Қырғызстан уақытша өкіметі жуырда өткен толқуларға тақтан құлатылған президент Құрманбек Бакиевтің жақтастары айыпты дейді. Ал зорлық-зомбылықты тиянақты зерттеу нәтижесі жағдайдың одан да күрделі екендігін байқатады.
ОЙРАННАН СОҢ
Әлішер қираған баспанасының күліне қарап күрсінеді. Қираған қабырғалар мен быт-шыт болған ыдыс-аяқтың арасында жүрген ол шоқтанып жатқан үйдің күліне қарап, осынау өртеніп кеткен үйде кеше ғана «тап-тамаша» бір отбасының өмір кешкенін есіне алады.
Сосын Әлішер жолда жатқан күңгірт-қызыл дақты көрсетіп, сол жерде бір адамның жараланып жатқанын ойлады.
Өз отбасының қауіпсіздігін ойлаған Әлішер аты-жөнін толық айтуды жөн көрмеді. Оның ұлты - өзбек, жасы 25-те. Шашы қара, қысқа қиылған, қой көзді. Көзінде қасірет бар.
Арқасына асынған киім-кешегінен басқа ештеңесі қалмаған. Арқасына асқаны: дене шынықтыруға арналған екі көк шалбар, ақшыл-сары спорт жейдесі – бәрі сатпақ-сатпақ, күл жұққан.
Оның Оштағы баспанасын маусымның 10-ы мен 14-і аралығында болған қырғыз бен өзбек арасындағы қырғын кезінде өрт жалмаған екен.
«Талай адам нақақтан-нақақ өліп кетті, – дейді Әлішер. – Әйелдер, балалар және қарттар өлтірілді. Бір ғимараттан екіншісіне қашып отырғандар ғана аман қалды».
Оңтүстік Қырғызстандағы қақтығыс кезінде жүздеген, бәлкім мыңдаған адам қашып құтылды.
ӘРІДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН АРАЗДЫҚ
Қырғызстандағы өзбек азшылығы мен қырғыз арасында ұлтаралық текетірес бұрыннан келе жатқан дерт еді. Өзбектер мемлекет халқының 15 пайызын құрайды, бірақ оңтүстік аудандарда өзбектің тығыздығы үштен біріне дейін жетеді.
Екі ұлт бір-бірімен өте сирек құдаласады. Бизнесте де бірлесе бермейді. Оңтүстіктегі өзбектер негізінен қалаларда тұрады, үкіметте өкілдері жоқ. Олар өздеріне қырғыздардың екінші деңгейдегі адам ретінде қарайтынын айтып шағымданады.
Ал қырғыздар негізінен ауылдарда тұрады, олар сауда-саттық саласын өзбектердің жайлап алғанын айтып шағымданады.
1990 жылы Қырғызстан әлі ССРО құрамынан шықпай тұрған кезде де Ошта жер дауы тұтанып, арты ұлтаралық қақтығысқа ұласқан болатын. Сонда Мәскеудегі орталық билік толқуды басу үшін мыңдаған әскери күш жіберуге мәжбүр болған.
Қырғызстанның оңтүстігі есірткі саудагерлерінің бас сауғалайтын жері ретінде белгілі және бұрыннан Бішкектегі билік үшін бақылауға ауыр, күрделі аймақ болып табылады.
КАЗИНОДАҒЫ ТӨБЕЛЕС ТҮРТКІ БОЛДЫ
Бұл қақтығыс казинодағы төбелестен басталып, елдегі көлемі жағынан екінші қала Оштың көшесіне жайылып кете барды. Төбелес көзді ашып-жұмғанша қарулы қақтығысқа ұласып, көрші жатқан облыс орталығы Жалалабадты және басқа да оңтүстік аудандарды шарпыған. Мұның арты өзбектердің жаппай бас сауғалауына апарып соқты. Ал Қырғызстан үкіметі, шынымен қолынан келмеді ме, әлде өтірік дәрменсіз бола қалды ма, әйтеуір бақылау орната алмады.
