Ауыл мұғалімдері оқу сапасын жақсарту мақсатында өз қалталарынан 11 миллиард теңге шығындап отыр. Бұл білім беру бюджетінің 4 пайызы екендігін хабарлады "Сорос-Қазақстан" қоры өкілдері сәрсенбі күні.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Майра Жабайылқызының Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, Үржар ауылында мұғалім болып істегеніне 27 жылдан асты. Ол 33 мың теңге айлығына бала-шағасын асырап қана қоймай, оған сабағына қажетті оқу-құралдарын да сатып алады.
- Аудандық оқу бөліміне әдістемелік кітаптарды алып келеді, біз соларды келісімді бағамен сатып аламыз. Көрнекті құралға қажетті қағаз-қаламның бәріне өз қалтамыздан ақша шығарамыз. Өйткені, бізге: «Өздерің - сынып жетекшілерісіңдер, алыңдар» - дейді. Біз аламыз!»
Бүгінгі таңда 11 миллиард теңгені немесе орта білім беру бюджетінің 4 пайызын ауылдық мектеп мұғалімдері өз қалталарынан төлеп отырғандарын хабарлады «Сорос-Қазақстан» қорының «Бюджеттің ашықтығы және есеп беру» бағдарламасының жетекшісі Жәнібек Хасан:
- 11 миллиард теңге – бұл ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің қалтасынан шығып, жинақталған қаржы. Мұны «Сандж» зерттеу орталығы есептеп шығарды. Яғни, мектептегі оқу процесі сапалы болуы үшін олар жетпеген қаржының орнын өз есебінен толтыруға мәжбүр. Мысалы, көп жағдайда олар әдістемелік құрал-жабдықтарды, мұғалімдердің біліктілігін арттыру кітапшаларын, географиялық карталарды өздері сатып алады. Бұл шығындардың барлығы бюджетте ескерілуі тиіс. Ол үшін ең алдымен бюджеттің ашықтығы қамтамасыз етілуі керек.
Ауыл мұғалімі сонымен бірге ақысы төленбейтін қоғамдық жұмысты қоса атқарады. Мысалы, 48 жасар мұғалім Майра Жабайылқызы мереке сайын аудандық көркемөнерпаздар сайысына оқушыларды дайындап қана қоймай, өзінің де қатысуына тура келетіндігін баяндайды:
- Мысалы, аудандық көркемөнерпаздар сайысының бәріне қатысамыз. Мектептен тыс ауданда қандай шара өтсе, соның бәріне бізді шығарады. Оның бәріне оқушы сияқты киім тіктіреміз немесе оны өзіміз сатып аламыз. Сөйтіп, 33 мың теңгеге ақылы жоғары оқу орнында баламызды да оқытамыз, тамағымыз бен киімімізді де, оқу-құралдарын да аламыз. Сосын қарызға белшемізден батып отырамыз. Біздің мектепте әр бір мұғалімнің ең кем дегенде - бір, көпшілігінің 4-5 банктен алған несиесі бар.
«Сандж» орталығының деректеріне қарағанда, жыл сайын әрбір мұғалім қосымша 62 мың 500 теңгеден қағылып отыр. Өйткені, тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстар атқарғаны үшін ауыл мұғалімдерінің бір тиын да алмайтындығын айтады зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова.
- Мұғалімдердің мойнына халық санағын, мал санағын жүргізуді жүктейді. Ауылдағы мерекелерге дайындалу үшін, әр учаскеде үй-үйді аралап шығу үшін тегін жұмысқа жегеді. Ал сайлау кезінде мұғалімдер әкімшіліктің бірінші тегін көмекшілеріне айналады.
«Сандж» орталығының зерттеулері Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстарындағы 60 орта мектепті қамтыған. Онда ауыл мектебіне кететін шығынның қала мектебімен салыстырғанда 3 жарым есеге артық екендігі анықталған.
«Сорос-Қазақстан» қорының мәліметтеріне қарағанда, биылғы жылы білім беру саласына 405 миллиард теңге бөлінген. Оның үштен бір бөлігін – республикалық, қалғанын – жергілікті бюджет қамтамасыз етеді.