Жарты ғұмыры Қытай түрмесінде өткен Қажығұмардың есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналды

Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы.

Қытайда үйқамақта отырған жазушы Қажығұмар Шабданұлының есімі Қазақстандағы жұртқа негізінен кітаптары арқылы таныс. Жазушының тағдыры жайлы оның үзеңгілестерінің бірі болған Алмас Ахметбекұлы әңгімелеп берген еді.

ЖАЗУШЫ, ДИССИДЕНТ, ТҰТҚЫН

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде туған. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Дөрбілжін ауданына ауып барған. 1944 жылы Үрімжіде оқып жүрген кезінде ұлттық азшылықтар көтерілісіне байланысы бар деген айыптаумен Қытай билік орындары тарабынан қудаланып, абақтыға түскен. 1952 жылы қызмет бабымен Үрімжі қаласына шақырылып әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен бас бостандығынан айрылып сотталған 22 жыл бойы Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде айдауда болған.

1980 жылы жазасын өтеп әрі ақталып бостандыққа шығады.

1986 жылдың желтоқсан айының отызы күні тұтқындалып, «ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» шетел жансызы деген айыптаулармен 15 жылға бас бостандығынан айырылып жазаланады.
Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы 2009 жылы Қазақстанда басылып шықты.
Жаза мерзімін Үрімжі қаласының № 1 түрмесінде өткізеді.

Қытай үкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде штаб-пәтері Лондон қаласында орналасқан Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.

Қазір Қытайдың Шәуешек қаласында мырза қамақта тұрып жатқан жазушының алты томдық «Қылмыс» романы былтыр Қазақстанда басылып шықты.

- Алмас мырза, ең алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Қазақстанға қашан көшіп келдіңіз?

- 1993 жылдың 22 ақпанында елге оралғанмын. Қытайда мәдениет саласында қызмет істедім. Мен Шәуешекте «Тарбағатай» деп аталатын әдеби журналда жұмыс істеп жүрген тұста Қажығұмар Шабданұлы Тарым лагерінде өткерген 22 айдаудан босап келді. Ол кісінің бұрынғы сотталған, істі болған жылдары түгелге жоққа шығарылып, саяси жақтан өзін ақтады. Сол кезде Қытай өкіметі ол кісіні жазушы ретінде біршама қамқорлыққа алып тұрды.

Біз сол кезде өзімізді Шәуешектегі мәдениет, әдебиет саласындағы талантты жастардың құрамындамыз деп есептеп, Қажы-ағаңдарды пір тұтып, айналсоқтап, о кісінің қасынан шықпайтын кезіміз. Сондықтан ол кісінің төрт-бес жылдық өмірі біздің қатысуымызбен өтіп жатты деуге болады.

Қажекең өте кішіпейіл кісі. Уақытқа да, өмірге де, өзіне де сондай ұқыпты адам. Киім киісінен тартып, тіпті, сигарет шеккеніне дейін отырған жерінде тап-тұйнақтай отырады.

Шәуешекке келген, кеудесінде оты бар қазақ Қажы-ағаңа кіріп, сәлем бермей кетпейтін. Сонда ол кісі күнінде кемінде он кісі қабылдайтын болуы тиіс. Сол адамдардың бәрін он-он бес минуттан қабылдап, әрқайсысының әңгімелерін тыңдап, өзінің бірер ауыз жақсы лепестерін айтып, бір-екі шыны шайын беріп шығарып салатын.

Ол кісінің бәйбішесі Бақаш деген кісі. Қазір осы Алматыда тұрып жатқан Жайнар деген Қажы-ағаңның қызы бес-алты жыл бостандықта жүрген кезде Бақаш шешемізден туған қызы. Қажы-ағаңның алпысқа таяған шағында көрген баласы.

Қазір Қаж-ағаң аман-есен. Қазақстанда «Қылмыс» романы жарық көріп, халықтың назарын аударып жатқаннан кейін Қажекеңмен кездескен, ол кісімен бірге жүрген адамдардың барлығы ол кісі туралы көрген, білгенін айта жүруге міндетті сияқты болып қалды. Қажекең өзі оралар, Алла соған жазсын!

«МІНЕЗІ ТІК, СӨЗІ ШАПШАҢ, КӨЛГІРСУІ ЖОҚ»

- Қазақстандағы оқырман Қажығұмар Шабданұлының өмірдегі, қарапайым тұрмыстағы адами болмысын біле бермейді. Сол себепті, ол кісінің өзіңіз білетіін мінез-құлқы жайлы айта отырсаңыз?

