Несиелендірудің тоқтауы Қазақстан экономикасын күйреуге әкелуі мүмкін

  • Есен СМАҒҰЛОВ
Әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасының көптеген салаларына кесірін тигізуде, әсіресе құрылыс саласының ахуалы ауыр. Елдегі автокөлік нарығының да жағдайы мәз емес.

Американың BusinessWeek апталығының сайтында «Қазақстандағы құрылыстың күйреуі» атты тақырыптағы мақала жарық көрді.


Мақала қарашаның басында Алматы қаласының алданған үлескерлері жасаған наразылық акцияларын сипаттаумен басталады. Тұрғызылып жатқан үйлердің салымын төлеп, ақырында үйсіз қалған үлескерлер қолдарына «Халыққа баспана қайтарылсын!» деген жазулары бар плакат ұстап оңтүстік астананың көшесіне шықты.


«Бір кезде Қазақстандағы дүрлікпенің белгісі болған құрылыс секторында экономикалық құлдыраудың таңбасы қалады және бұл елдің әлемдік дағдарыс жағдайындағы осалдығын көрсетеді», — деп жазады материал авторы.


Жақын арада ғана ірі көлемде несие алған үлкенді-кішілі құрылыс компаниялары жұмыстарын тоқтатып, банкротқа ұшырау алдында тұр. Соңғы уақытта құрылысы бітпеген нысандар мен тоқтап тұрған құрылыс крандары Қазақстанның көп қалаларында үйреншікті көрініске айналды.


Салынып жатқан үйлерді ипотекаға алған қазақстандықтар дағдарыстың құрбаны болып отыр. Мақалада Алматыдағы наразылық акциясына қатысушы Игордің тағдыры сөз болады: «Елдің коммерциялық астанасының алаңына шыққан үлескерлер сияқты ол да банктен ипотекалық несие алған. Желтоқсанда өткізілуі тиіс оның үйінің бітуіне әлі талай уақыт бар екен. 35 жастағы Игор тұтынылған көліктерді сатады және оның бар тапқаны банктің айлық төлеміне кетіп жатыр».


«Мен банктен құрылыс қайта басталғанша ипотекалық төлемді тоқтатуды сұрадым, олар келіспей отыр, — дейді ол. Мен өзімнің банктегі қарызымды төлеп берсін деген талаппен құрылыс компаниясын сотқа берейін деп отырмын».

Игордің өзі жеңілетінін түсініп те отыр. Осы уақытқа дейін несиенің өтеміне 70 мың доллар төлеген ол «бұдан әрі қарай жоқ нәрсе үшін ақша төлемеймін», — дейді.


Құрылыс компаниялары Қазақстанда байқалған әлемдік дағдарыс жағдайын бірінші болып бастан кешірді. Бұл компаниялар жер мен құрылыс материалдарын алу үшін банктерге тәуелді болды, ал өздері қарызға батып қалған банктер қарызды қайтаруды талап еткен кезде күйреу басталды.


Қазақстан Ұлттық банкінің 30-маусым күнгі мәліметі бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 100,6 миллиард долларды құраған, оның ішінде банкке қарызы 45 миллиард доллар. Дағдарыстың алғашқы белгілері білінісімен-ақ шетелдік қаржы институттары Қазақстан банктеріне ақша беруді тоқтатты. «2007 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстан банктері бұрынғыдай арзан қаржыларды тарта алмайды», — дейді Renaissance Capital банкінің өкілі, алматылық сарапшы Ғайрат Сәлімов. — Сондықтан олар несиелендіруді қысқартып, қарыздарын өндіруде. Бұл негізгі қозғаушысы несие болып отырған Қазақстан экономикасына ауыр тиді».


Дағдарыс жағдайында тек құрылыс компаниялары ғана емес, экономиканың басқа да салалары, әсіресе, орта және шағын бизнеске банк несиесінсіз өмір сүру қиын. Тұтынудың төмендеуі 2008 жылы бірнеше жыл бойы тұрақты болып келген ЖІӨ-ді бұрынғы 10 пайыздан 5 пайызға түсірді.


Дағдарыс тақырыбын жалғастырған Reuters агенттігі Қазақстанның көлік нарығының зардап шегіп отырғандығын айтады. «Сарапшылар мен сатушылардың мәліметінше, 2008 жылы нарықтың өсуі баяулап, жеңіл көліктің сатылуы 25-30 пайызға қысқарады», — делінген мақалада.


Ernst&Young агенттігінің мәліметінше, өткен жылы қазақстандық көлік нарығының өсу қарқыны 50 пайызға артқан. Сәйкесінше, 2008 жылы тағы 40 пайызға өсу күтілгенмен, дағдарыс өз дегенін жасауда.


«Қазақстанда несие дағдарысы қатты білінуде. Ресейдің нарығымен салыстырғанда қазақстандық нарықты негізінен тұтынылған көліктер құрайды. Болуы мүмкін өзгерістерге байланысты тұтынылған көліктер импортының әрі қарайғы төмендеуін бақылаймыз. Жалпы алғанда өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны әлдеқайда төмен болады», — деді Ernst&Young сарапшысы Иван Бончев.


Мемлекеттің өзінің «ВАЗ» және «Skoda Auto» көліктерін шығаратын «Азия-Авто» көлік құрастыру кәсіпорны да сатудың азаюдың байланысты 2008 жылға арналған өнім болжамын 32 пайызға төмендетті.


Несиелендірудің кенет тоқтауымен ілесе келген қаржы дағдарысы тек жаңа көліктердің сатылуын төмендетіп қана қоймай, тұтынушылардың алғашқы нарықтан екінші деңгейлі нарыққа ауысуына әкеледі. Көлік дилерлерінің пікірінше, алғашқы нарықтың саудасы банктер туындаған қиындықтарды жеңгеннен кейін ғана жүзеге асады. Ernst&Young мәліметі бойынша, өткен жылы Қазақстанда 550 мыңдай көлік сатылған, оның 15 пайызы ғана жаңа көліктер.

Дегенмен, мақалада айтылғандай, бұл жағдай тек Қазақстан нарығының ғана басындағы жағдай емес: «Сонымен, 2008 жылдың қыркүйегінде Еуропадағы көлік саудасы осыдан он жыл бұрынғы деңгейге түсіп, АҚШ-та ширек бөлігі қысқарған, ал Ресейде өсу қарқыны екі есеге, яғни 20 пайызға дейін төмендеген».