Академик М.Диаров: Ширек ғасыр бұрын Теңізде болған сұрапыл апат тағы да қайталануы мүмкін

Теңіз кенішіндегі № 37 скважинадағы өрт. 1985 жыл. Сурет академик Мұфтах Диаровтың "Экология и нефтегазовый комплекс" (1 том, 2003 жыл) деген кітабынан алынды.

Геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор Мұфтах Диаров Каспий теңізіндегі экологиялық ақырзаман жайлы ғылыми түйін айтты. Дүниежүзіне әйгілі мұнайшы-ғалым Каспийдегі болуы ықтимал мұнай-газ апаттарының нақты себептеріне терең талдау жасады.

ТЕҢІЗДЕГІ № 37 ҰҢҒЫМА

Атырау мұнай және газ институты Аймақтық экологиялық проблемалар ғылыми орталығының директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Мұфтах Диаров ұзақ жылдар бойына Каспий өңіріндегі ірі мұнай компанияларының қоршаған ортаға келтіріп жатқан зиянын дәлелдеп келе жатқан бірбеткей ғалым ретінде танымал.

Жақында академик Мұфтах Диаров тағы бір құнды ғылыми еңбегі – «Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы көмірсутегі қорының тұз асты қабаттарын игеру барысындағы болуы мүмкін қатерлі апаттар» деп аталатын зерттеуі жайлы Азаттық тілшісіне баяндап берді. Ғалымның бұл еңбегінде Каспий өңірін Мексикада болған апаттан да жойқын зұлматтың күтіп тұрғаны жөнінде терең ғылыми сараптама жасалған.
Академик Мұфтах Диаров. Атырау, қыркүйек, 2007 жыл.

Мұфтах Диаров ерте ме, кеш пе Каспий теңізі айлағының қазақстандық бөлігінде апатты мұнай-газ тастандыларының таралатыны анық дейді. Сонда көгілдір теңіз қоршаған ортаның оңалмастай болып бұзылған алып стационарлық бөлігіне айналады.

«Ең қорқыныштысы да сол - алда-жалда алғашқы апаттардың бірі бола қалса да, ол теңізден мұнай өндіруге тосқауыл бола алмайды. Өйткені, әңгіме миллиардтаған доллар пайда туралы болып отыр емес пе! Мұнайдың тұз асты қабаттары көмірсутегі қорларын игеру мәселелері жөнінде қатаң шешім қабылдайтындар, әсіресе шенеунік мырзалар болуы әбден ықтимал апатты экологиялық құбылыстардың тереңдігі мен ауқымын түсінсе мен үшін шексіз қуаныш болар еді-ау. Ал өз болжауларым жаңсақ шықса менен бақытты адам болмас еді» деп жазған ғылыми сараптауының соңында академик Мұфтах Диаров.

Әйткенмен, Қазақстанда совет заманында аса үлкен мұнай апаты болған еді. Осыдан ширек ғасыр бұрын Атырау облысындағы мұнай кенішінде шыққан алапат өртті зорға сөндірген.

«Апат 1985 жылғы маусымның 25-інде 4467 метр тереңдікке Теңіз кеніші бөлігі мен тас-көмір шөгіндісіндегі көмірсутегі шикізаты қорын анықтау үшін салынған №37 ұңғыма стволының жылжуы салдарынан туындап, атмосфераға мұнай мен газ тарады. Бірнеше сағаттан соң ашық фонтан лаулап жана бастады», – деп еске алады ғалым.

Апат салдарынан жер астынан биіктігі 300, ал ені 50 метр болатын алып жалын көтерілді. Ұңғыманың айналасындағы температура Цельсия бойынша 1500 градусқа жетіп, ұңғыма төңірегіндегі жерді 4400 С дейін қайнатып, әйнек тектес қоспаға айналдырып, балқытып жіберді.

