Түрмеде қаза болған мұсылманның әйелі оның азапталғанын айтады

Марқұм Азамат Кәрімбаев. Оны жерлеу қарсаңында үйінде түсірілген сурет. Шұбаршы кенті, 27 желтоқсан 2009 жыл.

Ақтөбе облысының Шұбаршы ауылында жақын-жуығы Азамат Кәрімбаевты ақтық сапарға шығарып салды. «Терроризм» айыбымен сотталған ол желтоқсанның 23-күні Арқалық түрмесінде көз жұмған еді. Туыстары марқұмның денесінде жарақат іздері барын айтады.

ТҮРМЕДЕГІ ЖҰМБАҚ ӨЛІМ

2009 жылдың 28 желтоқсанында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбаршы кентінде осыдан үш ай бұрын «терроризм» ісі бойынша айыпты деп танылып сотталған алты адамның бірі Азамат Кәрімбаев жерленді. Ол 23 желтоқсанда Арқалық түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болған-ды. Арқалық қаласының прокуратурасы Азаттық тілшісіне Азамат Кәрімбаев өлерінің алдында ақтық сөзін хатқа жазып қалдырып, күре тамырын қиып өзіне-өзі қол салған деп мәлімдеді.

2009 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысының әртүрлі елдімекендерінде тұратын алты адам «террорлық акциялар ұйымдастырмақ болған-мыс» деген айып бойынша сотқа тартылып, 10 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасына кесілген болатын.

Сот Шұбаршы ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевты «террорлық топтың жетекшісі» деп тапты.

Азамат Кәрімбаев ресми тіркелген мешіттерден өздерін бөлек ұстайтын азғантай ғана мұсылман қауымының өкілі еді. Жергілікті баспасөзде Азамат Кәрібаев пен оның серіктеріне «уахабшылдар» деген айдар тағылды.

Азаттық радиосының тілшісі желтоқсанның 27-күні Ақтөбе қаласынан 220 шақырым жерде орналасқан Шұбаршы кентінде марқұмды жерлеу рәсіміне қатысты. Тілшіміз алдымен жолай кездескен көлікке мініп Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласына, сол жерден өзге машинаға отырып, әбден тозығы шыққан көлік жолдарымен жүріп Шұбаршыға жетті.

Азамат Кәрімбаевтың оң қолындағы жарақат іздері. Әйелі бұл оның азапталғанының белгілері дейді. Шұбаршы кенті, 27 желтоқсан 2009 ж.
Азамат Кәрімбаевты жерлеуден бір күн бұрын туыстары марқұмның денесін Арқалық қаласынан көлікпен жеткізді. Азаматтың бауырлары журналистке сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал марқұмның жесірі Айман Кәрімбаева болса, керісінше, күйеуінің мәйтінідегі жарақат іздерін суретке түсіріп алуды сұрады.

Азаттық тілшісі жесір қалған әйелмен, оның үлкен қызы Құралаймен және бірнеше діндар адамдармен бірге мәйіт жатқан бөлмеге кірді.

Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамасынан кейін тігіліпті. Ал, іштің оң жақ бүйірі үп-үлкен боп көгеріп қалған. Қолдың саусақтарында үшкір қарудан қалған жарақат іздері көрінеді. Сол
Азамат Кәрімбаевтың сол қолында терең тілік пен үшкір қарудан қалған жарақат іздері байқалады. Әйелі бұл оның азапталғанының белгілері дейді. Шұбаршы кенті, 27 желтоқсан 2009 ж.
қолында терең тілік бар екен, ал шынтақтың ішкі жағында ине салғаннан кейін қалатын секілді тесік байқалады.

Марқұмның жесірі Айман Кәрімбаева Азаттық радиосына тек мынаны ғана айтты:

– Менің күйеуімді Арқалық түрмесінде өмір бойғы жазаға кесілгендер отыратын жалғыз адамдық камераға қамаған. Ол камерада бейнебақылау камерасы орнатылған. Оны діннен бас тартуға көндірмек болып қатты азаптаған. Күйеуімнің денесінде азаптағаннан қалған іздер бар. Ішінің тұсы көгеріп қалған, ал қолына қарасаң оны инемен піскілеген тәрізді іздер көресің. Мәйітке сараптама жасағанымен оның алдын ала қортындысын әлі ала алмай отырмыз.

Айман Кәрімбаева өз күйеуін түрмеде азаптап өлтірген деп санайды. Оған дәлел ретінде көптеген тұсында көгерген таңба қалған марқұмның мәйітін көрсетеді.

АЗАМАТ КӘРІМБАЕВ ҚАНДАЙ АДАМ БОЛҒАН ЕДІ?

Көзінің тірісінде дәнекерлеуші кәсібімен отбасын асыраған Азамат Кәрімбаев бұрын қытайлық мұнай компаниясында жұмыс істеген. Алайда ол жерде қытайлық жұмысшылардың қазақстандықтармен салыстырғанда жалақаны 4-5 есе көп алатынына наразылық білдіріп, 2004 жылы арыз жазып, жұмыстан кеткен.

