Саф алтыннан жасалған шежіре, Назарбаевтың Астанадағы мұражайына саяхат

Назарбаевтар әулетінің шежіресі. Астанадағы Назарбаевтың мұражайында тұрған саф алтыннан жасалған бұйым.

Мұражай тегін жұмыс істейді. Дүйсенбіден басқа күндері кіруге болады. Есік алдындағы қауіпсіздік сақшылары сізді мұқият тексереді. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың мұражайындағы жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік аласыз.
ҚАРАСАЙ - НАЗАРБАЕВТЫҢ БАБАСЫ МА?

Жолбастаушы қыз алдымен бізді екінші қабаттағы Назарбаевтың ата-бабасын, балалық шағын, өскен ортасынан сыр шертетін залға алып барды. Ең алдымен көзге түскені – президенттің шежіресі жазылған саф алтыннан жасалған сыйлық.

Сыйлық бұталы ағаш ретінде істелінген. Ал оның жапырақшалары изумруд, алмас секілді өте бағалы тастармен көмкерілген екен. Жоғары жағы күннің көзі ретінде салынып, оған президенттің шыққан тегі – Нұрсұлтан, Әбіш, Назарбай, Көшек, Қарасай, Есқожа, Шапырашты деп жазылыпты.

«Президенттің аталарының бірі Қарасай батыр болған. Ол өз заманының асқан батыры, қолбасшы болған», – деп түсіндіріп жатты бізге жол көрсеткен музейдің ғылыми қызметкері Ақмарал. Шежіренің жанында, қазақтың тарихи қылыш, белбеу секілді көне қымбат бұйымдар бар. Бұлар да президентке берілген сыйлықтар екен.

Келесі көрме – президенттің балалық шағын суреттейді. Онда отбасы, Қаскелеңдегі оқыған мектебі, кілең бестігі бар аттестациясы тұр.

«Президент Абай атындағы мектепті тәмамдады. Бүгінде бұл мектеп тарихи мұражайға айналған. Президент мектепте өте зерек болды. Кез-келген пәнді оқу оған оңайға түсті. Ол домбырада, мандалинде, баянда ойнағанды жақсы көретін», – деп түсіндіреді Ақмарал.

Назарбаевтың мұражайындағы оның алақаны салынған алтын жалатылған табақша.
Сонымен бірге мұнда Назарбаевтың мектепте оқып жүріп, Қытайдағы қазақ баласымен хат алысқан «Алыстағы қытайлық досыма» деп аталатын мазмұны газетте жарияланған мақаласы тұр.

Бұл залда видео таспадан «Мұзарт» тобының орындауында президенттің «Үш қоңыр» әні үздіксіз шырқалып тұрады екен. Жанында шағын қолдан жасалған көрініс бар. Онда әкесімен бірге кішкентай Нұрсұлтан Үшқоңыр жерінде, тау бөктеріне қарап армандап тұр. «Бұнда Назарбаевтың туған жеріне деген махаббаты, әннің шығу тарихы бейнеленген», – дейді музей қызметкері.

НҰРСҰЛТАН МЕН САРАНЫҢ МАХАББАТЫ ОЯНҒАН ЖЕР

Осылайша, президенттің балалық шағынан Қарағанды облысындағы Теміртауға аттанамыз. Мұнда президенттің от пен күлдің арасында білегін сыбанып, өзгелерден жұлдызы жанып жұмыс істеп жатқандығын көрсететін суреттер, мүсіндер, мақтау қағаздары бар.

– Президенттің алғашқы еңбек жолы Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта жұмыс істеуден басталды. Осы жерден оны Украинаға оқуға жіберді. Онда Днепропетровскідегі металлургиялық зауыттың жанындағы техникалық училищеде оқып, тау-кенші
мамандығын алады. Қайтадан Теміртау қаласына оралып, металлургиялық комбинатта жұмысын жалғастырады. 1960 жылы Орталық Азия елдері бойынша бірінші рет Теміртауда домна пеші іске қосылады. Оның қатысушыларының бірі Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ол осы жерде тоғыз жыл жұмыс істейді, – дейді музей қызметкері.

Теміртау жерінде Нұрсұлтан Әбішұлы болашақ жары Сара Алпысқызымен кездесіп, отау құрады. Сол жерде Дариға мен Динара дүниеге келіпті. «Кейін компартияның Қарағанды облыстық комитетінің жұмысын басқарады. Осында университетті тәмамдайды», – дейді жолбастаушы.

– Қандай университет?

