Махмұд Қашқаридың әйгілі «Диуани лұғат ат-түрік», яғни «Түркі сөздерінің жинағы» атты еңбегінде қамтылған дүниелер- бүгінгі қазақ әдеби шығармаларына біршама жақын. Тарихи бұл байланыс жинақтағы әрбір жәдігерден аңғарылады.
Махмұд Қашқари- әйгілі «Диуани лұғат ат-түрік», яғни «Түркі сөздерінің жинағы» атты еңбектің авторы. Толық аты-жөні - Махмуд ибн әл-Хұсейн ибн Мұхаммед Қашқари.
Дерек көздерге сүйене отырып, ғұламаның туған жері туралы ғалымдар түрлі пікірлер айтады. Мысалы филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтың жазуынша: «...ғалым орта ғасырдағы мәдениет орталықтарының бірі болған Баласағұн шаһарында туылған». Ал Қазақ энциклопедиясына сүйенер болсақ, туған мекені : «... қазіргі Қырғызстан жеріндегі Ыстықкөл маңайындағы ( кей деректе Шу бойындағы ) Барысхан қаласы».
Ал ғұламаның толық атына Қашқари есімінің тіркеле айтылуына оның бабасының бір кездері Қашқардан көшіп келгені себеп болған деген тұжырым айтады ғалымдар.
Түркологтар Қашқаридің туған және мәңгілік жайына қайтқан уақыты жөнінде де түрліше болжамдар білдіруде. Мысалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтің «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» атты «Ғылым» баспасынан 1973 жылы жарық көрген еңбегінде: «...оның «Диуани лұғат ат-түрік» кітабын 1068 жылы жаза бастағаны, алдыңғы екі томын 1072 жылы, үшінші томын 1074 жылы жазып бітіргені мәлім. Аутор осы соңғы кітабының аяғында «Бұл кітап мені өмірімнің ақырына алып келді», деп жазған. Осы мәліметтерге қарағанда, Махмұд Қашқари он бірінші ғасырдың басында туып, аяғына таман қайтыс болған сияқты», деген ғылыми болжам айтылған.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ АЛҒАШҚЫ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ
Аутор «Сөздікте» қамтылған әрбір тарауды бастамас бұрын әуелі Жаратушыдан медет тілеп, «Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын», деп мінажатпен кірісетін болған. Ал кезекті тарауға нүкте қойылар тұста, Алла-Тағаланың көмегімен тағы бір ісінің соңына келіп жеткеніне шүкіршілік айтып отырған екен.
Осы кітабы туралы Қашқаридың өзі: «Түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдейді. Түрік, түрікмен, оғыз, жігіл, яғма, қырғыздардың сөздері мен сөйлеу мәнерлерін зерттеп, қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санамда әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліппелік тәртіпке келтірдім. Мәңгілік ескерткіш әрі таусылмас әдеби-көркем мұра боп қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа «Түркі сөздерінің жинағы» деп ат қойдым. «Жинақты» сегіз бөлімге топтастырдым. Әрбір тайпаның тілінен сөз жасауға болатын түбір сөздерін ғана алдым. Түркі халықтарының бәйіт-жырлары мен мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым», - деп жазған екен.
Айтса айтқандай, «Сөздіктің» ұлы ауторы түркі халықтары тарихындағы өзінің осынау алғашқы лингвистикалық еңбегінде әртүрлі ұлыстар тілдерін өзара салыстыра қатар зерттеу тәсілін қолданған. Демек, салыстырмалы әдісті қолдану барысында түркі тілдері тарихи диалектологясының негізін қалап кеткен екен.
Ал Қазақ энциклопедиясында аталған «Түркі сөздерінің жинағына»: «Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері «Диуани лұғат ат түрікте» нақты тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайды, сол кездегі бірқатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі халықтарының байырғы жырларын, мақал мәтелдерін береді. Сонымен қатар ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік қартасын жасап, онда Барысхан, Тараз, Баласағұн, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады»- деп жоғары баға берілген.
Ғалымның география саласына сіңірген еңбегі де- ересен. Мәселен, Қашқаридың дөңгелек карта деп аталатын туындысы тарихта ең ежелгі түркі картасы ретінде белгілі. Мұнда ол түркі халықтарының мекендеген, көп таралған аймақтарын белгілеп, шартты шекараларын көрсетеді.
КӨСЕМ СӨЗДІҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ
Жоғарыда айтқанымыздай үш томнан, сегіз кітаптан тұратын бұл «Сөздік» еңбекте, ғалымдардың дәлелдеуінше, 6800 түркі сөзі ғылыми жүйеге түсірілген екен.
Ал, ғалым Келімбетовтың зерттеулеріне қарағанда, бұл сөздікте орта ғасырдағы түркі тектес ұлыстарға бірдей ортақ алты мыңнан астам төл сөз бен жеке тайпаларға ғана қатысты диалект сөздер қамтылған көрінеді.
