«Наурыз банк» ісі бойынша іздеудегі Оразалы Ержанов Мәскеуде ұсталды деп хабарлады Қазақстанның қаржы полициясы. Ержанов кезінде өзі басқарған банк арқылы Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғалары айналысқа үлкен көлемде ақша салған деп мәлімдеген-ді.
МӘСКЕУДЕГІ ТҰТҚЫН
Жабылып қалған «Наурыз банктің» бұрынғы басқарма төрағасы Оразалы Ержанов Ресей астанасында ұсталғандығы туралы ақпаратты бейсенбі күні Астанада қаржы полициясының ресми өкілі таратты.
Мұрат Жұманбайдың хабарлауынша, қашқын банкир «1-наурызда тұтқындалды, қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр».
Қаржы полициясының мәліметі бойынша, Оразалы Ержановқа 3 миллиардтан астам теңгені талан-таражға салған, ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған, сондай-ақ басқа да қылмыстарға қатысы бар деген бірнеше айып тағылған.
Қаржы полициясының ресми өкілі «Наурыз банкке» қатысты қылмыстық іс бойынша банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Нұрым Дүйсебәлиев пен корпорациялық қарым-қатынастар департаментінің директоры Нұрғалым Өмірәлиевтің әрқайсысы сот үкімі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айрылғандығын ескертіп өтті.
Сонымен бірге, Оразалы Ержановтың туыстары болып келетін ағайынды Батырхан және Аман Нарбаевтар да осы іс бойынша 5 жылға сотталды.
БЕС ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ІС
«Наурыз банк» төрағасына қарсы іс осыдан бес жыл бұрын қозғалған ді. Сол кезде қаржы полициясы Оразалы Ержанов пен оның сыбайластары банк қаражатының есебінен жалған кәсіпорындарға несие берген, өздерінің туған-туыстарына кепілсіз несие үлестірген, заңсыз іс-әрекеттердің салдарынан банк клиенттері 4,5 миллиард теңге шығынға батты деп хабарлаған болатын.
Тексеру мәтериалдары негізінде қылмыстық іс қозғалып, банктің 12 қызметкері күдіктілер санатына енгізілді. Нұрым Дүйсебалиев ұсталды, Оразалы Ержановқа халықаралық іздеу жарияланды.
2005 жылы 2-маусымда «Наурыз банктен» ұлттық және шетелдік валюта операцияларын жүргізу лицензиясы алынды. Сол жылы 13-маусымда банкті мәжбүрлеп тарату туралы арыз-шағым сотқа берілді. Ал 2-желтоқсанда «Наурыз банкті» мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енді.
ЕРЖАНОВТЫҢ ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТЫ ЖӘНЕ ТАСМАҒАМБЕТОВ
«Наурыз банк» басшысы Оразалы Ержановтың 2004 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатынан кейін банкке байланысты дау-жанжал өрбіген-ді. Ол хатта Ержанов сол жылдары президент әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарған, қазірде Астана қаласының әкімі болып отырған Иманғали Тасмағамбетовтің тарапынан өзіне қысымшылық жасалып жатқандығы туралы баяндады.
Сондай-ақ, хатта Тасмағамбетов банкке 10 миллион доллар салды, кейін оны қайтаруды талап етті делінген. Банкир Ержанов шенеунік Тасмағамбетовты әкімшілік қызмет лауазымын пайдаланып қысым көрсетті, сол арқылы банктің таралуына ықпал етті деп айыптады. Алайда Иманғали Тасмағамбетов бұл айыптарды мойындаған жоқ.
Сондай-ақ, Тасмағамбетовпен бірге әлгі хатта сол кездері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған Ерлан Атамқұловтың аты-жөні аталған-ды.
Оразалы Ержановтың Қазақстан президентіне жазған осы хатын 2004 жылы сол кездегі Мәжіліс депутаты болған оппозициялық қайраткер Төлен Тоқтасынов парламентте көпшілікке жария еткен тұғын.
Сол жолы бірқатар депутаттар әлгі шатақ хаттың авторы Оразалы Ержанов екендігіне күмән келтірген еді. Бірақ, арада бір жылдай уақыт өткенде, Қазақстаннан бассауғалап, шетелді паналаған Оразалы Ержановтың өзі қазақстандық басылымдардың біріне берген сұқбатында хатты шын мәнінде өзі жазғандығын растаған болатын.