Үш балалы қазақ босқыны Әлия Артықбаеваға енді Аустриядан депортациялану қаупі төніп тұр. Бұдан бұрын Чехия да оған баспана беруден бас тартқан. Оның күйеуі, шағын ислам қауымының жетекшісі қазақ түрмесінде отыр.
ҚАЗАҚСТАННАН ҚАШУ
30 жасар қазақ мұсылман-босқыны Әлия Артықбаева алдымен Чехияға, содан соң Қазақстанға депортациялану қаупінен қорқып үш баласымен Аустрияның солтүстігіндегі босқындарға арналған лагерде күн кешуде.
Осы бір жас келіншектің шырғалаңға толы жағдайын айтпас бұрын Батыс елдерінде қазақ босқындарының пайда болу тарихын оқырманның есіне сала кетсек дейміз. Чехиядағы қазақ мұсылман-босқындары туралы Азаттық радиосы бірінші болып хабарлаған еді. Олардың жалпы саны 200-ден асады. Бұл босқындардың Еуропада жүргенде дүниеге келген балалары да бар.
Қазақ арнаулы қызметтері соңдарына түсіп, Батыс Қазақстандағы кейбір дінге сенушілерді діни көзқарасы үшін тұтқындай бастаған соң бұл адамдар Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. Босқындардың өздері Азаттық радиосының тілшілерімен болған әңгімелерінде өздерін «Таза ислам» идеясын ұстанушылармыз десе де ресми Астана оларға салафиттер деп айдар таққан.
Әлия Артықбаеваға да осы мұсылман қауымымен бірге Қазақстаннан қашуға тура келді. Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде жас әйел елін тастап кету туралы шешім қабылдаудың оған өте қиынға соққанын айтты. Өйткені, оның қолында жас балалары бар еді. Ол кезде Әлияның үш баласы жеті, бес және үш жастарда болатын.
Алайда, күйеуі тұтқындалған соң балаларының өміріне алаңдаған Әлия Артықбаева мұсылман қауымының өзге мүшелерімен бірге Отанын тастап кетуге мәжбүр болды. Әлияның күйеуі 2005 жылы тұтқындалды. Тұтқындалғандардың арасында биліктегілер дәстүрлі емес діни қауымдастық мүшелері деп санайтын Батыс Қазақстандағы кейбір мұсылмандар да болды.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ПОНОМАРЕВТІҢ ҚАУПІ
Азаттық радиосы Әлия Артықбаеваның күйеуі жайында алғаш рет биылғы жылғы шілде айының басында хабарлаған. Сол жолы мәскеулік «Мемориал» құқыққорғау ұйымы Орталық Азиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев Азаттық радиосына Қазақстан түрмелерінде қолдан ұйымдастырылған іс бойынша бірнеше діндарлардың отырғандығын айтқан еді. Әлия Артықбаеваның күйеуі де осылардың ішінде.
Мәскеулік құқыққорғау ұйымының хабарлауынша, Әлияның күйеуі Әділжан Мұздыбаев Ақтау қаласындағы шағын мұсылман қауымының жетекшісі болған.
2005 жылы Жаңаөзен қаласының тумасы, 35 жасар Әділжан Мұздыбаев Қылмыстық кодекстің «есірткі заттарын сату мақсатында заңсыз сатып алу, тасымалдау немесе сақтау, даярлау, қайта өңдеу, жөнелту немесе сату» деген бабы бойынша жауапқа тартылып, сот үкімімен 5 жылға түрмеге тоғытылған болатын. 2006 жылдың қазан айында колонияда жүргенде ол қосымша үш жарым жылға сотталып, жазасын Алматы облысындағы қатаң режимді колонияда өтеуге кесілген еді.
Қазір бұл адамның тағдырының не болып жатқандығы белгісіз, Әлияның өзі күйеуімен телефон арқылы соңғы рет өткен жылдың соңында сөйлескенін айтады.
Виталий Пономарев, адам құқықтарын қорғайтын мәскеулік «Мемориал» қоғамдық ұйымының орталықазиялық бағдарламасының директоры. Прага, 23 маусым 2009 ж.
Құқыққорғаушы Виталий Пономаревтің бұдан бұрын Азаттық радиосына айтқанындай, діндарлардың қалтасына есірткі салып жіберу әдісін батыс қазақстандық құқық органдарының қызметкерлері кеңінен пайдаланған. Әділжан Мұздыбаевты да осы қатардан деп есептейтін Пономарев сол себепті «ол – саяси тұтқын болып табылады» деді.
