Журналистер қауымы «Реcпублика» газетін басуды шектемеуді сұрап мәлімдеме таратпақ

«Голос республики» апталық басылымының кеңсе құралымен басып шығарылған саны. 16 қазан 2009 жыл.

Қазақстандағы кейбір баспасөзді қорғау ұйымдары «Голос Республики» және «Моя Республика» басылымдарының баспаханаларда еркін басылуына мүмкіндік берілуін сұрап, билікке мәлімдеме жолдамақшы. Сарапшылардың пікірінше, көптеген басылымдар газет төңірегінде ашық пікір білдіруден қорқады.

БАСПАХАНАЛАР «РЕСПУБЛИКА» ДЕГЕН АТАУДАН ҮРКУДЕ

Қазақстанның журналистік қауым өкілдерінің мәлімдеуінше, елдегі ірілі-ұсақты баспаханалардың барлығы да жарты жылдан бері «Голос Республики» және «Моя Республика» газеттерін басудан бас тартып отыр. Мәлімдеме иелерінің айтуынша, қазіргі таңда елдегі барлық баспаханалар «Республика» сөзі бар басылым атауын көрсе, бірден ат-тонын ала қашады.

Демократияға бет бұрды деп саналатын елде мұндай жағдайдың болуы ел Конституциясы мен Қазақстан қол қойған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қайшы делінген мәлімдемеде.

«Қоғамдағы алуан пікірлілік, еркін ақпарат алмасуға кепілдік беру ЕҚЫҰ-ның негізгі принциптері болғанымен, оған төраға болып отырған Қазақстанда қазіргі таңда техникалық цензураға жол беріліп отыр. Ұйымның төрағасы бола отырып, оның принциптерін сақтамау Қазақстанға жараспайды», деп жазады мәлімдеме ауторлары.

Өткен жылы «Республика» газетін басқан елдегі бірқатар баспаханалар жабылып, олардың кейбірінің басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Басылымды баспаханада басуға мүмкіндік болмағандықтан, аталмыш газеттер қазіргі таңда кеңсенің қарапайым құрылғылары арқылы басып шығарылып келеді. Бұл жайт газеттің сапасына әсер етіп отыр.

«Біз сіздерден «Республика» басылымы елдегі кез-келген баспада еркін басылатындай жағдайға жету үшін күш салуларыңызды сұраймыз. Ол үшін бұл басылымды басуға елде тыйым салынбаған деп жариялау керек. Сонда ғана барлық баспаханалар құқық қорғау орган өкілдерінің тексерісінен қорықпай, еркін баса алады. Сіздер бұл мәселеге араласады деп үміт артып отырмыз» делінген билікке бағытталған мәлімдемеде.

«Әділ сөз», Қазақстанның Журналистер Одағы, Қазақстанның Медиа альянсы таратып отырған мәлімдемеге қазіргі таңда республиканың әр түкпірінен қол қойып, үн қосып жатқан азаматтар болғанымен, көптеген басылымдардың газет төңірегінде ашық пікірін білдіруге батылдары жетпейді, дейді тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи.

– Бұл газетке ашық қолдау көрсетудің өзі қандай журналистік ынтымақтастық болмасын, ертеңгі күні билік тарапынан, бақылап отырған ішкі саясат мамандары тарапынан теріс көзқарас тудыртуы мүмкін. Мұны мейлі мемлекеттік болсын, мемлекеттік емес болсын, ақпарат құрал өкілдері түсініп отыр. Сәйкесінше, қолдау білдіруден тартынып отыр. Өткен аптада Тимур Құлыбаевтың шағымына байланысты елдегі оппозициялық газеттерді сотқа берген кезде де, дауыс көтерген тағы да тәуелсіз ақпарат құрал өкілдері ғана болды, – деді ол.

ТӘУЕЛСІЗ ГАЗЕТТЕРДІҢ ТЫНЫСЫ ТАРЫЛА МА?

– Қазіргі таңда ел ішінде өздерін оппозициялық газет деп атайтын газеттер өз күндерін өздері көріп отыр. Оларға мемлекет тарапынан қысым көрсетілмесе, олардың өмір сүруіне жағдай жасау деген сөз қазір біздің лексиконнан, біздің қоғамдық өмірдің тәжірибесінен шығып қалған, – дейді Ермұрат Бапи

«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім тәуелсіз басылымдардың жетілуіне билік кедергі қойып отыр дейді. Ол мұны сорақылық деп бағалайды

– Жалпы демократия есебінде мен барлық газеттің шығу мүмкіншілігінің шектелмеуін қолдаймын. Мейлі, ол қандай бағытта болсын. Бұл жерде ең қорқыныштысы – демократияға қадам бастық деген жиырма жылдың ішінде баспаханалардың газетті басудан қорқып отырғаны. Менің ойымша, бұл совет өкіметін еске түсіреді және біздегі демократияның бар екендігіне үлкен күмән келтіретін нақты дерек. Әрине, белгілі бір заңды бұзған кезде сот арқылы газетті жабу бұл басқа мәселе. Ал баспаханалардың баспаймын дегені бұл шындығында, үлкен сорақылық деп есептеймін. Бұл әлі де болса, біздегі демократиялық институттардың қалыптаспағанының анық көрсеткіші, – дейді Дос Көшім.

Мәлімдеме алдағы дүйсенбі күні билікке жөнелтілмекші.