Сәнді киім таңдауда қазақ бомонды өнерге емес, заттың қымбаттылығына мән береді

Құралай Нұрқаділова, сәнді киім үлгісінің шебері, Алматыдағы баспасөз мәслихатында.

Қазақстандық сәндік киім тігу шеберлерінің беделі батыс елдеріндегі сән талғампаздары арасында өсіп келе жатқан сыңайлы. Мамыр айында ұйымдастырылған Алматыдағы Қазақстан сән апталығы күндерінің оқиғалары мен жай-жапсарлары кейбір халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында тағы да сөз боп жатыр.
«Бизнес нью юроуп» сайты Қазақстанның ең бақуатты да дәулетті топтарының қандай сәнді киімді қалай таңдап-талғап киінетіндігі жайлы әңгімелейді.

Қазақстанда сәнді киіну жоралғысы «Армани» немесе «Ди энд Джи» үлгілеріндегі бастан-аяқ спорттық киім киіну тәрізді нәрселердің шеңберінен асып кетіп отыр дейді сайт. Жергілікті дизайнерлер сәнді де қымбат киімдерді таңдап киюді ұнататын ұлттық элитаның өкілдері арасынан өздерінің өнімін үнемі келіп сатып алып тұратын адал клиенттер тобын қалыптастыруға қол жеткізді.

Өткен он жыл ішінде атақты жергілікті дизайнерлер – Құралай Нұрқаділова, Салтанат Баймұхамедова мен Айгүл Қасымова тәрізді шеберлердің Қазақстанда әсем киімдерді ең бір соны, шебер түрде тартымды етіп тігуі арқасында абыройы мен даңқы асты.

Соңғы 15 жыл бойы дефиле ұйымдастыру мен сәнді киім үлгілерін көрсетудегі жиын-тойлардың үнемі қақ ортасында жүрген Құралай мамырдағы сән өнері жарысында өз туындыларымен барша шеберлерден оза назарға ілігіп, елді тамсандырған болатын. Оның ағылып-төгіліп, ою-өрнектеле тарамдалып кететін жібектен тігілген әдемі көйлектері киюшінің мойны тұсына тақалғанда көз тартып, сүйсіндірер бұталар тәрізді бейнеге еніп кетіп жатады. Ал бұған киінушінің басына киетін газет материалынан жасалған өзіндік орамал-шалғыштарын қосыңыз. Құралай таяуда Лондонда өзінің сән өнімдерін саудалайтын дүкенін ашу жоспары барын айтады деп жазады басылым.

Әлемге әйгілі кутюрьелердің ешбірі әлі Алматыға келген емес. Дегенмен, мұндағы сән көрсетіліміне қатысып, өз өнер туындыларын бәйгеге қосу үшін Қазақстан, Кавказ, Батыс Еуропа, араб елдері мен Қытайдан осында 25 сән шеберлері келіп қонақ болды дейді сайт.

Қазақстан сән апталығының бас продюсері Саят Досбаев жергілікті сән киімі көрсетіліміне қатысудың бағасының қымбат еместігін тілге тиек етеді – әрбір сән шебері бұл үшін шамамен 20 мың доллар ақша төлейді, бұған жарықтандыру, дыбыстандыру, шымылдық артындағы орынды даярлап қою, жарнамаға кететін қаржы, т.т. – бәрі түгелдей енеді.

Голландиядан келген сән шебері Айрис ван Нотен өз туындыларының коллекциясын мұнда, яғни Алматыда бірінші рет көрсетті. «Мен үшін бұл өте бір ерекше жиын болды, өйткені мен бұған дейін Қазақстан жайлы ештеңе білмеген едім», – деп ағынан жарылады ол. Айристің айтуынша, мұндағы сән жарысы Еуропадағы осындай өнер мен мәдениет мерекелеріне қарағанда мүлде өзге сарында ұйымдастырылады екен.

Мұнда өнімді өткізу мақсатына баса мән беретін көрінеді дейді Айрис ван Нотен. Біз шымылдықтың артында әңгімелесіп тұрғанымызда, Айристің киімдер жинағынан әсем киім үлгілерін көрмек боп бірнеше адам біз тұрған маңға келді, олар киімдердің бағаларын сұрап жатты, – деп әңгімелейді «Бизнес нью юроуп» тілшісі Клэр Натал.

«Бұл сәнді киім көрсету қойылымдарын ұйымдастырудың мүлде бөгде жолы екен. Мұнда Лондонда, Парижде немесе Миланда өтетін дефилелерге қарағанда, көбіне өнерге емес, сәндік киімнің қымбаттылығына баса назар аударылатын сыңайлы. Мәселен, мұнда мен теріден тігілген киімді көп байқадым» – дейді Нидерландылық сән үлгісінің шебері «Бизнес нью юроуп» тілшісіне.

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ СӘНДІК КИІМ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ТУЫНДЫЛАРЫ

Тіпті табатын айлық табысы оншама көп деуге келмейтін әйелдердің өзі еңбекақысының едәуір бөлігін киім мен өздерінің сыртқы түр-тұрпатына әсемдік беретін заттар алуға жұмсайды. Дәулеттілер мұндай сән заттарын Армани, Моччино және осы тәрізді өзге де атақты кутюрьелердің фирмалық дүкендерінен сатып алады.

Сонымен қатар, олар әлсін-әлі сәнді киімдер сатып алу үшін шет мемлекеттердің астаналарына сапарлап барып-қайтып тұрады. Бұрынғы социалистік лагерде болған өзге елдер тәрізді, мұнда негізінен әлемге әйгілі сәнді киім тігу шеберлерінің өнімдері ерекше бағаланады.

Әйткенмен, соңғы уақытта бұл салада да дәстүрлі сарынға еніп жатқан жаңалықтар лебі сезіледі. «Енді адамдар аттары әлі дүние жүзіне кеңінен таныла қоймаған сән шеберлерінің киімдерін киіп көруге құлшыныс танытып жүр», – дейді бұл үрдіс туралы жергілікті дизайнер Айгүл Қасымова.

«Бизнес нью юроуп» сайты бұл пікірге қосылған Саят Досбаевтың сөзін келтіреді: «Біз нарықты бірнеше топқа бөле аламыз. Алдымен, Түркия мен Қытайдан келетін арзанқол киім киетін адамдар тобы бар. Екіншіден, көпшілікке арналған арзан дегенімізбен сапалы тігілген киім нарығы бар – бұлар Манго, Зара мен Бенеттонның киімдері. Одан кейін, кием десеңіз мұнда Джорджио Армани сынды шеберлер даярлаған қымбат киімдер де табылады», – деп түсіндіреді ол.

«Алайда, қазір кейбір адамдар әртүрлі стилдерді араластыра киюді ұнатып жүр. Мәселен, тек «Ди энд Джидің» өнімін киюдің орнына, олар денесіне осы фирманың джинсын, ал бастарына Құралайдың қолынан шыққан бас киімді киіп жүре береді. Жергілікті шеберлердің өнімдері халықаралық шеберлердің өнімінен бәлендей арзан емес, десе де, бұлардың өзіндік нақышы бар».