіліктер оны мойындарына ала алмайды.

«НҰРЛЫ КӨШ» БАҒДАРЛАМАСЫ

Бір жылдан астам уақыт Қытайдағы ағайындарын Қазақстанға көшіріп әкеле алмай жүргендігін айтқан Ауыт Мұқибекұлы ендігі үміті «Нұрлы көш» бағдарламасында екенін жеткізді.

– Мен өзімнің туыс-туғандарымды шақырып алам ба деп ойлап жүрген едім. Бірақ, мүмкіндігі болмады. Енді 2009 жылдан жүзеге аса бастаған «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы шақыруға ниеттеніп жүрміз. Мен телефон арқылы хабарласқан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің қызметкері бұған көмектесуге уәде берді. Құдай бұйырса, 16-17 отбасының құжатын рәсімдеп отырмын. 80-дей адамның Қазақстанға оралуына осы құзырлы орган өзі араласпақшы. Олар екі елдің арасында ресми көші-қон келісімінің жоқтығын айта отырып, үкімет атынан шақыру жіберіп отырғандықтан, олар сөз жоқ жіберетін шығар деді, – дейді Ауыт Мұқибекұлы.

Сондай-ақ, Ауыт Мұқибекұлы Қытайдан Қазақстанға туысшылау визасы арқылы келуге кәмелет жасына толмаған балаларға рұқсат етілмейтіндігін айтады.

– Мектеп жасындағы балаларды жібермейтін болғандықтан, олар балаларын тастап өздері келуге мүдделі емес.

Қабылсаят Әбішев бұл түйткілді мәселені «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы шешуге болады деп отыр:

– Қытайдан көшіп келем деген адам көші-қон және демография комитетіне тізімделсін. Нақты келуге дайын отбасылар өздері туралы мәліметті жіберсе, біздің министрлік «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында шақыру жібере алады. Жақында болған Қытай мен Қазақстанның ресми бас қосуында екі ел арасындағы қарым-қатынас мәселесі төңірегінде үш мәселені алға қойдық. Біріншісі – төлқұжаттарды рәсімдеуді жеңілдету, екінші – кәмелетке толмаған балаларды босату, үшіншісі – көшіп келуге ниеттілерге жасалатын кедергілерді азайту. Қытай жағы бұған мүдделі болып отыр. Өздері осындай бастама көтерді.

Бірақ, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша келетін адамдар үшін былтырғы жылы тек Ақмола облысының Қызылжар ауылы мен
Биыл көші-қон квотасы 20 мың отбасына жоспарланып отыр, оның 1400-і «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша жүзеге асады.
Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қалаларына қоныстандыру қарастырылған екен.

– Ал жаңадан басталған 2010 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының елдімекендерінде қоныстандыру жүзеге асатын болады. Жаңа жылдан бастап көші-қон квотасы 20 мың отбасына жоспарланып отыр, оның 1400-і «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Демек, Қытайдан 1400 отбасы келуіне болады, – дейді Қабылсаят Әбішев.

Қазақстанға Қытайдан қоныс аударғандардың бірі, ақын Керім Елемес ол жақтағы қазақтардың аз жылда ассимиляцияға ұшырау қаупі барын айтады.

– Қытай қазағының ауқаттылары осы уақыт аралығында көшіп келіп алды. Енді қалғандарының көшіп келуге ниеті болғанмен жағдайы жоқтар. Бір елден бір елге қоныс аудару былай тұрсын, екінші бір ауданға қоныс аударуға шамасы жоқ. Қытайдағы қазіргі ұлттық саясаттың салдарынан енді ондағы 1,5 миллион қазақтан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Қытайда 2008 жылдан бастап қазақтілді мектептер жабылуда. Әрине, екі телеарна 24 сағат бойына қазақша сөйлеп тұр. Қазақ тілінде газет-журналдар баршылық. Бірақ, біраз уақыттан кейін ондағы қазақ өз ана тіліне өзі мұқтаж болатын заман туып келеді, – дейді ақын Керім Елемес.