Жаппарбай Шаткам: Ирандағы қазақ радиосына қазақстандық студенттер де атсалысты

Жаппарбай Шаткам, Иран Ислам Республикасы радиокорпорациясының қазақ тіліндегі радиобағдарламасының жетекшісі. Алматы, 20 қазан 2009 ж.

Ирандағы Гүлстан облысының Горган, Бендер Түрікпен және Гумбет қалаларында 5 мыңдай қазақ тірлік етеді. Ал, Теһранда оншақты қазақ отбасы бар екен. Осындағы тәулігіне бір сағаттық қазақ тіліндегі радиобағдарламаның жетекшісі Жаппарбай Шаткам Азаттық радиосына сұхбат берген еді.
ИРАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ҮЙРЕТЕТІН ОРТАЛЫҚ ЖОҚ

– Жаппарбай мырза, Иранға қазақтардың бару тарихын қысқаша баяндап өтсеңіз?

– Ирандағы қазақтар 1929-1931 жылдары Маңғыстау өлкесінен Түркіменстан арқылы келген екен. Әрине, олар жол-жөнекей түрлі қиындықты бастан өткерген: мал-мүліктерін тонаған, қыздарын алып қашқан, азапты бек көрген.

Иранда олар бұрынғы Мазандаран, қазіргі Гүлстан облысына ірге теуіпті. Онда Горган, Бендер Түрікпен және Гумбет (қазақша Күмбез деген мағынаны береді) деген қалаларға шоғырлана орналасқан. Қазір осы қалаларда Қазақы махалла деп аталатын кварталдарда тұрады. Өзара тығыз қарым-қатынаста. Басқа ұлттармен қыз алысып, қыз беріспейді.

– Олардың айналысатын негізгі кәсібі не?

– Әртүрлі кәсіппен айналысады. Білім ордаларында оқып жатқан, мемлекеттік қызметтер атқарып жүрген жастарымыз көбейіп келеді. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін, ғылыммен айналысатын жастар легі артты. Істейтін кәсіптеріне орай, Иранның өзге қалаларына да тарап қоныстана бастады. Теһранның өзінде оншақты қазақ отбасы пайда болды.

– Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Қазақстанға шеттегі қазақтар көшіп келе бастағаны белгілі. Осы уақытта Ираннан келген қазақтардың саны басым болып еді. Қазіргі көш барысы қалай?

– Соңғы кездері Ауғанстаннан көшіп келгендер Иран қазақтарының қатарын көбейткен еді. Ал, 1991 жылдан Қазақстанға көш басталғанда, Ирандағы қазақтардың үштен бірі атажұртқа қоныс аударды. Солардың басым көпшілігі Ауғанстаннан келгендер болатын.

Ауғанстаннан Иранға келіп қоныстанған қазақтардың көбі Оңтүстік Қазақстан облысына ат басын тіреді. Ирандықтар Ақтауды қоныстанды. Қазір көш саябырсып тұр. Бұған негізгі себеп баспана мәселесінің қиындап кетуі болса керек. Сондай-ақ, ауқатты адамдар көшкісі де келмейді.

– Қазақ тілін білу деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Ирандағы қазақтар парсы тілінде білім алады. Қазақ тілінде мектеп, газет-журнал деген атымен жоқ. Қазақстанға келіп-кетіп жүргендер қазақ баспасөзін алып келеді. Қазақстан туралы ақпаратты осылай білеміз. Тілді жүйелі түрде үйрететін орталық жоқ. Қазақ мәдени орталығы да жоқ..

– Бірігіп ұйым құруға талпыныс болған жоқ па?

– Ирандағы революциядан кейін, қазақ ақсақалдары бірлесіп, қазақ мәдени орталығын құрып, тіл үйретуге талпыныс жасады. Бірақ, бұл ұйымдар саяси сипат алып кеткендіктен, Иранның ресми билігі тарапынан тоқтатылды. Соңғы кезде біз бұл істі қайта қолға алып, тиісті органдарға құжаттарымызды өткізіп қойдық, одан қандай нәтиже болатынын әзірге білмейміз. Соңғы кезде Горган қаласында Қазақстан елшілігінің консулдығы ашылды. Соның қасынан ұлттық кітапхана аштық.

Иранда 2 миллиондай түркімен тұрады. Олардың екі тілде шығатын газеті, баспалары, кітаптары бар. Ал, бізде ондай мүмкіндік жоқ.

«ИРАН ТЕЛЕРАДИО КОРПОРАЦИЯСЫ БАТЫС АҚПАРАТЫНА ТӨТЕП БЕРУДІ КӨЗДЕЙДІ»

– Иранда тәулігіне бір сағат қазақ тілінде радиобағдарлама бар екен. Оның өмірге қалай келгендігі жайында айтып өтсеңіз?

– Ирандағы телерадио бірлестігі 30-дан астам тілде радиохабар таратады, оншақты тілде телебағдарлама бар. Солардың бірі – тәулігіне бір сағат хабар тарататын қазақ радиосы 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Бұл ақпарат құралдары үшін ақпараттарды Иранның ИРНА ақпарат агенттігі, орталық хабар бірлестігі таратады. Біз бұл агенттіктер дайындаған хабарларды қазақшаға аударып дайындаймыз. Бір сағаттың жартысын дайын хабарларға арнаймыз. Бұлар – дінтану, өлкетану, Иранның тарихы мен мәдениеті, әдебиеті жайында. Қалған жарты сағатын тікелей эфирдегі жаңалықтарға, саяси шолуларға арнаймыз.

Радио – мемлекеттік. Онда жұмыс істейтін адамдарды баспанамен қамтамасыз етеді, арнайы көлікпен жұмысқа алып кетіп тұрады. Негізгі мамандығым спортпен байланысты. Қазақ радиосы ашылғаннан кейін қазақ тілін байыту мақсатында осында ауыстым.

– Радионың тыңдаушысы кім? Қай аудиторияны қамтисыздар?

– Аудиториясы Қазақстан мен Орта Азияға бағытталған. Дін және Иранның жүргізіп отырған саясаты жайлы Батыстың ақпарат құралдарының бұрмалап тарататын хабарларына төтеп беру мақсатында дүниеге келген.

Бүгінде онда оншақты журналист жұмыс істейді. Бұл радионың ашылуына ондағы қазақ диаспорасының өкілдері белсене атсалысты. Кейін Иранға оқуға келген жас студенттер арамызға қосылып, бірге жұмыс істедік. Қазақстандық студенттердің бізде жұмыс істейтіндерінің саны бүгінде 5-ке жетті.

– Ал, Қазақстан мен Орта Азияда тілшілеріңіз бар ма?

– Қазақстан мен Орталық Азияда бұл радионың тілшілері жоқ. Иран телерадиокорпорациясының аймақтардағы тілшілері дайындаған материалдарды біз қазақшалаймыз.

– Қазақстаннан барып оқып жатқан студенттер жайында не айтасыз? Олармен қарым-қатынастарыңыз қалай?

– Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстаннан жылына 10 студент жіберіп тұратын болған еді. Кейінгі жылдары бұл үрдіс тоқтап қалған секілді. Сол студенттердің біздің радиомызға көп септігі тиді. Мәселен, солардың бірі журналист Қуанышбек Қари қазір Қазақстанда «Алаш айнасы» газетінде істеп жүр. Кезінде біздің радиоға көп көмегі тиіп еді.

– Сұхбатыңызға рақмет!