Саркози Назарбаевты оңашада адам құқықтарын құрметтеуге үгіттегенімен, ел алдында кәдімгі коммивояжер тәрізді сөйлепті

Франция президенті Николя Саркози (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қазан 2009 жыл.

Францияның кейбір басылымдары президент Николя Саркози Астанаға сапары барысында президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің қолдауын көрсетті деп жазады. Дегенмен, ол қолдаудың артында француз бизнесі мен жұмысшыларының мүддесін қанағаттандыру мақсаты жатқан екен.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ ОДАҚТАС

«Le Mond» газеті Николя Саркозидің 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ – ға төраға болатындығына қолдау көрсеткенін жазады. Дегенмен, ЕҚЫҰ Қазақстандағы президент және парламент сайлаулары демократия талаптарына сай болмады деп отыр. Мұның басты себебі ретінде аталған ұйым оппозицияның өкілдеріне сайлау барысында тең мүмкіндіктің берілмеуін атап көрсетеді.

Басылым өзінің оқырмандарының назарын 69 жасар Нұрсұлтан Назарбаевтың советтік режим стилінде өткізілген сайлауларда бірнеше мәрте қайтадан сайланып келгеніне аударады. Сонымен қатар, оны өмір бойы ел билейтін президент етуді талқылауды ұсынып отырған оның партиясы парламенттегі жалғыз ғана партия болып табылады.

Газет Францияның Қазақстанға қызығушылық танытуы ең алдымен геостратегиялық себептен деген тұжырым жасайды. Ауғанстанда соғыс жүргізу, ол елдегі үш мың француз жауынгерін керек – жарақпен Франция тарабынан үздіксіз түрде қамтамасыз етуді талап етеді.

Париж мұнымен бірге Ресейді айналып өтетін жол арқылы өз жеріне көмірсутектерді жеткізуді қамтамасыз етуге де мүдделі деп жазады газет. «ҚазМұнайГаз», «Тоталь» және «Газ де Франс» фирмалары табиғи газдың кеніне бай Хвалын кенішін игеру жөніндегі меморандумға қол қойды. Кенішті игеруге француздар 1,5 миллиард доллардай қаржы салмақ.

Қазақстан Қашаған кенішін Каспий теңізінің жағалауымен байланыстыратын мұнай құбырын салатын мердігер ретінде Spie Capag консорциумын таңдады. Елисей сарайының жоспары бойынша, осы жобаны іс жүзіне асыру арқасында 2013 жылдан бастап мұнай Еуропаға Әзірбайжан мен Түркия арқылы тасымалданатын болады.

Николя Саркози ядролық энергетиканы дамытуды өзінің сыртқы саясатының стратегиялық бағыты етіп таңдап алған болатын. Қазақстан Франция мемлекетіне өзі өндіретін уранның 10 пайызын жеткізіп беріп отыр. Келешекте Қазақстан аталған елге уран жеткізіп беруші негізгі мемлекетке айналуы мүмкін.

Францияның Areva ядролық компаниясы Астанамен 2039 жылға дейін күшінде болатын келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт бойынша аталған компания «Қазатомөнеркәсіппен» бірге Қытай нарығының сұранысын қанағаттандыратын ядролық отынды өндіруге міндеттеніп отыр.

Николя Саркозидің сапары тағы да бірқатар келісімшартқа қол қоюға жол ашты деп жазады «Le Mond». Мәселен, Франция Жерді ғарыштан бақылауға мүмкіндік беретін EADS Astrium өндірген, құны 230 миллион еуро тұратын жер серігін жеткізіп бермек. Әскери мақсаттағы оның бірі - Куру ғарыш айлағынан, азаматтық мақсаттағы екіншісі – Байқоңырдан ұшырылмақшы.

Франция президентінің сапары барысында, сонымен қатар, Астанада трамвай жолын төсеу жөніндегі құны 300 миллион еуро тұратын жоба мен құны 100 миллион еуро тұратын Қазақстан армиясына әскери радиобайланыс құралын жеткізіп беру жөніндегі келісімге де қол қойылған.

МӘДЕНИЕТТІ ДЕСПОТИЗМ

«Le Point» журналы өз елін демократияландыру жөніндегі іс - әрекетінің нәтижелері көп күмән туғызатын Нұрсұлтан Назарбаевқа Николя Саркози өз тарабынан қолдау көрсетті деп жазады. Ал Саркози болса, Францияның экономикалық мүддесі мен құндылықтарынан бас тартқам жоқ деп мәлімдеген.

«Біз әлемнің бұл аймағында көптеген дағдарыстар мен қиыншылықтарға тап болып отырмыз. Ал кей мемлекеттер халқы болса, өзара тату – тәтті өмір сүріп, бір – бірімен қарым – қатынасында төзімділік танытып отыр. Қазақстан, мысалы, сондай мемлекет», - деген сөзімен Николя Саркози Нұрсұлтан Назарбаевты қорғап уәж айтты дейді басылым.