Әлия Артықбаеваның балаларын алып Қазақстаннан кеткеніне үш жыл болып қалды. Отбасында болған қиыншылық жағдайларды ол әлі күнге дейін қиналып еске алады. Әлия кішкентай балаларымен үйде отырып баласының сотына кеткен қайын атасын, сот барысы жайындағы оның әңгімелерін қалай күткенін Азаттық радиосының тілшісіне айтып берді.
Ол Әділжанға берілген үкім алдын ала жоғарыдан белгіленіп қойған деп есептейді. Әлия Артықбаеваның Азаттық радиосына айтуынша, оның балалары сырт елде сенделіп жүргенде өсіп, енді Аустрия мектептерінде оқып жүр екен.
– Менің үлкен ұлым Садулла он жасқа келді. Ол неміс мектебінде үшінші сыныпта оқиды. Тіл үйрену жағынан қиналып жүрген жоқ. Сегіз жасар қызым Әсия бірінші сыныпта, алты жасар қызым Мәриям бастауыш сыныпта оқиды. Мен де, балаларым да лагерден қалаға еркін шыға аламыз, – дейді Әлия Артықбаева.
Әлия балаларымен тұрып жатқан босқындарға арналған лагерде одан өзге қазақ босқындары да, Орталық Азия елдерінен шыққан босқындар да жоқ. Әлия Артықбаева лагердегі қазіргі жағдайына риза.
– Шынымды айтсам, бұрынғылармен салыстырғанда бұл жердегі жағдайымыз анағұрлым артық. Кішкене болса да тамақ істеуге арналған бұрыш, плита бар. Бөлменің ішінде дәретхана мен шомылатын жер де бар. Бізге азық-түлік пен киім-кешек алу үшін ақша бөледі, – деді босқын қазақ әйелі.
Әлия Артықбаева Аустрия лагеріндегі жағдайды өзі кішкентай балаларымен бірге тұрған чех лагерлерімен салыстырады. Аустрияға қашқанға дейін, Еуропаға алғаш келгенде ол екі жыл бойы босқындарға арналған түрлі чех лагерлерінде тұрған.
Чехияда босқын мәртебесін екі жыл күтіп төзімі таусылған Әлия Артықбаева 2008 жылдың 8 тамызында көрші еуропалық елдің өкіметінен баспана сұрау үшін Аустрияға өздігінен өтіп кеткен.
СОТТЫҢ АҚЫРҒЫ ШЕШІМІН КҮТУДЕ
Алайда Аустрияға келен соң бір ай өткенде Трайскирхен қалалық сотының шешімімен оның өтініші кері қайтарылды. Сот Дублин келісіміне сәйкес оған Чехияға қайтуға бұйырды. Арада екі ай өткен соң жоғарыда тұрған Венаның мамандандырылған соты да алдыңғы шешімді қолдады.
Дублин келісіміне сәйкес, Аустрия Әлия Артықбаева қайрылған үшінші ел ретінде оны өзі келген Чехияға қайтара алады. Ал, оған босқын мәртебесін беріп осында қалдыра ма, әлде Қазақстанға кері қайтара ма, ол жағын тек чех өкіметі шешеді.
Әлия Артықбаева Аустрия өкіметінен екі «негатив» алды, яғни оған саяси босқын мәртебесі берілуден бас тартылды. Алайда жас әйел Чехияға қайтарылу қаупінен қорқып, үш баласын алып Аустрияның бір лагерінен қашып шығып, он күн өткен соң елдің оңтүстігіндегі екінші бір лагерге барып берілді. Ол осы арқылы уақыт ұтып отырмын дейді. Ұзаққа созылатын, бюрократиялық, ең кемі екі анықтау шаралары өткенше де біраз уақыт ұтуға болады.
Қазір босқын Әлия Артықбаеваның бұдан арғы тағдыры шешілуде. Аустрияның солтүстігіндегі қалалардың біріндегі лагерге ауыстырылған Әлия бір негатив алып үлгерген. Енді тағы бір негатив алса, оған Чехияға қайтарылу қаупі туады. Аустрияның көші-қон жөніндегі мекемесі оған адвокат берген. Адвокатпен сөйлесу барысында ол тіл жағынан қиындықтар көруде.
– Олар Қазақстанда күйеуімнің емес, менің қандай қиындықтарға тап болғанымды сұрайды. Қазақстанда мұсылмандар көп емес пе, неге тек сендерді ғана қуғындады дейді. Маған менің орысша айтқан сөздерімді аударатын аудармашы тауып берді. Қазақ тілін білетін аудармашы жоқ. Мен орыс тілін жақсы білемін деп айта алмаймын, бірақ мүмкіндігімше олардың сұрақтарына жауап беруге тырыстым. Бірақ ойымдағының барлығын айта алмадым. Олар менің айтқандарымды дәлелдейтін қағаздарды талап етеді, жай айтқан сөзіме сенбейді. Үнемі нақты жауап бер деп сөзімді бөле береді. Осылайша, өзіңнің айтқың келгенді айта алмайсың, – дейді Әлия Артықбаева.
