Шетелге шекарадан тосқауылсыз асу немесе мәжбүрлі эмиграция

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларымен бірге. ҰҚК-нің ресми сайтындағы сурет

Рахат Әлиев пен Мұхтар Әблязовтың, басқа да қуғындағы қайраткерлердің Батысқа қашуы қолдан ұйымдастырылған деген күдікті тек Қазақстанның жоғарғы басшылары ғана сейілте алады. Өйткені, ондай бұйрық солардың тарапынан ғана берілуі мүмкін.
СЫН САҒАТЫ СОҚҚАНДА

Елден безген қашқындар дауыл алдындағы тыныштықты бастарынан өткеруде. Бірде Украинада айтарлықтай аты бар, жартылай олигарх, жартылай саясаткер, яғни, мықтылардың бірінен: «Қызметіңіздегі ең маңызды нәрсе не, қандай қағиданы басшылыққа аласыз?» деп сұрағанымда,ол салған жерден: «әрбір маңызды істе «қосымша аэродром» керек» деп жауап бергені бар.

Әрине, украиналық олигарх өз жауабымен ешқандай жаңалық ашқан жоқ, бірақ та, бұл сөз жердегі «жартықұдайлардың» болмысы мен дүниетанымын танығысы келетіндерге үлкен ой салады.

Қосымша аэродром даярлау қажеттілігіне бір жетсе өз Отанынан шетелге қашуға мәжбүр болған жандардың көзі жеткен болар. Олардың қатарында әп сәтте президенттің бұрынғы күйеу баласына айналған және иек астынан қосымша аэродромы табыла кеткен Рахат Әлиев бар. Ол оралмас қашқынның күнін кешуді Австрияда бастады.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиев Қазақстанның саясаты мен бизнесінде жүрген қайраткерлердің Батыс елдерінде өздеріне тыл даярлап қоятынын жеткізді.

Әркім бұйырғаны мен талғамының жеткеніне қарай қамданады – біреулер Лондонның түбінен вилла, ал енді біреулер әртүрлі экзотикалық елдердің азаматтығын алып қояды. Кейбіреулері Австрия, Люксембург банктерінен, қаржы аударушыларға жеңілдіктер жасалған аралдардан оффшорлық шот ашып қойып жатады.

Кім білсін, алда-жалда сын сағаты соғып белгі берсе, елден лыпасыз безуге тура келуі де ғажап емес. Онсыз да шен-лауазымға, бизнеске немесе саяси себептерге қатысты қашқынға айналған жандар бүгінде аз емес. Халықтың да мұндай жағдайларға еті үйренгендей.

БОЛАТ ӨТЕМҰРАТОВТЫҢ КӨЗДЕН ҒАЙЫП БОЛЫП, КЕЙІН ҚАЙТА ОРАЛУЫ

Бүгінде қайсыбір қазақстандық қайраткердің бірнеше күн, тіпті, бірнеше сағат бойы төбесі көрінбей қалса, бүкіл жұрт оның хабарын алыс шетелден күтеді. Айтса айтқандай, елдің құлағын жыраққа тіккізген оқиға жуырда ғана президенттің штаттан тыс кеңесшісі Болат Өтемұратовтың төңірегінде өрбіді.

Журналистер қауымы қол қусырып отырмады, олар Өтемұратовтың ғайып болуын әртүрлі себептен көріп, неқилы долбар айтты. Қызығы сол, оның жақын достары мен әріптестері «қайда?» деген сұраққа қорқақтап, сақтықпен жауап берді. Яғни, олардың «қашса, қашып кеткен де шығар» деген ойлары сезіліп тұрды.

«Республика» интернет-ресурсындағы хабарлама бойынша әуелі, президент әкімшілігінің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев президенттің штаттан тыс кеңесшісінің қайда екенін шынымен білмейтінін айтып, «ант су ішті».

Басқаша айтқанда, артына қарамастан қашты деген сөз ешкімді де таңғалдырған жоқ, ешкімді де, тіпті, Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы қайраткерлерді де бәлендей таңданбады.

Болат Өтемұратовтың оқиғасы күтпеген жағдаймен аяқталды – ол табылды. Әйтсе де, түсініксіз жәйттер көп. Не дегенмен, жоғарғы жақта бір дүрлігіс болып өтті.

МҰХТАР ЖӘКІШЕВ «ҚОСЫМША АЭРОДРОМ» КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНЕ МЕ?

Тағы бір көрнекті қазақ басқарушысы, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев емделу мақсатымен шекара асқаны хабарланды. Бірақ, бұл емделудің жуырмаңда аяқталатынына жұрттың көңілі күпті еді, өйткені, оның мекемесінде қаржы тексерісінің басталғанын Мұхтардың басына қара бұлт төнгенінің нышаны ретінде қабылдады.

Әйткенмен,Мұхтар Жәкішевті жұрт оралмастың қатарына қосып қойса да, ол үкіметаралық келісімге қол қою үшін елге қайтып келгені белгілі болды. Жәкішевті Қазақстанға келуге қалай еліктірді екен, деген сауалға әзірге нақты жауап жоқ. Кім білсін, мұндай сілкініс немен аяқталар екен?