«L’Expansion» журналы Париждегі Халықаралық және стратегиялық қатынастар институтының сарапшысы Арно Дюбианның сұхбатын жариялаған. Ол Қазақстанның шикізат ресурстарының, соның ішінде көмірсутектер мен уран кенінің өте бай қорына ие екеніне оқырман көңілін аударады.

«Бұл тұрақсыздық жайлаған аумақта Қазақстан тұрақтылық аралы болып қалып отыр. Тәжікстан мен Өзбекстанда азамат соғысы басталып кету қаупі төніп тұр, Қырғызстан болса аутсайдер мемлекет болып саналады. Бұған керісінше, 1989 жылдан бері елін билеп келе жатқан президент Назарбаевтың режимі тұрақтылықпен аяғында нық тұр.

Оның режимін "мәдениетті деспотизм" деп сипаттауға болады. Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты ахуалға баға бергенде, аталған мәселенің салыстырмалы сипатта екеніне көңіл аудару қажет. Әрине, бұл ахуалды тіптен тамаша деуге келмейді. Дегенмен, ол Қазақстанның көршілерімен салыстырғанда әлдеқайда көш ілгері.

Мысалы, ақпарат тарату мен сөз бостандығының белгілі бір еркіндік аясы бар. Ал дәл осындай бостандық Өзбекстанда бар деп айта алмайсың», - деп атап көрсетеді сарапшы Арно Дюбиан.

САРКОЗИ ЖҰРТ КӨЗІНЕН ТАСАДА НАЗАРБАЕВТЫ ЕЛІҢДІ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫР ДЕП ҮГІТТЕПТІ

«L’Express» апталығы Николя Саркозидің Қазақстанға сапары барысында адам құқықтары мәселесі тіпті сөз болмағандығын жазады. Мақала ауторы Қазақстанда дөрекі түрде аяққа тапталып жатқан адам құқықтары мәселесін екі президент өзара кездесуінде талқылауы керек еді деп санайды.

«Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымы Николя Саркозиден әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевқа қысым жасауды өтініпті.

Ал Саркози болса, деп жазады журнал, Назарбаевқа дереу қолдау білдіретін ниет көрсеткен. «Мен ... Қазақстанға қолдау көрсету туралы шешімге келдім. Себебі бұл бейбітшілік үшін жасалған таңдау және де бұл ел басшылары маған өздерінің ЕҚЫҰ – ның басты принциптерін қолдануға нық бел байлап отырғандарын айтты», - депті Саркози.

«Le Figaro» Николя Саркозидің Қазақстанға сапары барысы туралы ақпарат бере келіп, француз президентінің ол елге Францияның коммивояжері ретінде қыдырып барғанын айтады. Ондағы Саркози мақсаты бірқатар ірі сауда келісімін қоржынына тоғыту болыпты. Саркози аталған бұрынғы советтік республиканың сайлау өткізудегі әділетсіздігі үшін бірнеше мәрте сынауға ұшырағаны туралы әңгімеге құлақ қоюға титтей де ықылас танытпаған.

Астана режимі адам құқықтары мәселесі бойынша бірқатар халықаралық ұйымдардың сын садағы нысанасына айналған болатын. Ал Саркозидің мынадай жүріс – тұрысының мәні күрделі тарихи және діни себептермен түсіндіріледі. Сонымен қатар, әрине, Франция президентінің бұлай етуінің астарында Францияның ірі бизнесінің мүддесін қанағаттандыру мақсаты да жатқаны анық.

Николя Саркози журналистермен әңгімесінің барысында Қазақстанның коммунистік өткен тарихына да тоқтала кетуді жөн көрген. Оның айтуынша, бұл мемлекет «1991 жылға дейін болмаған әрі өз мемлекеттілігін тап – таза, тақыр жерден бастап, іргетасын қалап жаңадан тұрғызып жатыр».

Жабық есік артындағы бетпе – бет әңгіме – дүкен кезінде деп хабарлайды «Фигаро», Саркози өз әріптесіне ЕҚЫҰ төрағалығының өкілеттігін қабылдап алмай тұрып, «белгілер беру» қажеттігін айтыпты. Басылымның айтуынша, Николя Саркози Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Бұл маңызды істерге көңіл бөлу өз жеке мүддеңіз үшін де, еліңіз мүддесі үшін де оң шаруа. Әрі бұл жыл басында ЕҚЫҰ төрағасы міндетін атқаруға кірісерде қолайлы атмосфера жасап алуға жол ашады», депті.

Сонымен бірге, Франция президенті танымал құқық қорғаушы, сотталып кетіп, қазір түрмеде отырған Евгений Жовтистің де ісін тілге тиек етуді ұмытпады деп айта кетеді сөз арасында «Фигаро».