Қаңтардың 6-күні Алматыдағы Арбат алаңында қазіргі таңда Қазақстанда түрмеде отырған журналистерді қолдаушылар флеш-моб өткізді. Бейбіт жағдайда өткен акцияны басынан аяғына дейін полицейлер жіті бақылап тұрды.
ТҰТҚЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР
Қаңтардың 6-сы күні «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың қамауға алынғанына тура бір жыл толды. Былтыр дәл осы уақытта Алматының ауруханада жатқан журналисті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстап әкетіп, Тараздағы абақтыға жапқан болатын.
Алматының орталығындағы Арбат алаңында өткен флеш-мобта тек Рамазан Есіргепов қана емес, кәсіби қызметі үшін қазіргі таңда Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеп жатқан барлық журналистердің аттары аталып, олардың есімдері жазылған шарлар әуеге ұшырылды.
«Кәсіби қызметі үшін сотталған журналистерге бостандық берілсін!» атты флэш-мобқа адам құқын қорғаушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен журналистер қатысты. Бостандықтың символын білдіретін сары-көк түсті шарларға қазіргі таңда сот үкімі бойынша берілген жазаларын өтеп жатқан журналистердің есімдері жазылған парақтар байланған.
Атап айтқанда, оларда «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың, «Время» газетінің тілшісі Тоқнияз Күшіковтың, «Закон и правосудие» газетінің бас редакторы Тоқберген Әбиевтің және жазушы Алпамыс Бектұрғановтың есімдері жазылған.
БАС КЕСПЕК БОЛСА ДА, ТІЛ КЕСПЕК ЖОҚ
Флеш-моб акциясына келген ақпарат құралдарының өкілдеріне алдын-ала дайындаған мәлімдемесін таратқан «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина шарларды аспанға ұшырудың алдында былай деді:
«Осыдан бір жыл бұрын Алматыдағы кардиология институтынан «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповты ҰҚК қызметкерлері алып кетті. Сол кезде жұртшылық институттың бас дәрігерін науқасты ҰҚК өкілдерінің қолына бергені үшін кінәлаған жоқ. Біз қоғам назарын осыған аударғымыз келеді. Мұндай жағдай қайталанды да. Себебі, Мұхтар Жәкішевті де соттан ауруханаға алып барғанда дәрігерлер оны емдемеген күйде жібере салды. Сол себепті, қоғамның мұндай жағдайларға назар аударуы керек деп есептейміз. Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға болған кезде өз кәсіби қызметі үшін үш журналистің түрмеде отырғаны бізді өте қатты алаңдатады. Бұл журналистер бостандыққа шыққанша біз күресімізді тоқтатпаймыз!»
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Азаттық тілшісіне сұхбат беріп тұрған кезде белгісіз адам оларды бейнетаспаға түсірумен болды. Алматы, 6 қаңтар 2010 жыл.
Мұнан соң түрмеде отырған журналистердің есімдері жазылған шарлар аспанға ұшырылды.
Арбаттағы акцияға қатысқандардың бірі - «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы сөз бостандығы мәселесін жалпы халық болып көтеру керектігін айтады.
«Қазақстанда сөз бостандығы өте шектеулі. Сөз бостандығы болмаған жерде демократия жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан журналистердің мынадай наразылық акциясын ұйымдастыруының өзі заңдылық. Десе де, бұдан гөрі жалпы халық қолдаған үлкен акциялар керек. Сөз бостандығы тек журналистерге ғана керек емес, ол әуелі халықтың өзіне керек. Таяуда ғана Қазақстан халқы ассамблеясының ойлап тапқан «Ел бірлігі» доктринасына наразылық болды. Халық көтерілді. Халықтан сескенді. Билік соның қателік екенін түсінді. Сөйтті де, шегініс жасады. Сол сияқты, сөз бостандығы жөнінде де халық осындай өзінің қаһарын танытуы керек. Айтар сөзін айтуы керек. Биліктің қатесін көрсетуі керек. Сөйтіп барып қоғам түзеледі», - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Небәрі бірер минутқа созылған флеш-мобты басынан аяғына дейін полиция қызметкерлері жіті бақылап тұрды, өз аты-жөндерін атамаған, жай киіммен жүрген кейбір адамдар алаңда болып жатқанды бейнестаспаға түсірумен болды.
РАМАЗАН ЕСІРГЕПОВ БІР ЖЫЛДЫ АБАҚТЫДА ӨТКІЗДІ
«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов былтырғы жылдың тамыз айында ҰҚК-нің қызметтік құпиясын заңсыз алып жариялағаны үшін айыпты деп танылып, Тараз қалалық соты журналисті үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. Кейін жоғары сатыдағы апелляциялық және қадалау алқалары үкімді өзгеріссіз күшінде қалдырды.
Журналистің зайыбы Раушан Есіргепова жаңа жылдың алдында қамауда отырған жұбайымен кездескенін Азаттық тілшісіне айтып берді:
«Ол карантинде жатқан екен. Оның қысымы жоғары - 200/110. Оны карантиннен бірден санитарлық бөлімге ауыстырды. Ол қазір
Полиция офицері «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының жетекшісі Розлана Таукина мен Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушанның іс-қимылынан көз алмастан бақылап тұр. Алматы, 6 қаңтар 2010 жыл.
емделіп жатыр. Десе де, оның халі жаман емес екеніне қуандым. Ол өзінің сергектігін тастамаған. Тек бір жайт, сот үкімінен кейін оны бір жарым ай бойы кәнігі қылмыскерлерді ұстайтын тергеу абақтысында заңсыз ұстады. Серуенге шықпаған күйі, күн көзін көрмей, ауасы тар камерада ұзақ уақыт отырды. Бұл оған моральдық жағынан қысым үшін жасалған болуы керек».Раушан Есіргепованың айтуынша, қазіргі таңда журналист Рамазан Есіргепов өзіне сот үкімімен тағайындалған жаза мерзімінің үштен бірін қамауда өткерді. Енді заң бойынша, оның шартты түрде босатылуына құқығы бар.
«Мен Рамазан отырған колония бастығымен сөйлестім. Егер ешқандай заңбұзушылықтар, тәртіпсіздіктер болмаса, онда Рамазанды шартты түрде босатуға қатысты құжаттар әзірлейміз деді. Бастығынан білгенімдей, әзірге ешқандай заңбұзушылық тіркемепті. Енді қандай заңбұзушылық болуы мүмкін?! Ол ондағы адамдарға заңдық тұрғыдан кеңес беретін көрінеді. Бұдан басқа, Рамазанның өзі қоныстандыру колониясына жіберу туралы өтініш жіберіпті. Қазанның 5-інен бастап ондай өтініш жасауына да құқы бар. Әзірге олар «зонада кемінде жарты жыл уақыт болуы керек» деп, оның берген өтінішін қанағаттандырудан бас тартып отыр. Мен ондай ережені еш жерден көргем жоқ», - дейді Раушан Есіргепова.
Сондай-ақ ол қазіргі кезде Жоғарғы сотқа да шағым әзірлеп отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл шағымды сотталушының өзі беруі керек екен. «Қазір Рамазан шағымға керек қосымша құжаттарды күтіп жатыр» деді зайыбы.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық тізгінін алғаннан бері елде сөз бостандығының жағдайы нашарлап кеткен. Егер 2008 жылы Қазақстанда бас бостандығынан айрылған журналистер саны 2 болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш екі есеге көбейген.
Бұл жағынан келгенде Қазақстан ТМД елдерінде Әзірбайжан мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орында тұр.