Айта кету керек, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтің «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» атты еңбегінде жазуынша, «Сөздікте» 238 өлең-жыр, 270 шақты мақал-мәтел келтірілген.
Көптеген өлең-жырлардың өте ерте заманда, тіпті алғашқы қауымдық кезеңде дүниеге келгенін аңғару қиын еместігін түркологтар баса айтуда.
Енді шығармадағы мақал-мәтелдерден біраз мысал келтіріп көрелік:
«Батыр майданда, ғалым әңгімеде сыналар»,
«Күздің келетіні жаздан-ақ белгілі»,
«Әдептің басы-тіл»,
«Бақыт белгісі-білім мен ақыл»,
«Арыстан қартайса, тышқан інін күзетер»,
«Құс қанатымен, ер атымен»,
«Көрікті тоның өзіңе болсын, шырын асың өзгеге болсын»,
Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында»,
«Ұлық болсаң, кішік бол»,
Міне осы шағын мысалдардың өзінен-ақ Махмұд Қашқаридың әйгілі «Диуани лұғат ат-түрік», яғни «Түркі сөздерінің жинағы» атты еңбегінде қамтылған дүниелердің бүгінгі қазақ әдебиетіне қаншалықты етене жақын екенін аңғару қиын емес.
«Сөздіктің» алғашқы томы 436 бет, екінші томы 294 бет, үшінші томы 333 беттей болады екен.
Бұл еңбек жөнінде ғалым Н. Келімбетов: «Көне түркі әдеби ескерткіштерінің тілін үйренуге бұл зерттеу көп көмек көрсетіп келеді. Мәселен, осы «Диуани лұғат ат-түрік» табылғаннан кейін ғана «Құтты білік» дастанын оқу, аудару және транскрипция жасау кезінде бұрын жіберілген қателіктер түзетілді»,-деген болатын.
«Сөздіктегі» жырларда кейіпкер тағдыры табиғат құбылыстарымен астаса баяндалады. Сондай-ақ сол замандардағы түркі халықтарының өмір сүру дағдылары, тұрмыс-салт жырлары кең қамтылған. Мысалы аңшылық пен мал бағу өнерлері айрықша баяндалады.
Осы үш томдық еңбекте елін жаудан қорғаған ержүрек батырлар жорықтары эпикалық сарында, кең тыныспен суреттеледі. Ал ол дастандардың негізгі ауторы халық екені белгілі. Жыр-дастан ауторлары осынау батырлық баяндар арқылы оқырманын Отансүйгіштікке баулуды көздесе керек.
Аталған жәдігерлерді он бірінші ғасырда қағазға түсірген Қашқари да бұл мақсаттың тінін бұзбастан бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Демек шығарма мазмұны- қай ғасырда да өзекті.
УАҚЫТ ТЕЗІНЕН ӨТКЕН ТУЫНДЫ
«Сөздіктің» табылып, баспа бетін көруінің өзі қызықты жайларға толы. Анығын айтқанда, ғылыми деректерге сүйенер болсақ, «Сөздіктің» түпнұсқасы жоғалғанға ұқсайды. Тек қана Абулфатх деген азаматтың 1266 жылы жасаған көшірмесі 1915 жылы Стамбұл базарында (онда да ескі заттарды сатушының арбасынан) табылған көрінеді. Ол көшірме қазір аталған қаладағы Фатх кітапханасында сақтаулы тұр.
«Сөздік» алғаш 1915-1917-жылдары Стамбұлдағы Ахмет Рифат баспасынан үш томдық кітап болып жарияланған екен.
Содан кейін кітап Лейпциг қаласында, белгілі шығыстанушы Броккельманның аударуымен, неміс тілінде жарық көрді. Ал түрколог С. Муталибов ол үш томдық еңбекті өзбек тіліне аударып, Ташкентте 1960-1963 жылдары бастырып шығарған болатын.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубай кейінірек кітапты қазақшаға аударып, баспаға әзірлеген еді. Осылайша «Сөздік» 1997-1998 жылдары қазақ тілінде жарық көрді.
Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігінен» басқа «Китап-и-джавахир ан-нахв фи луғат ат-түрік», яғни «Түркі тілдері синтаксисінің құнды қасиеттері туралы» атты еңбегі болған, бірақ кітап біздің заманымызға жетпестен жоғалып кеткен екен.
ЮНЕСКО ғұлама ғалымның туғанына 1000 жыл толуына байланысты 2008 жылды «Махмұт Қашқари жылы» деп жариялаған болатын. Соған орай Алматыда және Стамбұл мен басқа да қалаларда ғылыми конференциялар өткізілген көрінеді.
Сөзімізді ғалым Н. Келімбетовтың пікірімен түйіндегенді жөн көріп отырмыз: «...Сөздіктегі әдеби үлгілердің көркемдік сипатына келер болсақ, түркі тайпаларының әртүрлі поэтикалық жанырларда көркем туындылар жасағанын көреміз».
Ізденген ұрпаққа «Сөздіктің» ашар әлі талай құпиясы бар.