Оңтүстік Қырғызстандағы қырғыз бен өзбек арасындағы қырбайлық осы қырғынға дейін-ақ жетер жеріне барып қалған еді. Оштағы бірнеше куәгерлермен және Бішкектегі ресми өкілдермен сөйлескенімізде бұл қақтығыстың ұлтаралық араздықтан да басқа себебі бар екен-ау деген ойға қалдық.
Сәуірдегі халық көтерілісінде президент Құрманбек Бәкиев құлатылғаннан кейін әртүрлі топтар билік үшін күресін жалғастырып, жағдайды өз пайдасына жарату мақсатымен елдегі ахуалды күрделендіре түсті. Сол топтар ұлтаралық шиеленісті одан сайын қоздырып, одан өздеріне саяси ұпай жинауды көздеді.
Роза Отунбаеваның жетекшілігіндегі уақытша үкімет жаңа биліктің беделін түсіру мақсатында зорлық-зомбылықтың отын тұтатты деп Құрманбек Бакиевті жақтайтын күштерді айыптады. Ал көптеген сарапшылар, адам құқығын қорғаушылар және басқа да бақылаушылар мәселенің мән-жайын әлдеқайда тереңнен іздеуде.
Зорлық-зомбылық өртінің тұтануындағы Құрманбек Бакиев пен басқалардың ролін мүлдем жоққа шығармаған бақылаушылар полиция мен әскердің өзбектерге қарсы шабуылдарға қатысқанын айтады.
Қаншылдық мемлекетшілдіктен артық болып шықты да, Бішкектегі билік қарулы күштердің бір бөлігін бақылауда ұстай алмай қалды.
Оның үстіне уақытша үкіметтің оңтүстікті бақылаудан шығарып алғанын мойындамауы және қарулы күштердің бетімен кеткендігін бүркемелеуі де оған деген сенімге селкеу түсірді. Бұл тиісінше биліктің тоқтау көрмей жатқан дағдарысты жеңу қабілетін тежеді.
Лондондағы Соғыс пен бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының сарапшысы Джон Маклеод мәселені былайша түсіндіреді:
«Меніңше, қақтығыстың ауқымы аз ғана адамның тындыратын шаруасы еместігін аңғартады. Сәуірдегі көтерілістен, немесе төңкерістен кейін жиі-жиі бой көрсетулер болып тұрғанымен, олардың ешқайсысы ауқымы бойынша аса елеулі емес еді.
Сондай-ақ Бакиевтер әулетінің ұйымдастыруымен расында да наразылықтар, басқа да кейбір оқиғалар өтті. Бірақ, олардың ауқымы тарлау еді.
Ал мына оқиға жаппай сипат алып кетті. Оқиға қанша жерден ойластырылған секілді болып көрінгенімен, бассыздық тез белең алып, көптеген қарулы адам қанды қасапқа кірді де кетті».
ЖАНЖАЛ ОТЫ ТЕЗ ТҰТАНДЫ
Оштағы қақтығыс толқыны 10 маусым күні таң алагеуімде қырғыз және өзбек жастарының құмар ойнап жатқан казинодан бастау алды. Олар бірін бірі арам ойнайсың деп айыптап, ерегіске көшті. Екі топ жақтастарын ұялы телефонмен шақырып, көшеде қырғын төбелес басталды.
Сол екі ортада "өзбектер жақын маңдағы жатақханаларда қырғыздың 12 қызын зорлап, оның үшеуін өлтіріпті" деген хабар (оны кейінірек халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы "Хьюман Райтс Вотчтың" хабарламасы растаған) тарайды.
Осы қауесеттің байыбына бармай көшеге шығып кеткен қырғыздар елді кек алуға шақырады.
Өзбектер үйлеріне барып тығылған. Бірақ 11 маусымның таңында ертеменен қара түсті бетперде киіп, ауыр қаруланған топ өзбек аудандарына басып кірген. Олардың артынан көздерін қан жапқан қырғыздар лап қойып, өзбектердің қанын шашып, үйін өртеген.
Әлішер мен оның көршілерінің айтуы бойынша негізінен өзбектер тұратын Мажаринтал махаллесінің тұрғындары шабуылға тосқауыл жасау мақсатында жолға КамАЗ-ды көлденеңінен қойып үлгерді.
