Маусымның 22-cі күні Ақтаудағы қатаң режимді колониядан қашқан кезінде оққа ұшқан тұтқындардың бірінің әкесі, Қордай аудандық мәслихатының депутаты Біржан Әлімбет баласының өліміне діни топты кінәлап мәлімдеме жасады.
Қордай ауданында туып өскен 34 жастағы Дәурен Әлімбет 2009 жылы ұлттық және діни араздық пен алауыздық тудырғаны үшін 11 жылға сотталып Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы ГМ172/1 қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатқан. Ол маусымның 22-і күні түрмеден қаруланып қашқан 21 тұтқынның қатарында болған.
«Қашқындар мен оларға болысқандардың 19-ы қайтыс болып, 5-і тергеу орнына қамалды», - дейді Әділет министрлігінің өкілі Ерболат Ерімбет.
Атыс кезінде оққа ұшқандардың бірі - Дәурен Әлімбет. Оның әкесі Біржан әйелімен діни көзқарастары жараспай ажырасып кеткен. Біржан Әлімбеттің сөзінше, әйелі мен екі ұл, бір қызы такфиршілер тобына кірген.
«Қордай ауданында такфиршілердің ұйымы болған. Олар өлуді, сосын жұмаққа баруды армандайды. Олар қазақ деген ел, ұлт болмау керек деп есептейді. Мұсылман, немесе мұсылман емес деп қана қарайды», - дейді ол.
Арабтанушы, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүминовтың айтуынша, бұл жолға түскен адамдар дінді өте қатаң ұстайды.
«Такфир деген сөз - араб тілінен аударғанда біреуді кәпірге шығару дегенді білдіреді. Бұл - Қазақстанның батыс аудандарында әрекет ететін діни топ. Олар өздерінен басқа мұсылмандарды кәпір деп санайды. Зайырлы өмірді қабыл етпеуді, тек қана дін жолына қызмет етуді мақсат етеді. Дін жолына жиһад, соғыс алып бару керек деп есептейді», - деді Әшірбек Мүминов.
Біржан Әлімбет осы ұйымның жұмысын тоқтату үшін бес жыл бойы жалғыз күрескенін айтты. Оның сөзінше, басқарушы органдар елде ешқандай діни экстремистік ұйымдар жоқ, бәрі қатаң қадағаланады деп жылы жауып қоятын болған соң, ол заң органдарына және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына да хабарласқан екен.
«Балаларымыздың болашағына кедергі келтіретін індетке қарсы күресу керек деп хат жаздым. Түк шықпады. Ақыры балам өліп тынды. Соған мен өте ашулымын, реніштімін. Діни басқарма ешқандай жұмыс жасамайды. Ауыл мешіттерінде қазір қаптаған ваххабистер отыр», - деді Біржан Әлімбет.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек бұл мәселе мүфтият құзырына кірмейтінін айтты.
«Дәстүрлі емес дін ұйымдарын қадағалайтын орган емеспіз, біздің шаруа тек мешіттерде, институттарда, түрмелерде заңның аясында басшылардың шақыруымен уағыз айтумен шектеледі. Неше түрлі секталар да тура солай істей алады. Заң бойынша бәріне еркіндік бар. Олар да, біз де діни бірлестік болып табыламыз», - деді Оңғар қажы Азаттық радиосына.
Біржан Әлімбет Ақтау түрмесіндегі мәселе туралы жергілікті имамдар есеп берді дейді. Алайда олар арнайы осы мәселені зерттемеген екен.
Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков дәстүрлі емес діни топтар өкілдерінің еркіндік алуына ресми имамдар беделінің төмендігі себеп болып отыр, ал билік діни басқарма өкілдерінің дұрыс уағыз жүргізуіне кедергі келтіріп жатыр деп санайды.
«Менің ойымша дәстүрлі емес діни ұйымдар жыл сайын көбейе береді. Себебі, бүкіл әлемде осындай тенденция бар. Бұны біз тоқтата алмаймыз. Оларды күшпен емес, уағыз, идеология арқылы тоқтату керек. Ал билік көбінесе осы проблеманы тек күшпен шешкісі келеді», - дейді Мұрат Телібеков.
Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанған баласының мезгілсіз ажалына қапалы Қордай ауданы мәслихатының депутаты Біржан Әлімбет бұл бағыт ұлттың жоғалуына апарып соғуы мүмкін деген пікірде.
«Бүкіл халыққа жар салғым келеді. Ояныңдар, көздеріңді ашыңдар! Балаларды дінге кіргізбеу керек. Дінді тоқтататын заң шығару керек. Қазақ халқына керек дін ғана болсын, өзге діннің қажеті жоқ», - дейді Біржан Әлімбет.
Ол Ақтауға барып, мәселені анықтауға тырысқан екен. Алайда үстірт мәлімет қана алған. Оның пікірінше, баласының түрмеден қашудағы мақсаты шет елге өту болған. Осы мәселе бойынша Әділет министрлігіне хабарласқанымызда, ондағылар тергеу жұмыстары әлі жүріп жатқандықтан ақпарат бере алмайтындарын айтты.