Вашингтон Ресей генералының АҚШ Қазақстан мен Өзбекстаннан әскери база құрмақ деген мәлімдемесін жоққа шығарды

  • Есен СМАҒҰЛОВ

"Манас" "әужайындағы америкалық әскери базаның қақпасы.

Ресей Федерациясы Бас штабының басшысы Николай Макаров АҚШ-тың Қазақстан мен Өзбекстаннан әскери база құрмақ ниеті барын мәлім етті. Бұл мәлімдеме американдық дипломаттар үшін тосын жай болды.

Ресейдің мемлекеттік телеарнасы «Вести.ру» «АҚШ-тың әскери базалары Еуропаны қоса алғанда әлемнің барлық аймағын қамтыған, — деген армия генералы Макаровтың Мәскеудегі әскери ғылымдар Академиясындағы сөйлеген сөзін келтіреді. — Олар Болгария мен Румынияда база құрды және біздің мәліметтеріміз бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан аумағында әскери база құруды жоспарлап отыр».


Жоғары шенді әскери шенеунік Ақ үйге жаңа әкімшіліктің келуі әлемдегі жағдайды өзгертеді дегенге күмәнмен қарайды. Макаров АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Барак Обаманың мәлімдемесіндегі «Ресей мен Қытайдағы өзгерістерді бақылау үшін барлық күш пен қаржыны топтастыру керек» деген сөзіне назар аударды.


Вашингтон Ресей генералының мәлімдемесін жоққа шығаруға асығуда. «Бұл мен үшін жаңалық болып отыр, бірақ бұл шындыққа жанаспайды деп ойлаймын», — деді Associated Press-ке сұхбат берген АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Мэтью Брайза. Агенттіктің материалын Boston Herald газеті жариялады.


Өзбекстандағы Америка елшілігінің баспасөз хатшысы Молли Стивенсон АҚШ тұрақты база құрмайды деп мәлімдеді. «Өзбекстаннан база ашу Американың жоспарына кірмейді. Мұндай сұраулар жасалған жоқ», — деді ол Associated Press тілшісіне.


Мақала авторы 2001 жылғы террорлық шабуылдан кейін АҚШ-тың Өзбекстан мен Қырғызстаннан әскери база құрғанын еске түсіреді. «Кремль алғашында 2001 жылдың 11-қыркүйегіндегі террорлық шабуылдан кейін Американың Ауғанстандағы соғысқа көмектесу үшін Орталық Азияны жайлауын қолдаған еді, бірақ кейінірек жағдайдың шиеленісуіне байланысты АҚШ-тың энергетикалық ресурстарға бай стратегиялық маңызы бар аймақтағы әскери кеңістігіне көңілі толмайтындығын білдіре бастады», — делінген материалда.


Бүгінгі күні тұрақсыз аймақтағы американдық жалғыз қамал Қырғызстанның «Манас» әуежайындағы әскери база болып отыр.


Бұған генерал Макаровтың мәлімдемесі Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Қазақстанға ТМД елдері басшыларының биресми саммитіне қатысу сапары қарсаңында жасалғанын қосуға болады. Аталған басқосуға Ресеймен қауіпсіздік мәселелерінде тығыз ынтымақтастығы бар мемлекеттердің басшылары шақырылды.