Теміртаулық туристер тобы Қарқаралы маңынан тапқан қорғаныс бекіністерін жоңғар шапқыншылығынан қалған болар деп топшылайды. Кезінде бұл жерде Кенесары ханның қолы бекінген болуы ықтимал деген жорамал айтылып отыр.
БАБАЛАР БЕКІНІСІ
Валерий Кравцов бірнеше жыл бойы Қызылтас биігіне шығып, ылғи жаңалық ашып жүреді. Бұл жолғы сапарында тастан жасалған он төрт қорғаныс бекінісін тапты. Шамасы, қазақтардың ата-бабалары бұл бекіністі жауынан қорғану үшін жасаған болар деген болжам жасап отыр.
– Мен бұған дейін төменде жар жиектерін жаба орналасқан алты бекіністі білетінмін. Бірнеше жыл бұрын соның жоғарғы жағынан суға толы ойпатты көріп ерекше қуанғанмын. Сол кездің өзінде жартылай орманға оранған еді. Ал қазір ол орманда шым өсіп жатыр, – дейді Валерий Кравцов.
Қарқаралы өңірін биыл да мұқият зерттеуге шыққан Кравцов тағы да сегіз қорғаныс бекінісін тапқан. Алайда оған талай қиындықтар кездескен көрінеді.
– Бекініс мен құшақ жая қарсы алған жоқ: төмен құлап, аяғымды, ішімді жараладым. Әйелім мені енді тірі қалмайтын шығар деп те ойлаған екен.
Туристердің айтуынша, жартастардың мызғымас беріктігін сол кездің құрылысшылары тиімді пайдалана алған. Жау жағына қараған тұсы тік, ал қорғанушылары тұрған жағы дөңес екен. Сондықтан ол жаққа оқ жетпеген.
Валерий Кравцов бұл бекіністердің табиғат әсерімен қалыптаспағандығын, қолдан жасалған құрылыс екенін ерекше атап өтеді. Туристер байқаған үш жерде де тізерлей отырып, жауға қарсы оқ атуға арналған орындар бар екен.
Теміртаулық туристің пікірінше, бекіністер жау аяғы жетпейтін жерлерге салынған. Өйткені, жардың жан-жағы тіп-тік. Оған арнайы құрал-саймандары бар заманауи тауға өрмелеушілердің де шығуы қиын.
– Бұл бекіністерді жоңғар шапқыншылығы кезінде тұрғызған секілді. Себебі олар осы жерлерге де шабуылдаған. Ал адамдар шыңға көтерілетін. Менің ойымша, олар ұсақ малды да айдап өткен. Өйткені қой-ешкі бұл төбелерге қиналмастан өрлеген. Онда тар жолдар бар. Табиғаттың су қорын сақтаудың арқасында адамдар бірнеше ай бойы бекініс ішінде тұра алған көрінеді. Қорғаныс құрылысы өте үлкен емес – бір нүктеден екіншісіне дейін 800 метр, әрі өзендер де бар. Тағы бір үлкен 80 метрлік бекініс өзендерді қоршап тұрған. Ол өзендер қазір жойылып кеткен, тек көктем кездерінде ғана болады.
КЕНЕСАРЫ БЕКІНІСІ
Туристер бұл кереметке таңданып қана қоймай, суретке түсіріп, көлемін білу үшін және оларды кейін ғалымдарға көрсету үшін өлшеген. Олардың есебі бойынша, ең кішкентай қорғаныс бекінісінің ені - үш метр, ұзындығы - төрт метр. Қазір олар табиғат әсерінен зақымданған. Бұл бекіністердің жалпы ұзындығы – 260 метр, көлемі – 627 шаршы метр. Бұл - шамамен 1 693 тонна. Алайда туристер он бесінші бекініс те бар деп болжайды. Оны келесі жылы табармыз деп отыр.
Қызылтастағы осы қорғаныс бекіністері туралы деректер еш жерде жоқ. Валерий Кравцов бұл жайында археологтар Виктор Варфоломеев және Арман Бейсеновпен де кеңескен.
Олар бұл жерлерге ешқашан келмепті, осы қорғаныс бекіністері жайлы мүлде естімеген екен. Тіпті, ескерткіштерді қорғау департаменті де, Қарқаралы өлкетану мұражайының қызметкерлері де білмейді екен.
Туристердің сенсациялық жаңалығы, Виталий Кравцовтың айтуынша, ғалымдарды қайран қалдырған.
– Біз бұл бекіністер жайында көп адамдардан сұрастырдық. Осы құрылыстардың суреті бар ормандарды көрсетіп едік, ешкім сенбеді: «Қарқаралыда орналасқан ба?» - деп сұрады. Тек орманшылар ғана оларды көргендерін, алайда ешқандай мән бермегенін айтқан. Орманшылар бұл құрылыстарды «Кенесары бекінісі» деп атайды екен. Өйткені Кенесарының қолы сонда тығылып жатқан. Алайда бекіністер ол кезден әлдеқайда бұрын салынса керек. Одан бері 300 жыл өткен. Маған Қарқаралыдағы Зеленскалда да осындай бекіністер барын айтқан еді. Енді соларды зерттегім келеді. Көргенше тыныштық таппаймын, – дейді Валерий Кравцов.
Ежелгі тарихқа құмарлардың тағы бір арманы – Зеленскал жотасында орналасқан шытырман үңгірді табу. Оның да жаңадан табылған бекіністермен байланысы бар болуы мүмкін.
Бұл жолғы саяхаты аяқталған соң Валерий Кравцов енді келер жылы экспедицияға үкіметтен қаржы бөлгізіп, әлі құпиясы толық ашылмаған жерге тарихшылар мен археологтардан құрылған арнайы топ шығартуға бар күшін салмақ. Мүмкін, олар бұл жаңалықты Қазақстан тарихы оқулығына енгізер дейді Валерий Кравцов.