Жергілікті жұрт сол жолғы апатта жұмысшылардың бірін ұңғыма төңірегіндегі жоғары қысым ауаға лақтырып, жер бетінен шапшыған үлкен жалында сол адамның тірідей жанып кеткенін де ұмытқан жоқ. Аспаннан ыстыққа күйіп, қақталған құс еттері жауған еді деп еске алады апатты көзімен көргендер. Адам төзбес ыстықтан кейін осы төңіректе тенгизидтер деп аталған жасанды минералдар түзілді.

Совет одағы алапат өртті сөндіруге ең таңдаулы адамдар мен техника күшін жұмылдырды. Апатты жою 398 тәулікке – 1985 жылдың 23 маусымынан 1986 жылдың 26 маусымына дейін жалғасты. Өртті сөндіру үшін әуеден, жер астынан көптеген әдістер қолданылып көрді, ақыр соңында іштен бағытталған жарылыс жасау арқылы №37 ұңғыманың аузы бітелді.

Теңізде болған бұл апат 1981 жылы 18,7 миллион тонна мұнай өндірген Қазақстанда 1985 жылы 25 миллион тонна мұнай өндіруді межелеген мемлекеттік жоспарға кесірін тигізді, ал 1985 жылдан бастап Совет Одағында мұнай өндіру көрсеткіші құлдырай бастады.

«Мұнай-газ өнімінің жануы салдарынан ауаға: 3,4 млн. тонна мұнай., 1,7 млрд. текше метр жанғыш газдар, оның ішінде 516 мың тонна Н2S (немесе 1,0 млн. т. SО2), 850 тонна меркаптандар, 1,0 млн. тонна жанбаған көмірсутегі мен 900 мың тонна күйе тарады. Атырау облысында тұрғындардың ауру-сырқауы 50 пайызға көбейіп кетті», – дейді ғалым.

Әсіресе қаны аздық, туберкулез, қатерлі ісік және басқа да қауіпті ауруларға ұшырағандар көбейді. Сол жолы сегіз мұнайлы ауыл осы апатты жалын шарпыған аумақтың шекарасында қалған.

Бұндай апаттардың экстремалды жағдайларда және үлкен тереңдікте орналасқан мұнай резервуарлары ашылғанда қайталану қаупі бар, – деп жазады академик Мұфтах Диаров.

КАСПИЙ ТАБАНЫ ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТҚА ТОЛЫ

Қазіргі кезде Каспий қайраңының Қазақстанға тиесілі бөлігінде елдің мұнай өнеркәсібі саласында бұрын-соңды болмаған аса үлкен мұнай-газ кеніштері игеріліп жатыр.

«Батыс мұнай компаниялары өткізген геофизикалық зерттеулер мәліметі Қашаған, Қайран, Ақтоты, Королевское және Теңіз мұнай кеніштерінің құрылымдары 160 шақырымға созылған біртұтас күрделі аймақ екенін көрсетті. Барлық тұз асты мұнай резервуарлары көзге әдеттен тыс жоғары қысымды, температура мен жоғары құрамдағы күкірт қышқылы жинақталған жарылғыш дәрі салынған алып күбіні елестетеді», – деп жазады ғалым.
Каспий теңізі Қашаған кенішіндегі Д аралы. 2009 жыл.


Оның айтуынша, 4000-5500 метр тереңдіктегі мұнай резервуарларының өзі аса жоғары ішкі қабаттық қысым астында орналасқан, жалпы көлемі айлақ пен теңіз жағалауының 3154 шаршы метр аумағын алып жатыр. Ғалымның сөзіне сүйенсек, бұл мұнай резервуарлары, статикалық жағдайы бұзылған Каспийде табиғи және техногендік жер сілкіністері салдарынан немесе кеніштерді ұңғылап қазып, игерген кезде «жарылуы» мүмкін.

Ғылыми деректер бойынша, қазіргі уақытта жер қыртысында бір-бірімен тығыз байланыстағы табиғи және техногендік процестер ерекше қарқын алып барады. Ғаламдық тектоникалық қабаттардың қозғалысы (тұтас құрлықтар орнынан жылжуы), аймақтық жер қыртысының күйреуі, әртүрлі магнитудалық жер сілкіністері, цунами, торнадо және ауа-райының басқа да аномальды құбылыстары жиілеп кетті.