«Ертеменен таңда, 5 сағат 20 минут шамасында, – дейді олар, – жұрт көшеге шығып, жинала бастады. Бір кезде броньды автомобиль пайда болды да жұрттың зәресі ұша бастады.
Автомобиль үлкен жылдамдықпен келіп, бір шеттегі баррикаданы бұзып өтті. Бронемашинадағылар қолына автомат ұстаған, олардың артынан қаптаған адам келе жатты. Олардың қауіпсіздігін мергендер қамтамасыз етіп отырды».
Мұндай қақтығыс басқа да өзбек ауылдарында болып жатты. Тұрғындардың айтуы бойынша қырғыз сарбаздары мінген бронемашиналар қолдан жасалған баррикада - тосқауылдарды бұзып өтіп, мергендердің қолдауымен үйді-үйге баса көктеп кіріп, күштеп тонауға жол берілді.
СҰРМЕРГЕНДЕР
25 маусымда жасаған мәлімдемесінде халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы «Хьюман Райтс Вотч»: «Көптеген өзбектер Қырғыз қарулы күштері шабуылға қатысқанынына сенімді екендігін хабарлады. Сондай-ақ Қырғыз қарулы күштері болып жатқан шабуылды ауыздықтауға жарамай, самарқаулық танытқаны айтылып жатты», - деп жазды.
Қырғыздың ресми өкілдері қарулы күштердің қарақшылыққа қатысқанын жоққа шығарып, қылмыстық топтар әскери киімді, машинаны және қару-жарақты ұрлап алды, сосын барып, шабуылға шықты дейді.
Ал үкімет өз мәлімдемесін қандай да бір дәлелмен қуаттаған жоқ. Сондықтан олар қарулы күштер мен
Оштан қырғыз-өзбек шекарасына бассауғалап барған босқындардың бірінің баласын көтерген өзбек сарбазы. 14 маусым 2010 жыл.
қауіпсіздік күштеріндегі құқық бұзушыларға қарсы тергеу жүргізу бағытында ешқандай шара қолданбағандай әсерде қалдырып отыр.Оштағы полиция департаментінің өкілі Азамир Сыдыков өз қызметкерлерінің мұндай зорлық-зомбылыққа дайын болмай қалғанын айтады. Мұндайдың болатынын ойламаған полиция осынша ауқымдағы жанжалға қарсы тұратындай департамент қарауында офицерлер жеткілікті емес дейді.
Куәгерлер мергендердің бас пен жүректі көздеп атқанын айтады. Яғни шабуылдаған тобырдағылар өздерінің қаншалықты қорғауға алынғанын және мергендердің қаншалықты қашықтыққа дейін өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етіп отырғанын түсінген.
Мәселен, Мажаринталда мергендер өзбек махаллесінің төбесінен қарауға мүмкіндік беретін бес қабатты ғимараттың шатырына шығып атқан. Бұл шабуыл мергендердің оғы тікелей, анық жететін бағыттарда ғана жүргізілген.
Бес қабатты ғимараттан дұрыс көрінбейтін бағыттарға мергендер шабуыл жасамаған. Бұл – көшедегі шабуылшылардың қаншалықты ауқымда және қанша қашықтықта мергендердің өзбектерге қарсы әрекетті қамтамасыз етіп отырғанын анық білгендігінің дәлелі. Яғни көшедегі шабуылшылар мерегендердің оғы жетпейтін тұста әрекет еткен болып шығады.
Әлішер мергендердің оғы жететін жердегілердің тірі қалуға ешқандай мүмкіндігі болған жоқ дейді.
«Егер мына жолмен сәл әрірек жүрсеңіз, – дейді Әлішер, – онда снайпердің оғы тиген жерлерді көресіз. Олар Сүлеймен шоқысының жанындағы жиһаз зауытына орналасты. Қырғыздар тек өзбек тарапынан күшті қарсылыққа тап болған жағдайда ғана оқтың көмегіне жүгінетін болып келіскен. Бірақ өзбек жағында оларға қарсылық көрсететін ешкім болмады, өйткені бас көтергендерді мерегендер жойып жіберіп отырды».
