Қырғызстанда соңғы бес жылдың ішінде екінші рет халық жаппай толқи бастағанда, ел басшысы Бішкекті тастай қашып, өзінің туған өлкесі – оңтүстікке барып бас сауғалады. Бұл оқиғалар елдің оңтүстік пен солтүстік өңірінің тұрғындары арасындағы бұрыннан келе жатқан жікшілдікті ушықтырып, жаңа үкімет үшін тағы бір мәселеге айналып отыр.
"ТҮШТҮК-ТҮНДІК" ТЕКЕТІРЕСІ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Қырғыз президентін биліктен құлатқан баскөтерулер елді екіге бөліп тынуы мүмкін деген қауіп күшейіп тұр. Қырғыз Республикасы бір ел ме, әлде екеу ме? Картаға қарасаңыз, әлбетте ол біртұтас мемлекет. Бірақ, тәуелсіздік алған 1991 жылдың алғашқы күндерінде-ақ бақылаушылар елдің оңтүстік пен солтүстік болып бөлінуі мүмкін деп ескерткен.
Сәуірдің 6-да Бішкекте бұрқ ете қалған қанды қақтығыстан кейін президент Құрманбек Бакиев оңтүстіктегі жерлестерін барып паналағанда, бұл мәселе қырғыз үкіметінің қайта алдынан шықты. Бакиев туған аймағында қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өзін ел астанасынан қуып шыққан «солтүстікке» жерлестерін қарсы қоюды көздеді.
Бірер апта өткенде Бакиев биліктен бас тартып, Қазақстанға қашып шығып, одан Минскіні паналады. Ал оның өз пайдасы үшін пайдалануға тырысқан оңтүстіктегі халықтың бір бөлігі солтүстікте отырған жаңа үкіметке бағынбай қыр көрсетті. Сөйтіп, уақытша билік алдында халықтың «түштүк-түндүк» болып бөлінуі саяси мәселеге айналды.
Басында бұрынғы үкімет екі аймақтың өкілдерін билікте теңдей ұстауға тырысқан. Оның бір дәлелі – оңтүстіктің тумасы Құрманбек Бакиев президент болса, солтүстіктің өкілі Феликс Кулов үкімет басшысы болып тағайындалған.
Ал қазан айында өтетін сайлауға дейін билікті басқаратын уақытша үкіметтің жетекшісі Роза Отунбаева Ошта туған. Бірақ, ол саясатқа белсене араласып, бүкіл өмірін солтүстікте өткізген. Сол себептен Отунбаеваның жерлестері оны оңтүстіктің адамы деп қабылдамайды. Уақытша үкіметтің тағы бір жетекшісі Өмірбек Текебаев та өзінің саяси карьерасын Бішкекте жасаған. Бірақ оңтүстік жұрты сайлауда оған даусын көбірек беруі мүмкін.
Енді елде жаңа үкімет жасақтау үшін жұмыстар жүріп жатқанда, оңтүстік пен солтүстік өкілдері арасында тепе-теңдік ұстау қажет болады. Олай болмаған жағдайда, елдің қаққа бөліну қаупі ұлғаюы мүмкін.
«Азаматтық қоғамды қолдау» орталығының Жалал-Абад бойынша заңгері Нұрбек Қасымов солтүстік пен оңтүстік аймақтың бұрыннан келе жатқан тарихи айырмашылығын былай түсіндіреді:
«Менің пікірімше, Қырғызстанның оңтүстіктегі халқы - жергілікті тұрғындар болып кеткен, Ферғана жазығында ұзақ жылдарғы өмірі отырықшылыққа бейімделген өзбек, тәжіктермен бірге өмір сүреді. Оңтүстіктегі қырғыздардың айтарлықтай бөлігі ауылдық жерде солармен қоян-қолтық араласып, олардың өмір салтын, мәдениетін сіңіріп алған. Сонымен қоса, айта кетерлік тағы бір маңызды жайт, ресейліктер келмей тұрғанда олар, яғни қырғыз, тәжік, өзбектер бір Қоқан хандығында өмір сүрген».
Нұрбек Қасымов Қырғызстанның солтүстігіндегі халық негізінен ұзақ жылдар көпшелі мәдениетті сақтап келгенін айтады: «Онда Қоқан хандығының Қырғызстанның солтүстігіне айтарлықтай ықпалы бола қоймады. Олар Қоқан хандығына қарай тартылмады деп айтуға да болады. Олар өздері қалағандай өмір сүрді. Мен осы менталитет пен дәстүр өзіндік бір деңгейде сақталған деп ойлаймын. Ал Қырғызстанның оңтүстігіндегі жұрттың тілінде жергілікті бір диалект бар. Олар елдің солтүстігіндегілерден кішкене басқаша сөйлейді».
Қырғызстанның оңтүстіктегі екінші үлкен қаласы Оштағы телеарна тілшісі, әрі саяси сарапшы Кәміл Сатқанбаев елдің оңтүстігі мен солтүстігіндегі халықтың мінез айырмашылығына былай тоқталады.
