Қыркүйектің 13-і күні Атырау соты бұдан бір жыл бұрын құлаған көпірге байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша бес адамға үкім шығарды. Былтырғы апатта қаза болғандардың туыстары құрылыс компаниясы басшылығының жауапкершіліктен құтылғанына наразы.
ПРОРАБ АЙЫПТЫ
Атырау қаласының №2 соты былтыр күзде Жайық өзені арқылы салынып жатқан көпірдің құлауына байланысты айып тағылған бес адамның ісін қарай келе, құрылыс прорабы Олег Зайцевті төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Қалған төрт адам: «Трансстроймост» акционерлік қоғамы Атырау филалының атқарушы директоры Жәнібек Бекмағамбетов, бас инженер Мұхит Бекмағамбетов, механик Сергей Супрун мен еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы инженері Ольга Самарина шартты жазаға кесілді.
Ал осы іспен шұғылданған полиция тергеушілері «Трансстроймост» акционерлік қоғамы президенті Ғабиден Қайымсұлтанов пен осы кәсіпорынның Атыраудағы филалының директоры Валентин Цойға қарсы қылмыстық іс ашудан бас тартқан болатын.
Атыраудағы көпір былтыр қыркүйектің 11-і күні құлап кетіп, соның салдарынан құрылыста жұмыс істеп жатқан сегіз адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алған болатын. Құны 6 миллиард теңге тұратын бұл көпір құрылысын Атырау облыстық әкімшілігінің тапсырысы бойынша «Трансстроймост» акционерлік қоғамы салып жатқан-ды.
Тергеу барысында бұл көпір құрылысын мердігер компания мемлекеттік бақылаушы мекемелердің рұқсатынсыз өз бетімен салып жатқаны анықталды. Алайда, елде көпір құрылысын салу ісінің білікті мамандары болмауы себепті тергеу жұмыстары бір жылға жуық уақытқа созылды.
АҚАУЫ БАР ДОМКРАТ
Сот шығарған үкімде апатқа көпірдің бір бөлігін көтеретін құрал – домкраттың дұрыс жұмыс істемеуі себеп болғаны айтылған. Апат болар күннің қарсаңында жұмысшылар Жайықтың оң жағалауынан сол жағалауына көпірдің ұзын бір бөлігін орналастырған. Қыркүйектің 11-і күні әлгі бөліктің жалғанар тұсында 12 сантиметрге ауытқып кеткенін байқаған. «Бұған өзен суының көбеюі себеп болған» делінеді үкімде.
Әйткенмен прораб Олег Зайцев 16 адамнан тұратын жұмысшылар бригадасын көпірдің жаңағы бөлігін астыңғы жағынан гидравликалық домкраттың көмегімен реттеуге жұмсаған. Ал өзі ол жұмысты бақыламай, прорабтар бөлмесіне кетіп қалған.
Салмағы 250 тонна жүкті көтеруге арналған домкраттардың бірі жұмыс кезінде кенет істен шығып қалған. Соның салдарынан, аса ауыр көпір бөлігі бір жағына ауған күйі өзенге құлап, астында жұмыс істеп жатқан сегіз адамды басып қалған. Ал көпір үстінде болған тағы бір адам жарақат алған.
ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС
Қаза тапқан жұмысшылардың туған-туыстары «Трансстроймост» қызметкерлеріне шығарылған үкіммен келіспей, шағым беретіндерін айтып отыр. Олар көпір құрылысын заңсыз жүргізіп, құрылыстың қауіпсіз ақша үнемдеген компания басшылығын да жауапқа тарту керек деп санайды. Қаза болғандардың бірінің туысы Айгүл Құмамбетова көпір құрылысын жүргізуге мемлекеттік құрылыс-сәулет
Көпір құрылысында қаза болғандардың туыстары Азаттық тілшісіне сұқбат беріп отыр. Атырау, 14 қыркүйек 2010 жыл.
бақылау департаментінің рұқсат қағазы да берілмегендігін айтады.– Көпірдің ешқандай құжатсыз салынғаны ресми орындарға белгілі. Қырсық қылғанда, кәсіпорын басшылығы құрылысқа рұқсатты дәл сол қыркүйектің 11-і күні ғана алыпты. Көпір жобасының ауторына айтпастан «Трансстроймост» басшылығы жобаға өз бетінше өзгерту енгізген, – дейді Айгүл Құмамбетова.