«Бұл апаттардың Каспий бассейні аймағын айналып өтпесі анық. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының сейсмологиялық институты мәліметіне сәйкес, Каспий айлағын қосқандағы Атырау облысы аймағы Рихтер бағаны бойынша магнитудасы 6 баллдық жер сілкінісі болуы мүмкін жер қыртысы учаскелеріне жатқызылған.

Қашаған, Қайран, Ақтоты, Королевское және Теңіз тәрізді ірі тұз асты мұнай және газ кен орындары жер қыртысының тектоникалық белсенді учаскесінде орналасқан. Солтүстік Каспийдің айлақ бөлігінің аса ірі карбонатты мұнайлы құрылымы жер қыртысының белсенді геодинамикасымен байланысқан тектоникалық тығыздалған жыныс болып саналады. Амплитудалары назар аудартатын тектоникалық бұзылулардың кездескені жайлы сейсмикалық және бұрғылау мәліметтері тіркелген құжаттар да бар», – деп жазады академик Мұфтах Диаров.

Ғалымның дәйегі бойынша, Теңіз кеніші шеңберіндегі жер қыртысының жарылуының қазіргі қарқыны - жылына 5 см. Шығыстағы Бозащы күмбезімен шектелетін солтүстік-батыста да жер қыртысының жарылуы артып барады. Ал 2000 жылғы сәуірдің аяғында Каспий теңізінің қазақстандық секторының шығыс жағалауында жер бетінің әжептәуір шөгуі байқалған.

Соның салдарынан Қаламқас және Қаражамбас кен орындары учаскелерін су басып, жүзден астам ұңғымалар су астында қалған. Оның үстіне жағалау сызығы бұрынғымен салыстырғанда ондаған шақырымға ауытқыды.

«Орталық Каспий айлағы сейсмикалық аудандастыру сызбасына сай магнитудасы 7 баллға дейінгі жер сілкінісі болуы мүмкін аймаққа жатады. Орталықпен шектесіп жатқан Оңтүстік Каспий түрлі магнитудталық жер сілкіністері үнемі болып тұратын тектоникалық жарылудың белсенді аймағы саналады әрі оның магнитудасы 1-2 балдан 4 балға дейінгі әсері Солтүстік Каспийге де жететін болады. Міне, осылайша, Каспий теңізінің қазақстандық секторы тұз асты қабатындағы көмірсутегінің мол қорын тоқтаусыз игеру аса күшті табиғи геодинамикалық және техногендік факторлардың өзара әрекеті жағдайында жүзеге асып жатыр. Яғни төніп тұрған табиғи жер сілкінісінің қаупі де зор», – деген болжам жасайды академик.

Бұдан әрі ғалым табиғи жер сілкіністерінен өзге мұнай өндірудің тойымсыз әдістері де Каспийге техногендік сипаттағы апат қаупін төндіретіндігін атап көрсетеді.

«Тектоникалық жағынан белсенді аймақтардағы процесс кезінде мұнай резервуарларынан мұнай мен газды өндіру барысында қалпына келмейтін кеңістіктер, жыралар пайда болуы магнитудасы 7 балдан жоғары жер сілкінісін әкеліп соқтырады. Техногендік жер сілкінісі барлық жерде болып жатыр.

Мысалы, Батыс Өзбекстанның сейсмикалық жағынан әлсіз саналатын Газли ауданында мұнай мен газды өңдегеннен кейін магнитудасы 7,0-7,3 балдық жер сілкінісі болды. Первомайск кен орыны игеріле бастағанына 30 жыл өткен соң, 1995 жылы Сахалиннің солтүстігіндегі Нефтегорда көптеген адам өмірін жалмаған, магнитуды 6,8 балдық жер сілкінісі болды. Батыс Түркіменстандағы Құмдақ кен орыны пайдалана бастағаннан бергі 20 жылдан соң магнитуды 6 балдық жер сілкінісі болды», – деп жазады мақалада Мұфтах Диаров.

