Қазақстандағы су ресурстарының үштен бірі Алматы облысының аумағынан ағып өтеді. Алайда осы облыста, ауылшаруашылық министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетіне қарайтын жергілікті мемлекеттік кәсіпорын жоқ. Тек, кімге қанша су беретінін реттейтін бассейн басқармасы ғана бар.
Алматы облысынан басқа он үш облыстың барлығында республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жұмыс атқарады. Аса маңызды республикалық нысан ретінде комитетке қарайтын Үлкен Алматы арнасы мен Бартоғай суқоймасын айтпағанда, қалғандарын Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік кәсіпорын бақылайды.
– Алматы облысында көптеген су қоймалары мен бөгеттер бар. Сол бөгеттердің қауіпсіз жұмыс істеуін бақылайтын мемлекеттік орган болуы керек. Ана Қызылағаштағы жағдайды алыңыз. Оның режимін кім бақылап отырды, сол бөгетке кім жауап берді?! Меншіктікі болса да соның бәрін сыртынан бір мемлекеттік ұйым бақылап отыруы керек қой, – дейді Арал теңізі бассейні су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-зерттеу орталық филиалының директоры, профессор Нариман Қыпшақбаев.
Алматы облысында көптеген су қоймалары мен бөгеттер бар. Сол бөгеттердің қауіпсіз жұмыс істеуін бақылайтын мемлекеттік орган болуы керек.
Оның айтуынша, Қызылағаш су қоймасының қожасы ондағы суды шамадан тыс көп мөлшерде ұстағанының кесірінен болған апат ондаған адамның өмірін қиып кетті.
– Егер мемлекеттік мекеме болғанда құзырлы орган осы жағдайды тексеріп тұратын еді, – дейді, ол.
Расында, бақылаушы мекеме болғанда бәлкім апат болмас па еді? Сұрақ көп, бірақ жауап мардымсыз.
«Бір Алла біледі!» – дейді Қазақстан ауылшаруашылық министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анарбек Орман.
– Біз су қоймасының иесіне, қаржы бөліп ретке келтірмесеңіз ертеңгі күні зияны халыққа тиіп кетеді деп ескерткенбіз. Ол: «мен барлығына дайынмын, маған жеке меншікке берілген. Сондықтан заң алдында жауап беремін, еш қауіп жоқ!» деп уәде берген, – дейді комитет төрағасы.
ОН ЖЫЛДАН СОҢ ІЗДЕУ САЛЫП ЖАТЫР
Бұрын Алматы облысында республикаға қарасты аймақтық мемлекеттік су шаруашылығы болған. Өткен ғасырдың соңында ол ұйым жергілікті әкімшіліктің құзыретіне берілді.
– Кейіннен ол мекеме бізге беймәлім жағдайда жоғалып кетті, – дейді комитет төрағасы Анарбек Орман.
Тек арада он жылдан соң, оның өзінде Қызылағаш трагедиясынан кейін ғана «қайда?» деп, сол мемлекеттік мекемені іздей бастады. Енді барып қана бақылаушы органның қажет екенін сезіне бастағандай.
– Қызылағаш оқиғасынан кейін елдегі гидронысандарды мемлекет қарамағына алу керек деген мәселе қозғала бастады. Әрине, үлкенді-кішілі болсын әрбір су торабының барлығын мемлекет қадағалап отыруы қажет, – дейді су шаруашылығы маманы, кезінде су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев. Оның пікірінше, су ресурсына мемлекеттен басқа ешкім қожалық ете алмайды.
ҚЫЗЫЛАҒАШ СУ ҚОЙМАСЫНА 5 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ҚАЖЕТ
Қызылағаштағы апаттан кейін су ресурстары жөніндегі комитет республикадағы су қоймаларын санап, саралап шығыпты. 150-ден астам су қоймасы жеке меншікте. Тағы 130-ға жуығы иесіз екен.
Комитет басшысының айтуынша, бұл су қоймаларының барлығының техникалық жағдайлары сын көтермейді.
Техникалық қауіпсіздігі нашар немесе қаражаты жоқ меншік иелерінің су қоймаларын мемлекетке өткізуі міндетті.
– Техникалық қауіпсіздігі нашар немесе қаражаты жоқ меншік иелерінің су қоймаларын мемлекетке өткізуі міндетті, – дейді су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы Анарбек Орман.
Оның мәлімдеуінше, Қызылағаш су қоймасын мемлекетке қайтарып алу жөнінде Алматы облысының әкімшілігімен бірге жұмыс жасалып жатыр. Жергілікті билік берілген жер актісін қайтарып алса болғаны. Комитет, Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіріп мемлекеттің меншігіне айналдыру үшін шамамен бес миллиард теңге қажет деп отыр.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРЫН АШЫЛАДЫ
Жауапты органдар Алматы облысында суқоймаларын бақылайтын республикалық мемлекеттік кәсіпорын ашылатынын айтып отыр. Ол үшін алдымен облыс әкімшілігі өңірдің барлық ішкі су жүйелерін түгендеп, жағдайын зерттеп арнайы төлқұжат дайындауы тиіс екен.
– Осы жұмыстар біткен соң барлығын республикалық меншікке қабылдап аламыз. Сосын облыста республикалық мемлекеттік кәсіпорын ашылатын болады. Бұл жөнінде арнайы үкіметтің тапсырмасы бар, – дейді Анарбек Орман.