Азамат Кәрімбаевтың жұмбақ өліміне қатысты бейнежазба интернетте жарияланды

Арқалық түрмесінде қаза болған Азамат Кәрімбаев. Сурет марқұмның туыстарынан алынды.

Түрмеде қаза болған Азамат Кәрімбаевтың әйелі жарты жылдан астам уақыттан бері қолтаңбалық сараптама жұмысының нәтижесін біле алмай отырғанын айтады. Күйеуін азаптау құрбаны болды деп санайтын ол, марқұмның денесінде күмәнді дақтар мен жарақаттар байқалатын бейнежазбаны интернет арқылы көпшілік назарына ұсынып отыр.

«БІЗДЕ ШЫНДЫҚҚА ЖЕТЕ АЛМАЙСЫҢ»

Астананың, Қостанай мен Ақтөбе прокуратурасының қызметкерлері алты айдан астам уақыттан бері шағын мұсылман қауымының жетекшісі болған Азамат Кәрімбаевтың Арқалық түрмесіндегі өліміне байланысты қолтаңбалық сараптаманың нәтижесі жөнінде бір-біріне хат жазумен келеді. Азамат Кәрімбаевтың өлімінен соң Арқалық қаласының прокуратурасы марқұм күре тамырын кесіп жіберіп өзін-өзі өлтірген және бұл жайында қолхат қалдырған деп мәлімдеген еді.

Осыған қарамастан Кәрімбаевтар отбасының адвокаты бұл хатты сараптау жұмысының созылып кеткендігін айтып отыр. Азамат Кәрімбаевтың жесірі Айман Кәрімбаева күйеуін алдын-ала қатыгездікпен азаптап, түрмеде өлтірген деп есептейді. Оның айтуынша, күйеуінің мәйітін түрмеден алып жатқан кезде туыстарына марқұмның денесін мұқият қарауға рұқсат бермеген. Үйге келген соң олар мәйіттен көптеген дақтар мен жарақаттар ізін байқаған. Түрмеде қаза болған мұсылманның туыстары сол кезде мәйітті фотосуретке де, бейнетаспаға да түсіріп алыпты. Марқұмның туысқандары сол бейнежазбаны интернетке орналастырыпты.

Былтырғы жылы желтоқсанның 23-і күні Арқалық түрмесінде жазасын өтеп жатқан Азамат Кәрімбаев өлі күйінде табылған еді. Содан үш ай бұрын Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық соты исламның консервативті бағытын ұстанатын алты «лаңкестің» ісін үш-ақ күнде қарап, оларды 10 жылдан 17 жылға дейін мерзімдерге соттаған болатын. Олар Ақтөбе облысының аумағында лаңкестік іс-әрекеттерге даярланып, қару тартып алу мақсатында қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған, араздықты насихаттады деп айыпталған. Сот Азамат Кәрімбаевты «лаңкестік
Марқұм Азамат Кәрімбаевтың жесірі - Айман. Ақтөбе, 5 қаңтар 2010 жыл.
топтың» ұйымдастырушысы деп таныды.

Айман Кәрімбаеваның айтуынша, әуре-сарсаң мен прокуратурамен арадағы хат жазысудың созылғанына жарты жылдан асыпты.

– Жыл басында Қазақстан президентіне, парламентке, ЕҚЫҰ-ға, бас прокуратураға, мүфтиятқа шағым жазғанмын. Ешқайсысынан жауап жоқ. Тек Астана, Қостанай және Ақтөбенің прокуратуралары жарты жылдан бері сырғытпа жауап берумен келеді. Қолтаңбалық сараптаманың нәтижесін жібере алмай отыр, – дейді Айман Кәрімбаева.

Қостанай облысы прокурорының міндетін атқарушы Рашид Апеков Айман Кәрімбаеваның шағымына берген жауабында, «Арқалық қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына барып, 2010 жылдың 8 ақпанына белгіленген соттық-қолтаңбалық сараптаманы жасау үшін қылмыстық істің материалдарын алған» деп жазады.

Айман Кәрімбаеваның Азаттық радиосына айтуынша, фотосуреттер мен бейнежазбада анық көрініп тұрғандай, марқұмның бауыр тұсы көгерген, сол қолында терең кесілген жарақат бар, мойнында да жарақат қалған.

– Оның денесін жуғанда тізесі мен қабырғасының сынғанын байқадық. Бізде шындыққа жете алмайсың. Астанадан тәуелсіз сарапшылар қашан келеді деп жарты жыл күттім. Оларға бейнежазбаларды бергім келген. Арқалықтан келген тергеушінің ешқайсысы да менімен кездескен жоқ, менен куәлік алған жоқ. Әлем жұрты Қазақстан түрмелерінде қалай азаптап, өлтіретінін білуі үшін мен күйеуімнің денесіндегі
Тергеушінің ешқайсысы да менімен кездескен жоқ, менен куәлік алған жоқ. Әлем жұрты Қазақстан түрмелерінде қалай азаптап, өлтіретінін білуі үшін мен күйеуімнің денесіндегі азаптау іздері қалған бейнежазбаларды Интернетке беріп отырмын. Күйеуімді не үшін қатыгездікпен азаптағанын білгім келеді.
азаптау іздері қалған бейнежазбаларды интернетке беріп отырмын. Күйеуімді не үшін қатыгездікпен азаптағанын білгім келеді. Тек бір Аллаға ғана сенгені үшін бе? - дейді Айман Кәрімбаева.

БІР АЙДЫҢ ОРНЫНА - ЖАРТЫ ЖЫЛ

Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы әңгімеде бұл іске қатысты қабылданған шешім туралы қорытынды Қостанай облыстық прокуратурасына жіберілгенін айтқан Арқалық қаласының прокуроры Серік Саринов түрмеде Азамат Кәрімбаев өзін-өзі өлтірген деп мәлімдеді.

– Облыстық прокуратураның рұқсатынсыз мен ешқандай ақпарат бере алмаймын. Ақпаратты тек мүдделі тараптар ғана ала алады, – деді прокурор Серік Саринов.

Айман Кәрімбаеваның мүддесін қорғаған адвокат Төлеген Бөлек өздері сұратқан қолтаңбалық сараптаманың нәтижесін заң орындары жасырғысы келеді деген күдігімен бөлісті.

– Кез-келген сараптама бір ай ғана жүргізіледі. Арада алты ай өтті. Олар марқұм Азамат Кәрімбаевтың қолтаңбасының үлгілерін алып, куәлардан жауап алулары керек болатын. Бірақ Арқалықтан келген тергеуші бұның бірін де жасаған жоқ. Оны ешкім де көрген жоқ. Олар сонда Арқалықта өздерін өздері тексере ме? - дейді Төлеген Бөлек.

Қолтаңбалық сараптама не себепті жарты жылға созылып кетті деген Азаттық тілшісінің сұрағына Қостанай облысы прокурорының орынбасары Ерлан Байтұқбаев «сауалды жазбаша жіберулеріңіз керек» деді де, телефон тұтқасын тастай салды.

Азаттық радиосы «лаңкестік ісі» бойынша сотталған Азамат Кәрімбаевтың түрмедегі жұмбақ қазасы жайында алғашқылардың бірі болып хабарлаған. Біздің www.azattyq.org сайтымыздың кейбір оқырмандары интернетте арнайы блог-парақша ашып, Арқалық түрмесіндегі тұтқын қазасына байланысты Қазақстан билігіне наразылық білдіріп қол жинаған болатын. Олар осы істі толығымен тексеріп, Азамат Кәрімбаевтың өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен құқыққорғаушы ұйымдарға ашық хат жолдаған.