Мұның жауабы, яғни, «Қазатомпром» мен Мұхтардың оқиғасының соңы көп ұзамай-ақ белгілі болатын шығар. Бастысы — әлдеқандай жағдай бола қалғанда, ол «қосымша аэродромға» қайтадан қол жеткізе ала ма, мәселе сонда.

МӘЖБҮРЛІ ЭМИГРАЦИЯҒА АПАРАР ЖОЛДАР

Қазақстанның қаржы полициясына қосымша өкілеттіктің берілуі бұл мекемеге елде басқарушыларға қарсы «аңшылық маусымды» белсендірек жүргізуге үлкен мүмкіндік туғызды. Сөйтіп енді сол басқарушылардың кейбірі басты қашқынға айналатыны үйреншікті жағдай бола бастады. БТА банктың басшысы болған Мұхтар Әблязовқа шын мәнінде не болды?

Алдында ғана президенттің жеке қабылдауында болып, түсінісіп отырды, жоспарларын, қайсыбір сандарды көрсетті, президент бас изеп, сұрақ қойып, кеңесіп жатқандай еді... Ол кездесу теледидардан көрсетілді. Газеттерге кездесудің суреттері шықты... Арада аз ғана күн өткенде жағдай мүлде өзгеріп сала берді.

Әблязов елден жыраққа кетіп, президент үшін өте тұманды Альбионнан бір-ақ шықты. Оның ізінше, бұрынғы аңшылық түйсігіне сенген жақын көмекшісі Роман Солодченко да ізім-ғайым елден жоғалды.

Жазба жанрдың мамандары әлі де бұл оқиғаның түбін қопарып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ролін анықтай жатар. Бірақ, кез келген адамның көкейінде жүрген мынадай топшылаулар бар: немесе қазақстандық қызыл жағалылар Әблязов пен оның серіктерінен көз жазып қалды (тура тұмсығының астынан кетіп қалды ма? Онда, Амангелді Шабдарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде жауап беру керек шығар), не болмаса, комитеттегілер сыншылар ойлағаннан әлдеқайда ақылды болып тұр. Бәлкім, Мұхтар Әблязовтың Еуропаға кетер жолын солар қамтамасыз еткен шығар? Басқалар білмесе білмес, ал, ҰҚК-нің адамдары Қазақстандағы саясат пен бизнес өкілдерінің мәжбүрлі эмиграцияға кетер шегініс жолын жасау талпыныстарын жақсы біліп отырады.

Кімнің ақшасы қайда, батыстық банктердің қайсысында, онда қанша ақша жатыр – бұны басқа білмесе де, комитет адамдары біледі, тым болмағанда шамалайды. Ұлыбританияда Мұхтар Әблязов саяси қашқындарға төленетін қаражатқа күн көріп отыр дегенге кім сенеді?

Сондықтан да, қашқындар қалайша патшаның көз алдынан оп-оңай тасаланып, бой жасырды деген — аса жақсы сұрақ емес. Рахат Әлиев Еуропада қалудың ретін қалай тапты? Оның да құпиясы әлі күнге белгісіз.

Президенттің қайырымсыз туысының қуғыннан ұстатпай құтылатыны күні бұрын белгілі болғандықтан, оған қарсы алдын ала небір қақпандарды құрып, қолға түскен соң тиісті мекеменің қапасына апарып салуға болар еді. Бірақ, неге екені белгісіз, бұлай болмады.

Мүмкін, билік үшін Рахат Әлиев, Мұхтар Әблязов және оппозиция жетекшісі Әкежан Қажыгелдин сияқтылардың өз Отанында отырып, ел ішіндегі шиеленісті күшейтпегені керек болған шығар?

ТӨЛЕН ТОҚТАСЫНОВТЫҢ ЕЛГЕ ОРАЛУ НИЕТІ ЖОҚ

Елге қайтпайтын қашқындардың қатарында Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов та бар. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, бұрын Павлодар облысының әкімі болған Ғалымжан Жақиянов елге оралған бетте қайтадан сотқа тартылуы әбден мүмкін. 2002 жылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен сотталып, 7 жылға түрмеге кесілген ол, биылғы жылы сәуірдің 2-сінде, өзінің қылмыстық жаза мерзімін толық өтеп аяқтады.

Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасынов оппозиция жетекшілерінің ісінде көрсетілген тұлға. Жуырда ғана Азаттық радиосына берген сұхбатында Тоқтасынов әзірге Отанға оралмайтынын білдірді.

Қуғынға ұшыраған қайраткерлердің өздеріне арнап қосымша аэродром даярлап жатқанын биліктің көрмеген боп отыра беруі содан болар - «қайда барса, онда барсын, тек менен алыс кетсе болғаны» деген сыңайда.

Елде олардың сыртынан үкім шығарып, абақты жазасын белгілеп қойып, отыра береді. Қашқындардың жазаға кесілгені халыққа да ұнайды. «Сатқындарға сол керек» дегендей.

Әбден жауыр болған бұл тәсіл ел ішінде әзірге қолданыстан түсер емес. Жалпы, осы ойындарға сенетін жан бар ма екен? Бәлкім, бәрі бұдан да қарапайым қағидаға құрылған ба екен?!

(Журналист Александр Народецкий бұл мақаласында өзінің көзқарасы мен байламын айтады. Ол Азаттық радиосының позициясымен сәйкес келмеуі мүмкін).