– Қарағандыдағы жоғары техникалық оқу орны.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ПРЕЗИДЕНТТІК ДӘУІРІ

Осыдан кейін президенттің еңбек жолымен бірге Алматыға аттандық. «Компартияның жүйесімен президент Алматыға ауысады. Алматыда оны Компартияның орталық комитетінің хатшысы етіп сайлайды. 1984 жылы министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. 1989 жылдың 21 маусымында Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады», – деп түсіндіреді жолбастаушы.

Мұражайда 1991 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның бірінші президенті болып сайланған кезеңін бейнелейтін құжаттар мен фотоларға толы арнайы көрме бар. Осыдан Назарбаевтың президенттік дәуіріне сапар шегеміз.

Келесі бөлме – осы мұражай орналасқан ғимарат президенттің резиденциясы болған кездегі оның жұмыс орны. Жұмыс кабинетін бес-алты қадам қашықтықта тұрып көре аласыз. Оның креслосына, үстеліне қол тигізуге болмайтыны ескертіліп, қызыл лентамен қоршап қойылған.

Бөлменің оң жақ қабырғасында 2005 жылдың желтоқсан айындағы президенттік сайлаудан кейін таққа отырған кездегі Нұрсұлтан Назарбаевтың аяғы тиген ақ киіз ілулі тұр.

Келесі бір үлкен зал президенттің жасампаздық қызметіне арналған. Оның жеке қойын дәптерінде жазылған идеялары, жоспарлары жөніндегі қолжазбадан бастап, шет тілінде жарық көрген кітаптары, Астанадағы құрылыс нысандарының өзі сызған жобалары бар.

«АСАРДЫҢ» МҰРАСЫ ЖӘНЕ ТҮРКІМЕНБАШЫНЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

Залдағы бір бұрыш елдегі сөз бостандығы мен демократияны бейнелейтін орынға айналыпты. Бір шетінде саяси партиялардың ішінен тек «Асар», «Азаматтық» және «Ақ жол» партияларының жалаушылары мен бағдарламалары тұр. Мұны музей қызметкері елдегі демократиялық дамуға үлестерін қосып, тарих қойнауына кеткен партиялар деп түсіндірді.

Бұл залдан шыққаннан кейін шетел мемлекеттері басшыларының, халықаралық қауымдастықтардың, діни ұйымдардың президентке тарту еткен сыйлықтарын тамашалайсыз.

Ең алдымен Түркия басшысының тарту еткен ыдыс-аяғы тұр. «Себебі, Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғашқы болып мойындаған мемлекет. Сол үшін бұл елдің сыйлығы бірінші орында тұрады», – дейді мұражай қызметкері.

Келесі сыйлық – Түркіменбашының сыйлаған саф алтыннан жасалынған кесесі. Осылайша, бұл жерден көптеген небір бағалы
Ақмоладағы Назарбаевтың алғашқы резиденциясындағы жұмыс орны.
сыйлықтарды көре аласыз.

Келесі зал – Күмбезді зал деп аталады. Шаңырақ іспеттес салынған көгілдір бұл ғимаратта мемлекет басшысы 1998 жылдың 10-шы желтоқсанында Ақмола қаласын Астана деп өзгерту жөнінде тарихи шешім шығарыпты. Бұл залдағы президенттің креслосы, сөйлеген мінбері де қызыл лентамен байланып қойған. Яғни, оларға қол тигізуге болмайды деген сөз.

Мұражайдың қабырғаларында қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы мен қызметін суреттейтін небір портреттерді көре аласыз. Түкті кілемде де оның бейнесі бар.

Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың мұражайы осылай жырлайды.

ПРЕЗИДЕНТ МҰРАЖАЙЫНДА БОЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ АРМАНЫ

Мұражайға келушілердің көбі – жазғы демалыстарына шыққан мектеп оқушылары. Солардың бірі Ақмола облысы, Еңбекшіл ауданынан
келген 8-сынып оқушысы Құралай Ибраева Азаттық радиосына былайша әсерімен бөліседі:

«Мен осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың бәйтеректің жобасын өзі жасағанын білмеппін. Президент кішкентай ауылдан шықса да, ауыл мектебін бітірсе де елді басқарып отыр. Мен де ауылда тұрамын. Болашақта президент секілді мен де үлкен арман-мақсатыма жеткім келеді».

Мұражайдан шыға бере, қауіпсіздік сақшылары тағы да бастан-аяқ мұқият тексерді. Сөмкемізді ақтарып қарады. Қауіпсіздік қызметкерлерінің тексеруінен аман-есен өтіп, далаға шықтық.

Далада, Астанада сол баяғы қайнаған өмір жалғасып жатыр. Әлі 2009 жыл екен. Себебі, бірінші президент мұражайы бір сәт 2030 жылға түсіп кеткендей әсер қалдырды. Өйткені, мұнда президент жайында тек өткен шақпен баяндалған әңгімелерді естисіз.