Кейіннен Қырғыз күштік құрылымының өкілі 20 мергенніің тұтқындалғанын, олардың жетеуінің шетелдік болып шыққаны туралы мәлімдеме жасады. Бірақ билік мергендерге қатысты басқа ешқандай қосымша ақпарат бермеді.
Тағы бір өзбек махаллесі Черёмушкада да қақтығыс 11 маусымда таңертең ертеменен басталған. Бірақ шым-шытырық қатпар-қатпар төбеде орналасқан Мажаринтал сияқты емес, Черемушканың көшелері мен жолдары кең-кең, жазықтықта орналасқандықтан, қырғыздардың шабуылына өте қолайлы еді. Олар үйден үйге еніп, қырып шыққан. Түнге қарай өзбектердің үйлері түгелдей өртеніп бітті. Күйеуі тәжік украин әйел тұратын бір үй ғана аман қалды.
Оштың орталық ауданында тұратын өзбек әйел Гулбахор Жураева зорлық-зомбылықтың тіпті 10 маусым күні түнде басталғанын айтады.
«Мұның бәрі Ошта жарым түнде басталды, – дейді ол. – Мен әкемнің қасында едім. Топырлаған жігіттер көшеде кетіп бара жатты, саны екі-үш жүздей еді. Бұл 10 маусымның түні болатын. Олар машиналарды өртей бастады, айнала жалындап жатты. Біздің үйіміздің жанындағы дүкенді өртеді. Дүкен 24 сағат бойы жұмыс істейтін еді, олар оның быт-шытын шығарып, өзбек жігіттерді өлтіріп тастады. Неге екенін қайдам, сол жердегі мейрамханаға тимеді».
АЛУАН ТҮРЛІ ҚАРУ-ЖАРАҚ
Ош әуежайының жанындағы Наримандағы өзбектер жақын тұрған қырғыз ауылына қарсы шабуыл жасады.
Куәгерлер мен жақын маңдағы бақылау-өткізу бекетінің сарбаздарының айтуынша, мергендер Нариманның қалаға апаратын басты көшесіне қарата оқ атқан, қырғыз ауылы Маңғытқа қарай да оқ атылған.
Бір қырғыздың кепілдікке алынғаны туралы расталмаған хабар тарады. Көрші қырғыз ауылдарының тұрғындары қырғыздың мәйіттерін (кейбір мәліметте, қырғыздың кесілген басын) Нариманнан келетін арнадан көргенін айтады. Дегенмен мұндай жағдайлар қырғыз қоныстарына қарағанда өзбек ауылдары мен махаллелерінде көбірек орын алды.
Оштың көшелерінде қаптаған қырғыздар жойқын шабуыл жасаса, өзбектер тосқауыл құрып , үйлеріне тығылып отырды.
Ош орталығындағы өртеніп кеткен кафені көрсетіп тұрып бір сарбаз: «Ана жерде қырғыздар жұмыс істеді, қырғыздың қыздары ыдыс-аяқ жуып, үстел жинап, қызмет көрсетті», – деп жапа шеккен қырғыз халқы екенін түсіндіргісі келді.
Ол кафенің иесі кім еді деген сұраққа «бір өзбек болатын» деп жауап берді.
Бақылаушылардың сөздеріне қарағанда қырғыздар бронемашина мініп, автоматпен қаруланған, ал өзбектер негізінен аңшы мылтықпен қорғанған.
ТАЛАН-ТАРАЖ
Оштағы госпиталдың бас дәрігері Турек Кашгаров қақтығыстың басынан бері қанша қырғызды емдесе, сонша өзбекті де емдегенін айтады.
«Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының тілшілері госпитальға барғанда 22 емделушінің 20-сы қырғыз болған. Турек Кашгаровтың айтуынша, олардың көпшілігі бытырамен немесе картечпен атылатын мылтықтан жараланған.
Зорлық-зомбылықтың өрті бәсеңсігенде Ошта апта бойына негізінен өзбектердің дүкендері мен кафелеріне бағытталған талау әрекеті тыйылған жоқ.
Полиция мен қауіпсіздік күштері заң бұзушыларды тоқтатуға жеткілікті шара қолданбады. 19 маусымға дейін көше-көшеде құнды зат іздеп, қирандыларды тінтіген адамдар көрініп қалып жүрді.