Ғалымның айтуынша, Теңіз кенішінде 1993 жылдан бері барлық жағынан қарқынды шапшаңдықпен көмірсутегі қоры игеріліп жатыр. Бірақ әлі күнге дейін «босап қалған кеңістіктер мен жарықтар сумен немесе газбен толтырылмаған. Ал ондағы жер қойнауының статикалық жағдайы баяу болса да бұзылады дейді академик.

Теңіз кенішіндегі осы факторлардың барлығы қазірдің өзінде техногендік жер сілкінісін тудыруы ықтимал. Жалпы айтқанда, Каспий бассейнінде техногендік жер сілкінісі әбден болуы мүмкін құбылыс деп санайды Мұфтах Диаров.

ТЕҢІЗ СУЫ ХИМИЯЛЫҚ ҚОСПАЛАР ЕРТІНДІСІНЕ АЙНАЛАДЫ

Теңіздегі Қашаған, Қайран және Ақтоты кен орындарындағы болуы ықтимал апат кезінде мұнай-газ төгінділерінің табиғи ортаға физикалық әсерінің сипаты мен салдары Теңіз кенішіндегі №37 ұңғымадағы апатпен дәлме-дәл келуі мүмкін. Академик Мұфтах Диаров ғылыми сараптамаларға сүйене отырып, теңіздегі апатты жағдайдың моделін жасап шығарған.

«Барлық кен орындары теңіздің тереңдігі бір метрден бес метрге дейінгі қайраңды тұстарында орналасқан. Сондықтан бұл жердегі апатты жоюға жету жолдарын жасаудың өзі үлкен қиындық тудыратын болады. Әрине, кейбір жағдайларда апат орынына жүзу техникасын жеткізу үшін жыралар мен каналдар қазылатын болар. Бірақ атқылаған гейзерден аумайтын ұңғыма ауызын көз алдыңызға келтіріп көріңізші.
Каспий теңізінің Әзербайжанға тиесілі аумағы. 14 қазан 2009 жыл.


Мұнаймен және газбен араласқан су сыртқы пішіні биіктігі 300, ал диаметрі 50 метр діңгектей болып тік атқылайтын болады. Апат болған ұңғыманың аузы мен оның айналасындағы ауа мен теңіздің табаны бірнеше жүздеген градусқа дейін қызады. Ұңғыманың айналасындағы ыстық су төңірекке бірнеше шақырымдарға дейін жайылады. Сөз жоқ, ол өз жолында тек табиғатқа ғана кері әсерін тигізіп қоймай, теңіздің кейбір учаскелеріндегі биоқорларды құртуы мүмкін. Теңізге үздіксіз түскен мұнай шашырандылары мен қабыршақтары апат болған аймақтан бірнеше жүздеген шақырымдарға тарайды. Мұнайдың ауыр қалдықтары теңіз түбіне шөгеді. Қайраңды жерлерде желдің әсерінен теңіз түбіне дейін таралған мұнай мен газ оның зияндылығын арттыра түседі», – деп ескертеді академик.

Каспий айлағы арқылы ұшып өтетін немесе онда ұя салатын, қыстайтын құстардың басым бөлігі, жалпы саны жағынан алғанда 10 млн. астамы зиян шегеді, олардың бір бөлігі мүлде жойылады. Құстардың басқа бөлігі басқа аймақтарға көше жүріп көптеген су айдындарына, теңіздер мкен жер шарының континенттеріне түрлі жұқпалы аурударды таратады. Бұл процесте үнемі жалғаса беретін болады. Теңіз суының химиялық құрамы өзгереді. Химиялық қоспалар (күкірт қышқылы, күкірт пен азот тотықтары, көміртегі, меркаптандар) өзгеріп бірігудің басқа түріне айналады. Жер қойнауынан шыққан заттардың жоғары температурасы теңіздегі болып жатқан химиялық реакцияларды жеделдете түсетін катализаторға айналады.