ҚАЗАҚ САЯСИ ЭМИГРАНТЫНЫҢ ПІКІРІ
Еуропа елдеріндегі қазақ мұсылман-босқындарының жағдайын бақылап отырған оппозицияның шетелдегі бюросының басшысы Серік Медетбеков олардың құқықтарының бұзылып отырғандығын айтады. Серік Медетбековтің өзі де саяси эмигрант. Оның Қазақстаннан кеткеніне де он жыл болып қалды. Қазір ол Германияда тұрады.
– Барлық жерде де босқындардың сөздерін бөліп сөйлеткізбейді. Жай ғана құжат толтыратын ең төменгі сатыдағы соттардан бастап ең
Чехиядағы Вышни Лхоты деревнясында орналасқан босқындар лагері қабылдау орталығының қоршауы. 1 ақпан 2009 ж.
ақырғы сатыдағы барлық соттарда олардың ауыздарын жауып, сөйлеуге мүмкіндік бермейді. Көп жағдайларда олардың құқықтары бұзылады. Адам құқығын қорғаушылар дәл осы мәселе бойынша баяндама даярлауда. Өкінішке қарай, ол әлі жарық көрген жоқ, – деді Серік Медетбеков.Ол, сонымен бірге, Аустриядан Чехияға қайтарыла қалған жағдайда Әлия Артықбаева мен оның балаларының өміріне бірқатар қауіп төніп тұрғандығын айтады.
– Чехия Еуроодақтың бір бөлігі болу жолында тұр. Міне осы кезде біз Еуроодақ өз шекарасын шығысқа қарай кеңіте отырып, адам құқына келгенде таршылық жасағысы келіп отырғанын байқаймыз. Шамамен бір-екі айдан соң Чехия қол қоятын Лиссабон келісімін қарап көруге болады. Бұл келісімде Лиссабон келісіміне қол қоюдың бірқатар шарттары бар. Сол жерде аса маңызды бір тұсы бар. Онда Еуропалық одақтың Іргелі құқықтар, оның ішінде адам құқықтары жөніндегі хартиясының жекелеген ережелерін орындауға байланысты тек Чехия үшін ғана жеңілдіктер қабылданады, – дейді Серік Медетбеков.
Әлия Артықбаева балаларымен Қазақстанға қайтарыла қалса, оның да тағдырының өзгеше қалыптасуы мүмкіндігін ол жоққа шығармайды. Бұл жерде ол 10 қазанда Қазақстанға қайтарылғалы бері тағдырынан еш хабар болмай отырған Марғұлан Махамбетовтың жағдайын мысалға келтіреді.
– Оны өзге босқындарды қайтарудың құралы ретінде пайдаланғысы келуі де мүмкін. Қазақстан оларға нені қаласа соны істейді. Және Батыс бұған еш ықпал ете алмайды. Қазақстан белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтисті соттады. Және ол Батыс тарапынан болып жатқан сындарды құлағына қыстырған да жоқ. Бұл Қазақстан саяси жағынан мықты ел болғандықтан ғана емес, келесі жылы ол ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіндіктен болып отыр, – деді Серік Медетбеков.
Қазақ босқыны Марғұлан Махамбетов биылғы жылдың 10 қазанында Чехиядан Қазақстанға мәжбүрлеп депортацияланғаны туралы Азаттық хабарлаған болатын. Бұдан бұрын ол да Әлия Артықбаева сияқты Чехиядан Аустрияға қашып, бірақ Дублин келісіміне сәйкес кері қайтарылған. Жақындары мен туыстары Марғұланның қай жерде екендігінен әлі күнге дейін хабарсыз. Чехия билігі ол жайында дерек беруден бас тартты.
«АТАМЕКЕН» ПАРТИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Осы тұста «Атамекен» оппозициялық партиясы Чехия билігінің әрекеттеріне қарсы мәлімдеме таратып, қазақ босқындарына ара түсті. Партияның қуғындағы жетекшісі Ержан Досмұхамедов тіркелген партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне және Қазақстан азаматтарына жасаған үндеуінде Еуропа елдеріндегі қазақ босқындарын қорғауға шақырды. Оның пікірінше, Еуропадағы қазақ
Ержан Досмұхамедов, қуғындағы оппозиция лидері, «Атамекен» партиясының төрағасы. Прага, 13 қаңтар 2009 ж.
