Шетелде қуғында жүрген Рахат Әлиевті қолға түсірмек болған арнаулы қызметтің іс-әрекеттері әлі толастамағаны туралы Аустрия баспасөзі жазып жатыр. Венада қазақ дипломаттары сатып алған делінетін мерген мылтығына қатысты жанжал пайда болды.
ЕЛШІ ХАБАРЛАМАЛАРЫ
Аустриялық «Фальтер» апталығы тамыздың 31-і күні жариялаған мақаласында Конституцияны қорғау жөніндегі федералды мекеменің қолына түскен «құпия деректер» Венадағы бұрынғы қазақ елшісі Рахат Әлиевтің көзін құрту мақсатындағы астыртын іс-әрекетке қатысты болуы ықтимал деп хабарлады. Сол үшін қазақ дипломаттары немістер жасаған арнайы мерген мылтығын сатып алған-мыс.
Басылым Аустрия арнаулы қызметі Венадағы Қазақстан елшілігінің кем дегенде екі дипломатиялық хабарламасын (депешасын) қолға түсіргенін жазады. Аустрия ішкі істер министрлігі «Астанаға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің штаб-пәтеріне жолданған құпия мағлұматтарды» Вена прокуратурасына тапсырған деп хабарлады газет.
Қазақ елшілігінің өкілдері енді ғана тұтана бастаған осынау жанжал мен соған байланысты қоғамда пайда болған сауалға дереу жауап қатып, аталған «елші құжаттарын» қолдан жасалған жалған деректер деп мәлімдеді. Қазақ жағы мұның артында Рахат Әлиевтің өзі тұр деп санайды.
«Фальтер» жазып отырғандай, кейбір «құжаттарға» қарағанда, Чехиядағы қазақ елшісі Вена арқылы Астанаға жіберу үшін снайперлік винтовка сатып алған. Ал Астана бұл мылтықты Рахат Әлиев бассауғалап жүр деп есептелетін Грекияға жібермек болған деген болжам айтылған.
Азаттық тілшілері осы мәселеге байланысты Чехиядағы қазақ елшісі Анарбек Қарашевтан немесе елшіліктің өзге қызметкерлерінен түсініктеме алу үшін Прагадағы елшіліктің қабылдау бөлмесіне телефон шалған еді. Бірақ елшіліктегілер аустриялық басылымда жарияланған ақпаратқа қатысты түсініктеме беруге әзірше дайын еместерін айтты.
«МЫЛТЫҚ САТЫП АЛЫНҒАНЫ РАС»
«Фальтер» газеті болса қазақ өкілдері Грекияда Рахат Әлиевті тұтқындап, экстрадициялау мақсатында жергілікті билік арасында жедел ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген, егерде бұл әрекеттен ештеңе шықпаса, онда оны «залалсыздандыру» көзделген деп жазып отыр.
Қазақ елшілігінің адвокаты Рихард Сойер аустриялық басылымға берген түсініктемесінде снайперлік винтовканың сатып алынғанын растағанымен, бұл қару тек спорттық мақсатқа ғана арналған деп мәлімдеді.
Алайда «Фальтер» қазақ дипломаты сатып алған қарудың маркасы DSR 338 калибрлі снайперлік винтовка екендігіне дейін атап жазған. Газет осы іске тартылған аустриялық арнаулы қызмет өкілдері бірінің «қолға түскен құжаттармен» танысқанда «арқамыз мұздап қоя берді» деп айтқанын да сөзбе сөз келтірген.
Аустрия ішкі істер министрлігіндегілер егер жоғарыда айтылған жайттар дәлелденетін болса, онда мұны мемлекетік қылмыс деп бағаланатындығын айтып отыр деп жазады «Фальтер» басылымы.
АРНАЙЫ ТОПҚА АРНАЛҒАН ҚАРУ
Винтовканың сипаттамасы жазылған веб-сайттардың бірінде бұл мылтықтың қандай мақсатқа арналғандығы нақты көрсетілген. DSR-1 винтовкасын Германияның DSR-Precision GmbH фирмасы арнайы мақсаттағы снайперлік қару ретінде жасап шығарған.
Бұл винтовкамен немістердің терроршыларға қарсы GSG-9 элиталық тобы, сондай-ақ Еуропадағы тағы бірқатар елдерде полицейлер және антитеррорлық құрылымдар қаруланған.
Винтовкадан атылған оқтың нысанаға тию дәлдігі өте жоғары. 100 метр қашықтықтағы нысананы атқанда 5 миллиметрге ғана ауытқуы мүмкін. Ал оқ тиген жерінде көлемі бір жарым диаметрлік із қалады.