Теңіздің кейбір бөліктерінде бұл су асты өсімдіктерінің, планктонның, зоопланктонның, бентостың, зообентостың, балықтың, итбалықтар мен құстардың ұзаққа созылатын қырылуына әкеліп соқтырады.

Мұнайгаз төгінділері таралған апатты аймақтан жүздеген шақырымда тұратын тұрғындар арасындағы ауру-сырқау бірден арта бастайды», – деп жазады Мұфтах Диаров.

Ғалым Каспий теңізінің әлі күнге дейін халықаралық заңмен қорғалмағаны қазақстандықтар үшін ең үлкен қасірет деп атап көрсетеді.

«Каспий теңізінің биологиялық қоры да сақтандырылмаған. Біздің шамалауымызша, 50 жыл ішінде жаңарған биоқор 2 трлн. доллардан астам. Өкінішке қарай, бұл дәйек те халықаралық құқық қорғаушы ұйымдармен нақтыланбаған.

Мұнай мен газ кен орындарын пайдаланып жатқан қазіргі мұнай компанияларына биоқорларды құртқаны үшін ешқандай құқықтық немесе қаржылық жауапкершілік жүктелмейді. Олар тіпті Каспий теңізінің жағалауында тұратын миллиондаған тұрғындардың денсаулығына келтіріп отырған зиян шығынын өтеуді де ойламайды», – деп қынжылады академик.

АДАМЗАТ ТАБИҒАТТЫ МИЛЛИАРДТАҒАН ДОЛЛАРЛЫҚ ПАЙДАҒА АЙЫРБАСТАДЫ

Академик Мұфтах Диаровтың пікірінше, Каспий табиғаты адамзатты таразының тезіне салып, «ал таңдауыңды өзің жаса!» деп тұрғандай.

«Теңіздің бетінде жабық теңіз бассейнінде 200 миллион жыл бойында пайда болған аса сирек кездесетін балық мен жан-жануарлар әлемі бар. Астына үңілсең, 4000-5000 метр тереңдікте игерілуі мен орасан орасан зор қоры құрамы жағынан ең улы – 19-22% концентрациялы ерітілген күкірсутегі мен жоғары уытты төрт модификациялы меркаптан түріндегі және басқа да улы заттар шоғыры орналасқан «қара алтын» жатыр. Өкінішке қарай, адамзат өкілі басқаны көзіне ілмей, мұнайды таңдады. Енді ашуына мінген табиғат ананың да: «Жарайды, ашкөз адам, құрып біткен миллиардтаған биологиялық қордың кегін сенен алмай қоймаспын, әлемдік көлемдегі апатты көргеніңде ғана бәлкім санаң оянар!» деген қарғысын айтар кезі алыс емес», – деп жазады ғалым.

Атырау мұнай және газ институтының Аймақтық экологиялық проблемалар ғылыми орталығы директоры, академик Мұфтах Диаров ерте ме, кеш пе Каспий теңізі айлағының қазақстандық бөлігінде апатты мұнай-газ тастандыларының таралатыны анық дейді. Сонда көгілдір теңіз қоршаған ортаның оңалмастай болып бұзылған алып стационарлық бөлігіне айналады.

«Ең қорқыныштысы да сол, алда-жалда апат бола қалған күннің өзінде, оны ауыздықтай салысымен теңізден мұнай өндіру ісі жалғаса бермек. Өйткені, әңгіме миллиардтаған доллар пайда туралы болып отыр емес пе! Мұнайдың тұз асты қабаттары көмірсутегі қорларын игеру мәселелері жөнінде кесімді шешім қабылдайтындар, әсіресе шенеунік мырзалар, болуы әбден ықтимал апатты экологиялық құбылыстардың тереңдігі мен ауқымын түсіне білсе, қуанышымда шек болмас еді. Ал өз болжауларым жаңсақ шықса, онда менен бақытты адам болмас еді», – деп жазады ғылыми сараптауының соңында академик Мұфтах Диаров.