- Мінезі қағылез кісі. Сосын мынау жағымпаздық, өтірік көлгірсу адамдардың көбінде болатын мінездер ғой. Мұндай жағымсыз мінездер
Ақын Алмас Ахметбекұлы Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында, 9 наурыз 2010 жыл.
ақын-жазушылардың, журналистердің арасында да кездеседі. Ал, Қажекең мұндай мінезді жек көреді. Қарапайым адамдарға келгенде сондай кішіпейіл, адал болғанымен жоғарыдағыдай мінезі бар адамдарға келгенде соншалықты қатал әрі тіл ащы, өткір кісі.
Өйткені, ол кісінің аяқ-қолы шапшаң адам. Өзі жеңіл, қағілез кісі.

Сондай сәттердің бірі Шәуешек қаласында өткен ақындар айтысы кезінде болып еді. Бақилық болып кетті, марқұм Сәбит Нығметжан деген ақын ағамыз болған. Ол кісінің мінезі де шарт еді.

Сол ақындар айтысының қортынды банкетінде Қажекең аймақ басшылары, партия саласындағы хатшы азаматтармен бірге бөлек бір залда отырған. Мен мәдениет саласының қызметкері ретінде сол кісілерге қызмет көрсетіп жүргенмін. Қажекеңдермен бірге біраз ақын қыз-келіншектерде отырған болуы керек. Бір кезде Сәбит Нығметжан кіріп келіп, «ойпыр-ай, бізден жасырынып отырғанда, қыздармен отырған түрлерің екен ғой» деген әңгімеге келтірді. Қажекең оған лайықты жауабын берді.

Қажекең сол әділеттілігінің арқасында ел ол кісіні тазалықтың, қайсарлықтың, әділдіктің, көркемдіктің символы ретінде көреді.

Қажекең елу үшінші жылдан бастап саяси науқандардың қырына іліккен. Бірақ бірде-бір азапта, бірде-бір қинауда ол кісі ешқандай құжатты мойындаған адам емес. Ал, жиырма жыл бұл кісіні түрмеге жапқанда ешқандай үкім кесіп жаппаған. Әншейін, сыртынан соттағандай қылып, ешқандай қылмысы дәлелденбей жиырма жыл айдауда жүріп келді. Сол айдауда жүріп те ешнәрсені мойындамаған. Талай мықтымыз деген азаматтар қинауға шыдамай неше түрлі пәлені басына үйіп алған кезде Қажекең соның бірінде тұяғына ілмей қайтқан.

- Қажығұмар Шабданұлымен бірге болған жолсапарларыңызда болған қызық жайттардан да айта отырсаңыз?

- Бір жылы Іле аймағының Таңбалы деген жайлауында Іле қазақ автономиялы облысының ақындар айтысы болды. Айтысқа үш аймақтан айтыс ақындарының делегациясы келді. Шәуешек аймағынан 18 адам жолға шықтық. Ішімізде бетке ұстар ақсақалымыз Қаж-ағаң бар. Айтыстың қортынды жиналысында Қаж-ағаңа сөз берді. Ол жақта да қазақтар үйек-үйекке бөлініп алып, айтыстың жүлдесіне таласып жатады. Содан Қаж-ағаң ақындар айтысының аса сәтті өткенін алайда, бағалауда әділетсіздіктер болғанын қазылар алқасының көзінше айтып салды. Жақсы айтысып, өнерімен көзге түскен бірақ. Лайықты бағасын ала алмаған кейбір ақындардан өзі мүшесі болса да, әділ қазылар алқасының атынан кешірім сұрады.

Кейін Іле аймағына келіп, қонақ үйге түскенімізде Қажы-ағаңның бөлмесінен адам үзілген жоқ. Үш аймақтың түрлі саладағы азаматтары келіп ол кісіге сәлем беріп, мәжілістес болды. Мұндай үлкен кездесулер Іле педагогикалық институтында да өтті.

Сол кезде халық Қажы-ағаңды ғайыптан пайда болған адамдай көретін. Және соған ол кісі лайық болатын. Ел алдындағы жұлдызды бейнесін сақтап жүрді.

ЖАРТЫ ҒҰМЫРЫНЫҢ ТҮРМЕДЕ ӨТУІНІҢ КЕЙБІР СЫРЫ

- Қажығұмар Шабданұлының өмірінің те жартысын түрмеде өтікзетіндей қандай жазығы бар? Бұған не дейсіз?