Бүкіл қала бойынша Ошта маңдайшасына спреймен «қырғыз» деп жазылған үйлер мен бизнес орындарына қолдың ұшы да тиген жоқ. Ал өзбектердің үйлері түгі қалмай өртеніп жатты.
ҚҰРМАНБЕК БАКИЕВТІҢ РОЛІ
Роза Отунбаева басқарған уақытша үкімет сәуірде тақтан құлатылып, Беларусте қашып жүрген Құрманбек Бакиевті жақтайтын күштерді айыптап отыр.
Бұған қоса 11маусымда баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Роза Отунбаева "үшінші күштердің" де референдумның бағын байлауды мақсат етіп отырғанын айтып, тағы бір қызықтың басын ашты.
«Референдумның жолын бөгейін дегендер, - деді ол, - 7 сәуірде басталған іске қарсы ескі үкімет пен жаңа үкімет арасындағы қайшылықтың ұлтаралық жанжалға ұласқанын қалап, қолдарынан келгенін жасап бағуда».
Өтірік қырғыз ұлтшылдығын көтерген кісімсіген Құрманбек Бакиевті өзбектер аса жақтырмаса да, оның басты саяси тірегі оңтүстікте болды.
Өзбектер болса, Уақытша үкімет өздеріне қарсы алалаушылықты тыяды деп үміттенді.
Мамыр айында құлатылған президенттің ұлы Максим Бакиевтің телефон арқылы араздықты қоздыруға бағыттап айтқан сөздері интернет бетінде әшкере болып, үкімет болжамы біршама расталды. Телефонмен сөйлесіп жатқан президенттің ұлы "оңтүстікте толқулар ұйымдастырып, үкіметті ыдыратам" дейді. Баспасөз мәліметтеріне сәйкес ол бүгінде Ұлыбританиядан саяси баспана алудың қамын қарастырып отыр.
Уақытша үкімет шенеуніктері Бакиевтің осы ретте Ауғанстан мен Тәжікстаннан жалдамалы сарбаздар жалдағанын айтады. Құрманбек Бакиев болса, зорлық-зомбылықтың белең алуына өзінің қандай да бір ықпалы барын жоққа шығарады.
Роза Отунбаева зорлық-зомбылықтың орын алуына Оштағы есірткі саудагерлері де себепкер болған дейді. Оған қоса Өзбекстанның Ислам қозғалысына қарасты содырлар Қырғызстанның өзбек ауылдарына жасырын әкелініп, арандатқан деп мәлімдейді үкімет.
Мұсылман дінбасылары қазір елді ұстамдылыққа шақырып отыр. Қақтығыстың аяқталғанына бір апта өткенде, 18 маусымда, жұма намазда Оштағы Имам әл-Бұхари мешітінде имамның уағызы дауысты күшейткіш арқылы жаңғырып жатты.
«Қырғыз бен өзбек – мұсылмандар, ал мұсылмандар – бауырлар, - деді имам өзбекше. - Арандатушылыққа ермеңдер. Ал, егер ерсеңдер, онда ол – сендердің шайтанның жұмысын атқарғандарың».
Ал бәріне Құрманбек Бакиев пен оның жақтастарын, ислам содырлары мен есірткі саудагерлерін кінәлі деп білген уақытша үкімет жағдайды ушықтырып алғанын мойындаудан бас тартты.
КАДЫРЖОН БАТЫРОВТЫҢ РОЛІ
Кейбір бақылаушылар бұл қақтығыстардың түбірін 13 мамырдағы Құрманбек Бакиевтің жақтастарының Жалалабадтағы жергілікті билік органдарына бақылау орнату оқиғасынан іздейді.
Бішкектегі «Кылым Шамы» адам құқықтарын қорғау тобының директоры Азиза Абдурасулованың мәлімдеуінше қырғыз билігі өзбек кәсіпкері әрі университет ректоры Кадыржон Батыровты қаруланған еріктілермен бірге әкімшілік ғимаратты алуға шақырған.