Оның айтуынша, көпірдің өзенге құлаған бөлігінің ұзындығы жобада 35 метр деп көрсетілгенімен іс жүзінде 21 метрге дейін заңсыз қысқартқаны кейін анықталған. Апатты зерттеген мамандардың айтуынша, 35 метрлік көпір бөлігін жылжытқан кезде, жетінші және сегізінші тіреулердің арасына дөп келетін 14 метрлік қалған бөлігі тепе-теңдікті қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда осы 14 метрді білгісіз себептермен қысқартып тастағандықтан, уақытша тіреулерге шамадан тыс салмақ түскені айтылады зерттеу құжаттарында.
– Бұған қоса, жоба бойынша көпір бөлігін жылжытқан кезде оның астында ешкім тұрмауы тиіс болатын. Ол жұмысқа қашықтықтан басқарылатын домкраттар пайдалану көзделген. Бірақ, сарапшылар көрсеткендей, мұндағы жұмыстардың барлығы қолмен атқарылған. Осылайша, қауіпсіздік техникасы ережелері өрескел бұзылып, адам қазасына әкеп соққан, – дейді дейді Айгүл Құмамбетова.
МИЛЛИОН ҮШІН ҚОЛХАТ
Қаза тапқан жұмысшылардың туған-туыстары сақтандыру төлемін де, асыраушысынан айырылғанына байланысты берілетін жәрдемақыны да әлі күнге дейін алмағандарын айтады.
– Мәйітпен бірге марқұмды жерлеуге деп 200 мың теңгеден берді. Мемлекеттің де, «Трансстроймост» компаниясының да жәрдемі сонымен бітті. Кәсіпорында жұмысшылар сақтандырылған, бірақ ешкім де біззге сақтандыру төлемін берген жоқ. Не моральдық, материалдық зиян шеккенімізге өтемақы, не асыраушымыздан айрылғанымызға байланысты ешқандай төлем алмадық. «Трансстроймост» компаниясының өкілдері бізге «бір миллион теңгеден алыңдар да, «Трансстроймост компаниясына қояр ешқандай талабымыз жоқ деген қолхат жазып беріңдер» деп бірнеше рет келді. Қаза тапқан туыстарымызға 2008-2009 жылдарға тиесілі еңбекақының өзін әуре-сарсаңмен зорға берді, – дейді Әлия Базарбаева. Оның 26 жастағы інісі Талғат Базарбаев көпір құлағанда қаза тапқан.
Сот жәбірленушілердің арызын ішінара қанағаттандырып, марқұм болғандардың әрқайсысының отбасына моральдық зиянның өтемі ретінде екі миллион теңгеден (шамамен 13 жарым мың АҚШ доллары) төлеу туралы үкім шығарды.
ҚҰЛЫБАЕВ ЖӘНЕ «ТРАНССТРОЙМОСТ»
«Трансстроймост» компаниясының Атыраудағы филиалы жұмысшылары сегіз ай бойы төленбеген еңбекақыларын талап етіп былтыр шілде айында ереуілге шыққаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.
«Трансстроймост» акционерлік қоғамы – Қазақстанда көпір, көлік жолдарын салумен айналысатын бірегей үлкен компания. Кеңсесі Қапшағай қаласында орналасқан бұл компанияда 2008 жылы бес мыңнан астам адам жұмыс істеген.
Былтыр Қазақстан Қаржы қадағалау агенттігінің сайтында «Трансстроймост» акционерлік қоғамының банкрот болып жарияланғанына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Кейіннен, сот банкроттық жөніндегі қылмыстық іс өндірісін тоқтатып, үш жылға компанияны сауықтыру мерзімін белгілегені туралы ақпарат пайда болды.
«Трансстроймост» акционерлік қоғамы акциясының 50,63% негізгі құрылтайшы – «АВЕ Корпорациясы» акционерлік қоғамының еншісінде. Тағы да сол Қаржы қадағалау агенттігінің 2008 жылы 23 ақпандағы дерегінде «АВЕ Корпорациясы» акционерлік қоғамының президенті Асқар Құлыбаев екендігі айтылған. Қазақстанда бұл кісі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы ретінде танымал.
Осы агенттіктің 2009 жылғы дерегінде «АВЕ Корпорациясы» акционерлік қоғамының президенті Рақымберген Тоқсейітов деп көрсетілген, ал Директорлар кеңесінің құрамында Бексұлтан Талғатұлы Құлыбаев (1984 ж.т.) деген адам бары жазылған.