- Ол кісімен талай мәрте сұхбаттас болдым. Ол кез Қытайда түрлі саяси науқандардың иттей балалап жататын тұсы. Мысалы, тарихи деректерден білетініміздей, Қазақстандағы 1937-1938 жылдарғы қуғын-сүргін кезінде бірін-бірі ұстап берген, бірінің үстінен бірі арызданғандар да көптеп болғаны аян. Сол сияқты Қытайдағы қазақ-ұйғыр зиялылары арасындағы іштей көре алмаушылық, іштарлық,
Қажығұмар Шабданұлының қызы Жайнар әкесінің Қазақстанда жарық көрген 6-томдық «Қылмыс» романының таныстырылымы кезінде. Алматы, 24 қараша 2009 жыл.
«бәлем сенімен» деген тіс қайраушылықтың іске асуыан әлгіндей саяси науқан кезінде таптырмайтын тәсіл болған ғой. Қажыекеңдер сондай дүниелердің кесірінен өмірінің тең жарымынан астамын айдауда, түрмеде өткізді.

Кейін 1956 жылы «Бақыт жолында» деген көлемді романы жарық көрді. Сол кезде мұндай көлемді шығарма ұйғыр және қытай әдебиетінде жоқ еді. Осындай ірі шығарма қазақ әдебиетінде пайда болды. Өзінің айтысына қарағанда, осы шығарма Қажекеңнің қарсыластарын көбейткен. Атын атап бірнеше ұйғыр жазушыларын, бірақатар қазақ қаламгерлерін айтқан. Ол адамдардың кім екенін «Қылмыс» романынан мен өзім біліп отырмын. Ол адамдардың аты-жөнін атаудың керегі жоқ шығар, осында ол жазушылардың бала-шағалары бар.

Міне, осындай қаламдастары Қажекеңе қастас, бақталас болып, саяси науқан кезінде бұл кісіні аяқтан шалған ғой. Содан кейін бұл кісі бірбеткей, әділдікті сөйлейтін адам. Ол заманда әділдікті сөйлеу - өз басына пәле тілеп алатын жаңдай еді.

- Қытайдан келген, кеткен адамдардан сұрастырсақ, Қажығұмарға барып, сәлем беруге, ол кісімен араласуға жұрт жүрексінетін көрінеді. Осы рас па?

- Сол маңдағы қазақтардан тартынып жүрген адамдар жоқ. Қазір ол кісі ешқандай әлеуметтік көмек алмайды. Тек қана бәйбішесінің зейнетақысына қарап отыр. Бірақ, сол жақтағы қалам ұстаған жігіттер, жағдайлары келгендері кейде бір қойын, кейде бір тайын сойып әкеп тастап жүргенін естіп-біліп жүрмін.

Дегенмен, партия, өкімет саласындағы азаматтар жаңағы сен айтқандай ол кісіден қашқалақтайды.


ҮЙҚАМАҚТА


- Қажығұмардың соңғы рет ұсталғанын кезі туралы не білесіз?

- Ол кісі 1986 жылы 30-шы желтоқсанда ұсталды. 1986 жылы 16-17 желтоқсанда Алматыда Желтоқсан оқиғасы болып өткенін білеміз. Бұл жақтағы репрессиямен ана жақтағы репрессия бір уақытта жүрді. Желтоқсан оқиғасынан екі апта өткеннен кейін Қажекеңді тұтқындады. Ертесінде үйіне бардым. Болған жайды сұрадым. Алты-жеті арнайы әскери машинамен келіп, алып кетті. Бүкіл қағаздарын қоса әкетті деді.

Кейін ол кісіні советтің тыңшысы екен деді. Мен оның біріне де сенбеймін. Қазір енді совет өкіметі деген жоқ. Ол кісі үйқамақта, БАҚ-на сұхбат бермейді, жазбайды, жазғаны шықпайды деген сөздердің өзі ол кісінің сыртынан үрейлендіріп көрсететін сияқты.

Мен естідім, шын болуы керек. Қажекең сексенге келген ақбас шал үйден кіріп, шығып жүргенде бірнеше қытай балалар көмектесетін көрінеді. Сөйтіп, әлгі балалар бірде телехабарға түсіп, біз аз ұлт қарияларына көмектесіп тұрамыз деген екен. Содан бір журналист Қажекеңді іздеп келіп, аз-кем әңгіме құрған. Сөйтіп, Қажекең жаңалықтардан шыққан ғой.

Сөйтсе біздің қазекеңдар «Ойбай, ана қылмыскер теледидарға шығып кетті» деп шулаған ғой. Солайша, бұл бір үлкен оқиға болған былтыры. Осындай дүниелердің өзі үрей тудырып жатады. Әйтпесе, алып бара жатқан қиыншылық жоқ. Ең басты мәселе, Қазақстанға жібермейді, баспасөз құқығы жоқ.

- Әңгімеңізге рақмет!

Ақын Алмас Ахметбекұлының төрт поэзиялық жыр жинағы мен бір публицистикалық кітабы жарық көрген. 1993 жылы тарихи Отаны Қазақстанға оралып, журналистика және білім беру салаларында қызмет атқарған. Қазіргі уақытта білім ордаларын техникалық жабдықтау компаниясында қызмет істейді.