«Уақытша үкімет, - дейді адам құқықтарын қорғаушы, - Кейбір өзбектерді өзінің саяси күресіне пайдаланды, бұл әрине жаман іс еді. Олар Жалалабадтағы әкімшілік ғимаратты бақылауға алу кезінде іске өзбектерді тартты. Бұл істі Кадыржон Батыровтың жетекшілігіндегі топ атқарды. 14 мамырда оның адамдарына қару таратылды, сосын олар әкімшілік ғимаратына бақылау орнатты».
Әкімшілік ғимаратын басып алғаннан кейін Кадыржон Батыровтың адамдары Бакиевтердің үйін өртеп жіберді. Келесі күні мыңдаған қырғыз Батыровтың тұтқындалуын талап етті, бірақ ол бостандықта жүре берді.
Кадыржон Батыров Қырғызстанның оңтүстігінен өзбек автономиясын құру туралы ашық мәлімдеме жасап, жаңа Конституцияның жобасында өзбек тіліне ресми мәртебе беру секілді арнаулы баптар қарастырылсын деген үндеу жасаған соң қырғыздардың Кадыржон Батыровқа дұшпандығы одан сайын арта түсті. Кейіннен үкімет Батыровты тұтқындауға ордер берді, бірақ ол елден қашып кетті.
ҚАҚТЫҒЫСТАРДАН СОҢ
Оңтүстік аймақтағы дағдарыс кезінде орталықтың өкілі Оштың мэрі Мелис Мирзакматов болды. Бұл – өзбектер күдікпен қарайтын қайшылықты тұлға.
Құрманбек Бакиевтің адал жақтасы Мелис Мирзакматов "көкесі" тақтан тайса да, ерекше тәсілдер арқылы билікте қала білді
Бакиев құлатылған соң бір күннен кейін еңгезердей 250 жігіт әкімдік алдындағы алаңға жиналып, Мелис Мирзакматовтың мэр болып қала беруін талап етті. Дүмпудің дүмпуге ұласпауын қалаған Бішкектегі уақытша үкімет жиналғандардың талабын қанағаттандырды.
19 мамырда баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Мелис Мирзакматов өзін өзбек қауымының досы ретінде көрсетіп бақты. Бірақ дәл сол басқосуда қырғыз отбасыларының қақтығыс кезінде жоғалған туыстарының фотосуреттерін көрсеткен кезде Мирзакматов қауіпсіздік күштерінің өзбектер жасырын ұстап отыр деген адамдарды іздеу операциялары туралы мәлімдеме жасады.
Оның үстіне, Мелис Мирзакматовтың айтуынша, билік "өзбек қоныстарында ислам лаңкестері бой тасалап жүр" деп күдіктенеді. Бұған қоса ол өзбек махаллелерінің айналасындағы баррикада келесі күні жиналмаса, қауіпсіздік күштерінің «күш жұмсауға көшетінін» айтты.
Ал уақытша үкімет Мирзакматовты бақылай алмады немесе бақылағысы келмегенге ұқсайды.
Не де болса, Наримандағы өзбек махаллесіндегі әрекет барысында қауіпсіздік күштерінің екі өзбекті өлтіргені анық.
Операциялар Черемушкадағы қақтығыстан қашқандар жиналған Отхонда да жүргізілді.
Қауіпсіздік күштері Отхонға жеткізілген гуманитарлық жүктерден героин табылды деп хабарлады. Босқындарға көмектескен өзбек бизнесмені де сол жерде ұсталды. Тұрғындар қауіпсіздік күштерінің азық-түлік, ақша, әшекей заттарын да тәркілегенін мәлімдеді.
Ал сол жерде бой тасалап жүр деген лаңкестің ұсталғаны немесе әрқандай да бір кепілге алынған жанның босатылғаны туралы бір де бір мәлімет түскен жоқ.
Қырғызстанның жаңа конcтитуциясы шілденің 2-сінде күшіне енді. Осы арқылы уақытша үкіметтің заңдылығы беки түсу керек болатын.
Бірақ бір мәселе айдан анық. Бақылаушылардың пікірінше, жауапты тұлғаларды анықтап, жуырда болған қақтығысқа байланысты тәуелсіз тергеу жасамайынша жаңа үкіметтің тұғыры осал, ал оңтүстіктегі ахуал тұрақсыз болып қала бермек.