«Оңтүстік адамдары көбірек қонақжай деген шындыққа сай келеді. Мен оны өзім оңтүстіктен болған соң, қорғап айтып отырған жоқпын. Бірақ, олар көбірек жағдайдың қалай дамитынын бақылап отырады. Және оңтүстіктегілер солтүстіктегі адамдарға қарағанда, шыдамдырақ сияқты».
СЕПАРАТИЗМГЕ ЖОЛ БЕРМЕЙТІН ФАКТОРЛАР
Қасымов пен Сатқанбаев екеуі де Қырғызстанның екі аймағындағы халықтың айырмашылығы соншалықты үлкен емес дегенді айтады. Қасымовтың сөзіне қарағанда, қырғыздардың ортақ бір ұқсастығы әр аймақтың ондаған мың тұрғыны Ресей, Қазақстан және басқа да елдерде нәпақа табудың қамымен жүр. Бірақ Сатқанбаев мигрант болмай, елде қалғандардың өзара ерекшелігі туралы мына бір жайтқа маңыз беріп отыр: «Негізінен мұндағы адамдар ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығының адамдары. Өнеркәсіп аймақтарының бәрі солтүстікте».
Сонымен қатар қырғыз елінің екі өңіріндегі мұсылмандардың дінге деген құлшыныстары да екі бөлек. Қасымовтың айтуынша: «Көптеген сарапшылар мен зерттеушілер байқағандай, оңтүстіктегі Қырғызстан халқы солтүстікке қарағанда көбірек діншіл болып келеді».
Қырғызстанның екі аймағындағы этникалық және мәдени құрамы да басқаша. Солтүстіктегілер орыстанып кеткен болса, оңтүстік тұрғындар орта азиялық дәстүрді берік ұстанады.
Оған себеп қырғыз елінің оңтүстігінде тәжік пен өзбектер көп тұрады. Бұл тұрғыда оштық журналист аймақтардағы этникалық ерекшеліктер жайында:
«Орыстар мен дұнғандар елдің солтүстігінде көп, бірақ оңтүстікте орыс тұрғындар көп емес. Өзбектер халықтың төрттен бірін құрап, оның басым бөлігі осында оңтүстікте тұрады. Мен оңтүстікте 800 мыңнан аса өзбек тұратынын айта алам».
Екі аймақ арасындағы жол көлік қатынасы да сирек. Бішкектен оңтүстікке қарай Ош, Жалал-Абад, Баткен қалаларына ұшақтар жиі қатынап тұрғанымен, оңтүстік пен солтүстікті байланыстырып тұрған, тау арқылы өтетін екі-ақ жол бар. Бішкектен 650 шақырымдық жердегі Ошқа жету үшін бір күн кетеді.
Тіпті ел астанасындағы мемлекеттік телеарналардың барлығы бірдей оңтүстікке тарамай, ол жердегі қырғызстандықтар Бішкектен гөрі көрші Өзбекстанның телерадио хабарларын алып тұрады.
Дегенмен, көптеген қырғыздар аймақтар арасындағы айырмашылық елдің екіге бөлінуіне себеп бола алмайды деп есептейді. Онда талқылауға жатпайтын Қырғызстанның халықаралық байланыстарындағы маңызды мәселелер де бар.
Атап айтқанда, Қырғызстанда шетелдік күштердің екі базасы бар. Американдық және ресейлік базаның екеуі де солтүстікте орналасқан. Географиялық және стратегиялық жағынан алғанда олардың елдің қай жерінде орналасқаны маңызды емес.
АҚШ-тың Ауғанстандағы күштерге қолдау таныту үшін Манас әуебазасын пайдаланып отырса, Қант қалашығындағы ТМД елдерінің Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымының келісімі бойынша құрылған терроризмге қарсы Орталық Азиядағы базаны Ресей ұстап отыр.
Бұл екі базаны да Ауғанстанға жақынырақ тұрған, әрі терроризм қаупі бар деп сипатталатын Қырғызстанның оңтүстігіне орналастыруға болатын еді. Бірақ, оңтүстік Қырғызстанның халқы сыртқы күштердің әскери және саяси ықпалына ерекше қарсы болғандықтан, АҚШ пен Ресей бұл аймақтан аяқ тартқанға ұқсайды.
Десе де Қырғызстан “түштік пен түндік” деп екіге бөлінуі мүмкін дейтіндей қауіп жоқ дейді Азаттық радиосы қырғыз редакциясының қызметкері Есенбай Нұрышев:
"Қырғызстандағы жікшілдік мемлекет екіге бөлініп кететіндей деңгейде емес. Ол Қазақстандағы ұлы жүз, орта жүз және кіші жүз деп руға бөлінген сияқты жікшілдік. Тек көптеген саясаткерлер мұны саяси мақсат үшін пайдаланып кетеді. Әсіресе, Ресей газеттері осы мәселеге қатты акцент жасап, Қырғызстан екіге бөлінейін деп жатыр деп жаза бастады. Ондай болжамдар Совет кезінде де талай айтылған. Солтүстік Қазақстанға, оңтүстік Өзбекстанға қосылып кетеді деп те айтылған. Әйткенмен, олай болған жоқ қой. Енді елдің түстік пен түндікке бөліне қоюы екіталай".