Атырау қаласының іргесіндегі Геолог ауылы тұрғындары бұрынғы демалыс бағының қоқыс орнына айналғанын, ауылда балалар ойнайтын алаң мен балабақшаның жоқтығын айтып шағымданады.
«БОРСЫҒАН АУА ДЕНСАУЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚҰРТТЫ»
Күлән Сейтмұханова Геолог ауылындағы жатақхананың бар-жоғы 34 шаршы метрлік бір бөлмесінде үш немересі, қызы, ұлы және келінімен бірге тұрады. Бір үйлі жан жалғыз адамның табысына қарап отыр – Күләннің жұмыс істейтін қызы 35 мың теңге жалақысын бүкіл отбасына жеткізуі керек.
Отбасындағы жандар тұрып жатқан баспаналары өмір сүруге қолайсыз екендігін айтып, шағым жасады.
– Үйде канализация суының сасық исінен дем ала алмайсың, ал таза ауа іздеп сыртқа шықсаң, елдің төккен жуынды-қоқысына тірелесің. Ақша жинап құбырларды ауыстырғанмен мүңкіген иістен құтыла алар емеспіз. Балаларымыз ойнайтын жер жоқ. Есік алдындағы жалғыз балалар алаңын жергілікті билік жеке меншікке сатты. Жақында жердің иесі келіп, балалардың ойын алаңын қоқысқа қарай ысырып тастады, – дейді Күлән Сетмұханова.
Әсіресе қыстың аязды күндері азаппен тең дейді ол. Қыстап шығу үшін кейбіреулері қаладағы туған-туыстарын сағалап кетсе, қалғандары жаратқаннан қыстың жеңілдігін тілеп күн өткізеді екен.
– Газды өз қаржымызға тартқыздық. Қыстыгүні су болмағандықтан ауыл әкімдігі берген шағын су қазандығы қатып қалады, бірақ бізден суық радиаторлар үшін 1500 теңгеден сыпырып алады. Электр жылытқыштармен амалдап күнелтеміз. Сондықтан да қыс мезгілінде электр жарығы үшін 5-6 мың теңге төлеуге тура келеді. Ал көктем шыға үйіміздің басқа да «тұрғындары» – өрмекші, бақа-шаян, егеуқұйрық пен жыландар бас көтере бастайды, – деп әңгімесін жалғастырды Күлән Сейтмұханова.
Атырау қаласының іргесіндегі Геолог жатақхана 1970-ші жылдары мұнай іздеуші-геологтарға арнап салынған. Жатақхана тұрғындары өздерінің қандай жағдайда тұрып жатқандарын көзбен көруге арнайы шақырған соң, Азаттық тілшісі олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқан еді.
Әр жатақханада 50 отбасыдан тұрады. Ал жатақхананың әр бөлмесінде жасқа толмаған сәбиден жасөспірімдерге дейінгі 5-6 баладан бар. Тіпті, небары 9 шаршы метр аумақта 7-8 адам болып тұрып жатқан отбасылар да бар.
Тұрғындар іш ауруларынан бастап қолқа демікпесіне дейінгі жұқпалы аурулар түрін де осы жерден табуға болады дейді. Сондықтан да жедел жәрдем қызметкерлері бұл жатақхананың «тұрақты» қонақтары.
Ауыл тұрғындары Азаттық тілшісіне Геолог ауылындағы демалыс бағы деген атауға ие болған бір топ ағашты да көрсетті. Атыраудағы биылғы аптап ыстыққа бұл ондаған түп ағаштың қалай төтеп бергені таң қалдырды.
– Ағаштарды ешкім суармайды, бақтағы қоқыс сәуір айынан бері шығарылған жоқ. Біздің жатақханамыздың артында шағын бақ бар еді, енді соның орнына коттедждер салынып жатыр. Билік кезінде бізді «мұнда спорт кешені болады» деп сендірген. Ауыл әкіміне шағымдансақ, ол ештеңе білмейтін сыңай танытып, тұшымды жауап айтпайды, – дейді Бақтылы Түлешова.
Ол да осы жатақхананың байырғы тұрғындарының бірі. Өзінің шағын бөлмесін институт бітіріп, жас технолог-маман болып келген кезінде алған екен. Ол кезде бұл жатақханалар қазір аты да қалмаған, бірақ кезінде дүрілдеп тұрған «Гурьевгазгеология» кәсіпорынына тиесілі болыпты. Бақтылы Түлешованың айтуынша, бөлмеден қысы-жазы арылмайтын дымның кесірінен қызы қолқа демікпесіне душар болған.