босқындары «Қазақстанның авторитарлық режиміне қарсы тұрудың шетелдегі майданы» болған.Ержан Досмұхамедов бұдан бұрын Чехияның президенті Вацлав Клаусқа ашық хат жазып, чех мемлекетінің басшысын қазақ босқындарын қорғауға шақырған.
Ержан Досмұхамедов Қазақстанның азаматтық қоғамының белсенділеріне былай деп жазды:
«Соңғы төрт жылдың бедерінде біздің отандастарымыз, олардың ішінде әйелдер мен балалар, тіпті, сол жақтарда дүниеге келгендері де бар, чех полициялық-бюрократиялық машинасының барлық өткелегінен: атап айтқанда, жалған демократиялық сергелдеңдерден, алдын ала белгіленіп қойған соттардан бастап ұрып-соғу мен ашықтан ашық адамдық ар-намысқа тиюге дейінгі жолдардан өтті».
Ержан Досмұхамедовтың жазуынша, Чехия ішкі істер министрлігінің ұлттық заңнамаларды сақтап отырмыз деген сілтемелері негізсіз. Әсіресе, Қазақстан босқындарының шағымдарын жүйелі түрде елемей, оларға дер кезінде медициналық көмек пен медициналық куәлік беруден бас тартулары тұрғысынан алғанда.
Ол, сонымен бірге, адам құқының бұзылғанына байланысты көптеген фактілер баспасөзде жарияланғанымен Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері тарапынан лайықты реакцияның болмағанына наразылық білдіреді.
«Олар өздерінің барлық азаматтарын, оның ішінде шет мемлекеттерге саяси баспана сұрап қайрылған азаматтарын да қорғауға міндетті. Мысалы, Азаттық радиосы полицейлер соққыға жыққан нигериялық босқынның атын атаған соң Нигерия елшілігі босқындар лагеріне өздерінің консулдарын жіберді», – деп жазады Ержан Досмұхамедов.
БАЛТАШ ТҰРСЫМБАЕВ БОСҚЫНДАР ЖАЙЫНАН БЕЙХАБАР
Өз мәлімдемесінде Ержан Досмұхамедов Чехиядағы қазақ босқындарының бірі Марғұлан Махамбетовтың депортациялану фактісіне назар аударады. «Атамекен» партиясы жетекшісінің пікірінше, чех билігі Марғұлан Махамбетовты Қазақстан аумағына халықаралық актілерді бұза отырып жеткізген.
Үндеуінің соңында ол Қазақстанның барлық азаматтарын қарсылық белгісі және қазақ босқындарымен бірге екендіктерінің белгісі ретінде Чехияда жасалған тауарларға, чех ұйымдарының шараларына бойкот жариялап, чехтың курорттарына барудан бас тартуға шақырады.
Азаттық радиосы қоғам қайраткері, оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының саяси кеңесі президиумының мүшесі Балташ Тұрсымбаевқа қайрылған еді. Оның айтуынша, ол Еуропадағы қазақ босқындарының жағдайынан бейхабар болып шықты:
– Осыншама адамның жаппай осындай қысымға ұшырағанын мен бірінші рет естіп отырмын. Бірақ, Ержан Досмұхамедовты мен жақсы білемін. Сондықтан ол істің егжей-тегжейін білетін болар. Ержан Досмұхамедовтың қоғамдық ұйымдар мен саяси партияларға қайрылғаны дұрыс. Оларды қорғау керек. Қандай болса да олар Қазақстанның азаматтары. Сондықтан Чехия оларға баспана берулері керек. Егер бұлай болмаса, Қазақстан үкіметінің өкілдерімен бірге бұл мәселені шешіп, оларды өзімізге қайтып алып келуіміз қажет. Олардың үй-жайлары болды ғой, мұнда туыстары да бар. Жақын арада мен бұның барлығын анықтауға тырысамын, сөйтіп баспасөз, қоғамдық ұйымдар арқылы бұның барлығын анықтаймыз. Мәселені зерттеп, бұл жайында бүкіл қоғамдастық хабардар болатындай шаралар қабылдаймыз, – деді Балташ Тұрсымбаев.
Бұдан бұрын Азаттық радиосы ондаған қазақ босқындарының тағдырына байланысты түсініктеме беруін сұрап Чехияның ішкі істер министрлігіне қайрылған болатын. Ондағылар жеке өмірді құпияда ұстау құқына сілтеме жасап, нақты адамдар туралы ақпараттар бере алмайтындығын айтқан. Бірақ, босқын мәртебесін сұраған қазақстандықтардың ісі қатаң түрде жергілікті заң шеңберінде шешілетіндігін хабарлаған.