Өмірінің соңғы жылдары ол дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Бірақ, сонымен бірге, ауылдастары оны кішігірім діни қауымдастықтың жетекшісі ретінде де танитын.

Өз есімін атағысы келмеген Шұбаршы кентінің тұрғыны Азаттық радиосының тілшісіне марқұм туралы былай деді:

– Азамат Кәрімбаевты көптеген тұрғындар әділеттілігі үшін қатты силайтын. Тек қана шындықты айтушы еді. Еңбекқор, қолы алтын азамат болатын, берген ақшаңды алмайтын, кедей-кепшікке көмектесетін. Ауыл тұрғындарына арнап мешіт салды. Мұсылмандар оған көмектесті. Екі апта жұмыста болып, екі апта мешіт соқты. Бүкіл тапқан ақшасын мешіт салуға жұмсады. Билік Азамат Кәрімбаевтан наразы халықты ереуілге бастап шыға алатын адам ретінде қауіптенді. Біз мұнайға бай аймақта тұрамыз, ал жұрт болса күнін әрең көріп жүр. Тәуелсіздік алған он сегіз жылдың ішінде ең құрығында дұрыс жол да салған жоқ. Жолдар емес, кілең шұңқыр. Мұнайдың ақшасы қайда кетіп жатыр? Азамат Кәрімбаевтың өзі-өзі өлтіргеніне сенбеймін. Мұсылман ондай әрекетке бармайды.

Облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Шұбаршы кентіне көлік 5-6 сағат жүріп жетеді. Кентке бару үшін ойдым-ойдым болып әбден тозығы шыққан негізгі жолмен емес, оған жапсарлас ылдидағы дала жолымен жүруге тура келеді.

«Терроризм ісі» бойынша сотталған Еркін Досқалиевтің әйелі Жайнагүл Айдапкелова. Ақтөбе, 24 қараша 2009 ж.
«Терроризм ісі» бойынша сотталған алтаудың бірі Еркін Досқалиевтің әйелі Жайнагүл Айдапкелова Азаттық тілшісіне мынаны айтып берді:

– Азамат Кәрімбаев өз қолымен мешіт салған еді, ісіне билік араласып, оған жала жапты. Ол намазға жығылуға басқа мешітке баруға мәжбүр болды. Ол азапты ажал құшты. Біз оның келбетінен нұрлы күлкінің табын байқадық.

Жайнагүл Айдапкелованың айтуынша, азғантай ғана мұсылман қауымының өкілдері қуғын-сүргін көріп келеді, оларды діннен бас тартуға мәжбүрлейді. Ол қауымдастыққа мүше діндарларды қасақана өлтіру Азамат Кәрімбаевтың өлімімен бітпеуі мүмкін дейді. Жайнагүлдің күйеуі Еркін Досқалиев «терроризм» айыбы бойынша 13 жылға сотталған, қазір ол жазасын Ақтөбедегі КА/169 түрмесінде өтеп жатыр. Жақын арада оны белгісіз себептермен басқа түрмеге ауыстырмақшы екен.

АЗАМАТ КӘРІМБАЕВТЫ ЖЕРЛЕУ

Ауыл тұрғындарының айтуынша, арнаулы қызмет өкілдері екі күн бойы Азамат Кәрімбаевтың үйін бақылауға алыпты. Марқұмды жерлеген күні оншақты адам жиналды. Марқұмның үйі мен көршілес үйлерде жаназа малы сойылып, қонақасы берілді. Көрші-қолаң мен
Азамат Кәрімбаевты жерлеуге жиналған жұрт жаназа намазында тұр. Шұбаршы кенті, 28 желтоқсан 2009 жыл.
таныстар, сондай-ақ Шұбаршы кентінің әкімі Роза Сатанова бастаған әкімшілік қызметкерлері марқұм Азамат Кәрімбаевтың отбасына көңіл айтты.

Жерлеуге жиналған жамағат Азамат Кәрімбаевтың жаназасына қол жайып, дұға қылған соң марқұмның денесін оншақты автокөлікпен жергілікті зиратқа алып кетті. Мұсылман дәстүрі бойынша, жерлеуге ер азаматтар қатысып, әйелдер қаралы үйде қалды. Азамат Кәрімбаевты әжесінің зиратының жанына қойды.

Марқұмның жары Айман Кәрімбаева үш баласымен жесір қалды. Ол күйеуі Азамат Кәрімбаевты азаптаған және оның өліміне қатысы болғандарды жауапқа тартқызу үшін соңғы мүмкіндігі қалғанша күресуге бел буып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, билік орындары тұтқын Арқалық түрмесінде өзіне-өзі қол салды деп мәлімдеген болатын. Азамат Кәрімбаев жұмбақ жағдайда қаза табардан үш ай бұрын ғана сотталған еді.