Маусым айында Қырғызстанның оңтүстігін этникалық қақтығыстар толқыны шарпып өтті. Қанды оқиғалардың салдарынан 400 адам опат болып, осында тұрып жатқан өзбектер мен қырғыздардың бір-біріне деген көзқарасы түбегейлі өзгерді.
Арада бес ай өткен соң мен Ош қаласында болдым. Ондағылардың барлығы бірдей өткендегіні кешіруге немесе болған оқиғаны ұмытуға даяр емес.
ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП ҚЫС КЕЛЕДІ
Тұрғындардың бірі – 30 жастағы Умида былай деп еске алады: «Осы жерде автоматшылар болды. Біз оларды көрдік. Олар біздің барлық мүлкімізді тонап алып кетті. Олар барлығын да тонады. Содан соң олар біздің үйімізді өртеп жіберді. Біз ана жақтағы махаллаға әзер дегенде жеттік».
Умида өмір бойы Оштағы дәстүрлі өзбек махалласында тұрды. Алайда, отбасындағы тоғыз адаммен бірге олар тұрған екі қабатты үй күлге айналды.
Өзбектер мен қырғыздар жүз жылдар бедерінде Ош, Жалалабад сияқты қалаларда салыстырмалы түрде алғанда бейбіт өмір сүріп жатқан. Бірақ жаздағы қанды қақтығыстар кезінде өзбектерге қарсы айтылған сөздерді есіне түсірген Умида қазір төзімділік рухының жоққа айналғанын айтады.
«Қырғыздар бізді «сарттар» дейді. Олар: «Сарттар өлсін. Бұл жақтан кетсін. Өзбекстанына кетсін», – дейді. Біз қайда барамыз, біз осы жерде туған жоқпыз ба?» – дейді Умида.
Оштағы және өзге де жерлердегі көрші отырған қырғыздар мен өзбектердің арасындағы қанды қақтығыстардың не үшін басталғанын түсіндіретін себептер әлі де болса аздау. Кейбіреулер бұл толқулар Қырғызстанның оңтүстігінде ықпалы бар Құрманбек Бакиевтің сәуір айында қызметінен алынумен байланысты болды дейді. Екінші біреулер бұл қақтығысқа есірткі тасымалдайтын дәліздер үшін болған күрес себепкер болды деп есептейді.
Қалай болғанда да жағдай қайтадан қалыпты күйге келу үшін өте көп уақыт керек. Дүкендер мен кафелердің қираған шынылары сол бір қақтығысты күндерді еске салып тұрғандай.
Умида мен оның отбасы мүшелері алдағы қысты шатыр мен өздері салып үлгерген екі бөлмелі үйде өткізбек. Бұл да БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасы өкілдерінің берген көмегі. Тұрғындарға қираған қаланы қалпына келтіруге бірқатар халықаралық ұйымдар көмектесіп отыр.
Умиданың отбасы үшін алдағы айлар өте ауыр болғалы тұр. Егер өтіп бара жатқан әлдебіреулер «бұл қақтығыстан қатардағы қырғыздардың отбасылары да зардап шекті» десе Умида мен оның отбасындағылардың оларға жаны ашымайды.
«БІЗ БАРЛЫҒЫН ЖОҒАЛТТЫҚ»
Алайда атақты Сүлеймен таудың маңындағы тыныш кварталда тұратын қырғыз тұрғындары мүлдем өзге оқиғалар жайында айтады.
50 жастағы Зиягүл Точубекова қанды қақтығыстар жайында Бішкектен келген соң естігенін айтады. Оның балалары милиция қызметкерлерінің көмегімен өз үйлерінен қашып шыққан. Олардың үйлерін өртеп жіберген екен. Құрылысшы-жұмысшылар шабуыл жасағандардың өзбектер екендігін айтқан.
«Үйімді көргенде есімнен танып құлап қалдым. Біз осыншама тырысып жұмыс істеген едік. 30 жыл бойы еңбек етіп жиған-тергенімізден 30 минутта айрылдық. Біз қарт адамдармыз, қолымызда бес немереміз бар», – дейді Зиягүл Точубекова.
