Теледидарды ашып қалсаң - Кулагин тұрады, радионың құлағын бұрап қалсаң тағы сол әкім

«Алтын дала» кітабында жарияланған президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннің (оң жақта) суреті.

Қостанайда облыс әкімі Сергей Кулагиннің жарнама мен теледидар бетінен түспейтіні жұртшылық тарапынан сынға ұшырап отыр. Облыс әкімдігінің мамандары болса мұның бәрі қалыпты жағдай дейді.
ФОТОАЛЬБОМНЫҢ ІШІ ТОЛҒАН ӘКІМНІҢ СУРЕТІ

Биылғы жылы Қостанай қаласының салынғанына 130 жыл толады. Осыған орай қала мерейтойына арналған арнаулы түрлі түсті фотоальбом жарық көрді. Альбомдағы мәтіндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Жоба авторы қалалық «Қостанай» газетінің бас редакторы Владимир Баранов. 128 беттен құралған фотоальбом қала кәсіпорындарына, мейрамханалары мен көрікті жерлеріне жасалған жарнамаға ұқсағанымен, фотоальбомда облыс әкімінің суреті көптеп кездеседі.

«Қостанайполиграфия» баспаханасынан 2009 жылы шыққан «Қостанай» фотоальбомының мұқабасы.
Азаттық радиосына телефон шалған облыс тұрғыны Есімхан Батталов аталған басылым қаланың 130 жылдығына арналғанымен, осы қалада тұрып, еңбек еткен, кезінде облыстық «Ауыл», кейін «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») деп аталған газетінде жұмыс жасаған Бейімбет Майлиннен бастап Сырбай Мәуленов, Ғаббас Жұмабаев, Кеңшілік Мырзабеков секілді қазақтың көрнекті ақын-жазушыларына бір жол да бұйырмағанына қатты қынжылып тұрғанын айтты.

Оның пікіріне қарағанда, фотоальбомда қала тарихына пәлендей қатысы жоқ суреттер, мәселен, «Қостанайполиграфия» секілді кәсіпорынның өмірінен бір емес, бірнеше сурет берілгенше, «Қостанай таңы» газетінің ғимараты көрсетіліп, оның мәтінінде ел тарихы қысқаша болса да қамтылуы керек еді.

Фотоальбомда ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіштерінің суреттері беріліпті. Олар да елеусіздеу, шағын көлемде орналасқан. Ал облыс орталығындағы Наполеон ескерткіші тұтас бір бетті алып жатыр. Оның есесіне облыс әкімі Сергей Кулагиннің ірілі-ұсақты он екі суреті жарияланған.

Аталмыш альбомның «Мәдениет және өнер» деп аталатын бөлімінде қостанайлық төрт өнер иесінің - суретші, әнші, музыкант және мүсіншінің портреттері мен шағын өмірбаяндары берілген.Қостанайлық өнерпаздар олармен ғана шектелмейтіні белгілі. Атақты айтыскер, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және осы қалада тұрып, еңбек етіп жатқан қазақтың белгілі ақын-жазушылары, сазгерлері туралы мәліметтер мүлде жоқ.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ СУРЕТІ АЗ ЕМЕС, КУЛАГИНДІКІ ОДАН КӨП

Бұған дейін «Казинпресс» баспасынан жарық көрген Қостанай облысының 70 жылдығына арналған «Алтын дала» деп аталатын фотокітапта (көлемі 352 бет) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың суреті жеті рет берілсе, облыс әкімі де одан кем қалмапты. «Қостанай» фотоальбомында президенттің суреті үш рет шықса, облыс әкімі президенттің өзінен төрт есе асып кетіп отыр.

Облыс орталығындағылар осындай үлгі-өнеге көрсеткенен кейін олардан аудандар мен қалалар да қалысар емес. Мәселен, жергілікті баспаханаларда басылған әрбір аудан орталықтарында шыққан аудан тарихына арналған кітаптар мен альбомдар, буклеттер міндетті түрде облыс әкімі Сергей Кулагиннің құттықтауымен ашылып, оның суретін де қоса беру дәстүрге айналды.

ӘКІМ - ЖЕРГІЛІКТІ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ "ЖҰЛДЫЗЫ"

Облыс әкімі кейінгі уақытта теледидар бетінен түспейді. «Сергей Витальевичтің шыдамдылығына қатты қайран қаламын. Ол бір күннің ішінде облыстың үш-төрт ауданын аралап шығады» - дейді оның жанына еріп жүрген журналистердің бірі.

«Қостанай» фотоальбомындағы облыс әкімі Сергей Кулагиннің суреттерінің бірі.
Облыс әкімдігінің мамандары болса мұның бәрін қалыпты жағдай деп есептейді. Олардың айтуына қарағанда, облыс әкімінің күнделікті жұмысы, қызмет бабындағы сапары жергілікті БАҚ-да міндетті түрде көрініс табуы керек. «Оны қалай беру, суретін бірінші бетке бере ме, басқа бетке бере ме, мүлде бермей ме, ол әр басылымның өзінің шаруасы» - дейді олар.

Осы қағида бұлжымай тұр. Ақын Жарасқан Әбдірашевтің сөзімен айтар болсақ, қазіргі уақытта «теледидарды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да, газеттерді қарап қалсаң да, альбомдарды парақтасаң да» алдыңнан әкім шығады.

Облыстық «Костанайские новости» және «Қостанай таңы» газеттерінде әкімнің суреті аптасына кем дегенде бір рет жарияланады. Ол нағыз «жұлдызға» айналды. Облысты алты жылдан бері басқарып келе жатқан әкімнің рейтингі облысқа еңбек сіңірген кез келген қайраткерден жүз есе артық десе де болады.

«Өзін өзі жарнамалап жүрген әкімге ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ қой», - дейді Қазақстан Парламентінің экс-депутаты Ысқақ Есіркепов.