Қаржы полициясы Құлыбаевты арашалап алып, Әблязовтың өзіне сес көрсетті

Бұрынғы топ-менеджер Мұхтар Әблязов

Мұхтар Әблязовтің берген құжаттарын тексерген қаржы полициясы Тимур Құлыбаевтың іс-әрекетінен қылмыстық құрам таппағанын айтып, Әблязовтың өзіне сырттай шүйлікті. Оппозиция болса қаржы полициясының тексерулері «Ақорданың тапсырысымен жүргізілген» дейді.

ҚҰЛЫБАЕВҚА ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛМАЙДЫ

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалмайды деп хабарлады қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров.

Мекеме басшысы жұма күні Астанада БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы активтерінің заңсыз саудасы туралы мәлімдемелеріне қатысты жүргізілген тергеудің нәтижелерін жариялады.

Қожамжаровтың айтуынша, «тексерудің нәтижелері Құлыбаевтың және басқа да лауазым иелерінің іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ екендігін көрсетті, агенттік қылмыстық іс қозғамау туралы шешім қабылдады».

Осы жылдың басында Мұхтар Әблязов, Қазақстан және Қытайдың билік органдарына жолдаған мәлімдемелерінде, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевты 20 миллиард доллар ұрлады деп айыптаған болатын.

«Әблязов өзінің жолдауларында құжаттардың бір бөлігін ғана ұсынды, олар жасалған операциялардың толық көрінісін бермейді. Оның мәлімдемелерінде келтірілген деректер дәлелденген жоқ», - деді Қайрат Қожамжаров.

Бұған қоса Қазақстанның қаржы полициясы «ұлттық компанияның акциялары мен облигацияларына қатысты барлық операциялар көпшіліктің көз алдында өткізілді» деген тұжырымын жариялап отыр.

«ӘБЛЯЗОВ БІР КҮНІ ҚОЛҒА ТҮСЕДІ»

Қайрат Қожамжаров қуғындағы топ-менеджердің шулы мәлімдемелеріне қатысты тексеру нәтижелерін жариялаумен ғана шектелген жоқ, ол сондай-ақ Мұхтар Әблязовтың өзіне қатысты жеке көзқарасын да жайып салды.

Қаржы полициясы басшысының пікірінше, БТА банктің бұрынғы басшысы әйтеуір бір күні қазақстандық соттың алдында жауап береді.

«Қазақстанның прокуратура органдары, өзінің уәкілеттері мен заңдардың негізінде, Әблязовты экстрадициялауға күш салып жатыр. Білгіңіз келсе, мен оның ертелі-кеш сот алдында жауап беретіндігіне сенемін», - деді Қайрат Қожамжаров.

Бұл пікірінің өміршеңдігін дәлелдеу үшін ол «Наурыз банктің» бұрынғы басшысы Оразалы Ержановты мысалға келтірді. Бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Ержанов биыл наурызда Мәскеуде ұсталды деп хабарланған еді.

Сонымен бірге Қайрат Қожамжаров Мұхтар Әблязовтың осындай мәлімдеулерді таратудағы көздеген мақсаты – «қылмыстық жауапкершіліктен қашу, өзге елде саяси баспана мен азаматтыққа ие болу» деп есептейтіндігін мәлімдеді.

Қаржы полициясының басшысы Ресейдің құқық қорғау органдары Мұхтар Әблязовқа қатысты «алаяқтық» қылмысы бойынша істі тергеп жатыр делінген ақпаратты растап шықты.

«Мен бұл деректі растаймын», - деп қысқа қайырған Қожамжаров, алайда қылмыстық істің жәй-жапсарын ашып айтудан бас тартты.

Бұған дейін ресейлік «Коммерсантъ» газеті Мәскеудің Тверь аудандық соты 2 миллиард доллар көлемінде қаржы жымқыру фактісі бойынша «Евразия логистик» компаниясы басшыларының ұсталғанын, қылмысты ұйымдастырған Мұхтар Әблязов деген күдік барын жазған еді.

«БҰЛ ҚЫЛМЫС ЕМЕС, БҰЛ - БИЗНЕС»

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев БТА банктің бұрынғы басшысы жариялаған деректер «қиял мен болжамдардан құрылған, оны дәлелдеу тіпті мүмкін емес» деп есептейді. Ертісбаев жұма күні Азаттық радиосына былай деп мәлімдеді:

«Менің өзім, құжаттарды қарай отырып, бұл – бизнес деген тұжырымға тоқталдым. Бірақ қайдағы бір пара туралы айту, мемлекеттің бюджетіне миллиардтаған қаржы түспеді деп, оны 20 миллиард долларға есептеу – ақылға сиымсыз дүние. Өйткені 1 миллиард доллары бар адамның өзі халықаралық қаржы қауымдастығына жақсы таныс болады».

Президент кеңесшісі сонымен бірге Мұхтар Әблязовтың айыптауларына «қарабайыр әрі негізсіз» деген сипаттама беріп отыр.

«Мұхтар Әблязовтың Тимур Құлыбаевқа қарсы шабуыл жасай бастауынан ешқандай нәтиже шықпайды. Шынымды айтсам, мен оның өзі жиі айтатын Назарбаевтың саяси режиміне қарсы осындай қарабайыр қадамдар жасайды деп күтпеген едім», - деді Ермұхамет Ертісбаев.

«ТЕКСЕРУ АҚОРДАНЫҢ ТАПСЫРЫСЫМЕН ЖҮРГЕН»

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов қаржы полициясы кешенді тексеру жүргізеді дегенге сенбейтіндігін айтады. Оның пікірінше, кеңсе тексерулерінен аспай отырып бұл жағдайға толық сипаттама беру мүмкін емес.

«Толық тергеу жүргізу үшін Лондонға барып, сол деректерді таратқан Мүхтар Әблязовпен кездесіп, деректердің түпнұсқаларымен танысуы, аты аталған компаниялардың басшыларымен кездесулері керек еді. Мұндай іс-әрекеттер жасалмағандығына мен сенімдімін.

Сондықтан жұрттың көкейінде күмән болады. Бұл материалдардың объективтілігіне жеке өз басым сенбеймін және мұның барлығы, бәлкім, Ақорданың тапсырысымен жасалған деп түсінемін», - деді Болат Әбілов.

Бұған қоса оппозициялық партияның жетекшісі қаржы полициясын «тәуелсіз емес орган» деп атап, оны таратуды баяғыдан бері талап етіп келе жатқандығын тағы да еске салып өтті.

Тимур Құлыбаевтың өзі, Азаттық радиосына ақпан айының басында берген қысқа-қайырым сұхбатында, Мұхтар Әблязовтың айыптауларына қатысты пікір білдіруден бас тартып, «барлық деректерді тексеру органдарына тапсырдық, солардың жауабын күтейік» деген еді.