Олардың отбасына шағын пәтер берілген. Ал әзірге олар өз үйлерін қайтадан салып алуға әрекет етіп жатыр. Мемлекеттің пайызсыз берген 2500 долларлық несиесі үйдің құрылысын бастауға ғана жетті.
Зиягүл Точубекова өзінің бұрынғы кәсібі – тігін тігумен де айналыса алмай отыр. Оның тігін мәшинесі өзге дүниелерімен бірге жанып кеткен.
«Осының барлығын өзбектер бастады деген сыбыстар болған, – дейді Зиягүл Точубекова. – Мен бұнымен толықтай келісемін. Өйткені, Қырғызстанда тұрып жатқан бұл өзбектер осындағы ең бай адамдар. Өзбектер Қырғызстанда тұрып байып жатыр. Олар осы үшін тек рақмет айтулары керек еді».
Жақын маңда 48 жастағы Ырысқұл Аманов тұрады. Ол өзінің батырлығымен осы маңайға жақсы танылды. Маусымның 11-іне қараған түні Ырысқұл Аманов бір топ қырғыздарды ертіп көрші өзбек махаллесіне барады. Онда үш жас қырғыз жігіттерін ұстап отыр деген сыбыс болған.
Қырғыздар өзбектердің үйлеріне жақындап қалғанда оларға қарсы аңшы мылтығынан оқ атылады. Ырысқұл Амановтың 23 жерінен бытыра тиген. Ауруханада ұзақ емделген ол әлі де төсектен тұра қойған жоқ. Ақырын ғана қозғалып, сыбырлап ғана сөйлейді. Оның емі де қымбатқа түсті.
Ырысқұлдың 19 жастағы ұлы Авазбек тек оқ атқандарға ғана емес, отбасының жалғыз асыраушысы сырқат әкесіне көмектеспей отырған қырғыз үкіметіне де қатты ызалы.
«Біз фирмалардан да, Уақытша үкіметтен де, жергілікті биліктен де ешқандай қаржылай көмек алған жоқпыз. Тек гуманитарлық көмек – макарон мен күріш алдық. Бір фирма бізге мүгедектер арбасын сыйлады. Аздап дәрі-дәрмекпен көмектесті. Ал басқадай ешқандай көмек алған жоқпыз», – дейді Авазбек.
"АЛДЫҢА КЕЛСЕ, АТАҢНЫҢ ҚҰНЫН КЕШ"
Оштың орталық мешітіне жақын жердегі өзбек кварталдарының бірінде бір топ өзбек құрылысшылары ортақ қазаннан палау жеп отырды. Палауды 53 жастағы Миралим Мирусманов пісіріпті. Оның үйін де маусым айындағы қақтығыстар кезінде түгін қалдырмай өртеп жіберген. Қазірдің өзінде Миралим үйін мақтаныш сезімімен еске алады.
«Үйім жеті бөлмелі, барлық жағдай жасалған болатын. Үйім бумен жылитын, пеш және газ бар болатын. Тіпті бөлек ас үйім мен моншам да бар еді. Ол жерде екі отбасы – жеті адам тұрдық», – деп еске алады Миралим Мирусманов.
Қазір ол БҰҰ агенттігі берген құрылыс материалдарын пайдаланып, жолдастарының көмегімен екі бөлмелі үй салып жатыр. Бұл, әрине, оның бұрынғы кең үйінің жанында кіп-кішкентай құжыра болар. Бірақ Миралим Оштың барлық тұрғындары үшін өткенді еске алып тоқтап қалмай, болашағын ойлайтын уақыт жетті деп есептейді.
«Қазір сол бір қасіретті күндерді есіме де алғым келмейді. Қазір барлығы жақсарды, жағдай тұрақты. Ең бастысы – үйді салып бітіріп, сонда тұру керек. Екі бөлме, әрине, аздық етеді. Бірақ амал бар ма? Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Сондықтан, осы екі бөлменің барлығына да шүкіршілік етемін», – дейді Миралим Мирусманов.