– Қала әкімідігі өткізген соңғы жиындардың бірінде мен баспана жайлы сауал қойған едім. «Сіздің үйдің іргетасы әлі берік, сондықтан күрелетін үйлер қатарына кірмейді. Оның үстіне сіздер жекешелендіріп алған жоқсыздар ма? Ендеше жеке меншік иесі ретінде күрделі жөндеуді өздерің жасауға тиіссіңдер» деп жауап берді қала әкімі орынбасары Әділбек Нұрлығожиев. Өкініштісі, бұл жиынға қала әкімі Мереке Есмұратовтың өзі қатыспады, – дейді Бақтылы Түлешова.
БАЛАБАҚШАНЫҢ ЖЫРЫ
Ал Геолог ауылымен қоңсы жатқан Геолог-2 ауылының басты мұңы – балабақшаның жоқтығы.
– Салынып жатқан балабақша құрылысының тоқтап тұрғанына үш жыл болды. Қазір аяқталмаған құрылыс жасөспірім балалар мен маскүнемдер жиналатын орынға айналды. Қабырғалары біртіндеп құлап жатыр. Мұнда мектеп те жоқ. Балалар қыстың суығында, көктемгі езілген балшықта сабаққа не Геолог ауылына, не қалаға шұбырады, – дейді ауыл тұрғыны Гүлшат Ұлықпанова.
Соңғы жылдары бой көтерген бұл ауылда 2576 адам тұрады. Геолог-2 ауылындағы 165 орындық балабақша құрылысын 2007 жылы тендерді ұтып алған «КБР» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі бастаған. Бірақ қазір құрылыс тоқтап тұр.
Атырау қаласы әкімі орынбасары Әділбек Нұрлығожиев қала әкімдігінде қаңтардың 14-інде өткен, мектепке дейінгі оқу мекемелері жөніндегі кеңестердің бірінде «Атырау селолық округіндегі бала бақша облыс бюджеті есебінен қайта қаржыландырылғандықтан биыл салынып бітеді, Геологтағы объекті құрылысын республикалық бюджет қаржыландырады, егер қаражат түссе, құрылыс жалғасады» деп уәде берген еді.
Алайда содан бері жарты жыл өтсе де, Геолог-2 ауылындағы балабақша құрылысында өзгеріс жоқ.
АУЫЛ ӘКІМІНІҢ ЖАУАБЫ
Геолог селолық әкімі Нұржан Жұмаханов ауылдағы бұл екі жатақхананы өмір сүруге жарамды деп отыр. Шенеуніктің айтуынша, бұл екі ғимараттың жағдайына қалалық сәулет бөлімінен келген комиссия зерттеу жасап, үйдің апаттық дәрежеде емес екендігін анықтаған.
– Тұрғындар үйді меншікке айналдырғандықтан енді өздерінің пәтер иелері кооперативтерін құруы керек. Бірақ олардың көбі мұнда
Геолог ауылындағы жатақханаға көрші үйдің сыртында «Тыйым салынған аймақ мутанттар үшін» деп жазылған. Атырау қаласы, 24 тамыз 2010 жыл.
тұрмайды, тек жалға береді. Ал канализацияны жөндеуден өткіздік, – дейді Нұржан Жұмаханов.Демалыс бағының сатылған учаскелері жайлы әкім ешнәрсе білмейтін болып шықты.
– Барлық ақпаратты қалалық сәулет бөлімінен аласыз. Жалпы, мұның бәрі менің шешімім емес. Жеке меншік құрылыс салуға рұқсатты қала әкімі берген, ал қоқысқа «Спецавтобаза» жауап береді. Жатақхана аймағында бес контейнерден болуы керек. Мен өзім демалыстан енді шығып отырмын. Ал балабақша құрылысы туралы маған белгілісі - тек 50 пайызы ғана салынған. Бұл мәселені облыс әкімі бақылауда ұстап отыр деп ойлаймын, – дейді әкім.
– Сонда селолық әкім қызметі құзырына не қалады?
– Жергілікті атқарушы орган ретінде селолық округ проблемаларын шешуге тиістіміз.
Ал қоқыс контейнерлері неліктен тұрғын үйлердің қасына орналасқан, балалардың демалыс бағы неге жеке меншікке беріледі, балабақша құрылысы қашан аяқталады деген сауалдарға ауыл әкімінен тұщымды жауап болмады.