Қытай компаниялары Қазақстандағы азық-түлік өнеркәсібі саласында табысқа кенеліп жатыр. Елдегі томат өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорынға айналған «Цинказ» фирмасының тасы өрге домалауының бір себебі - мұнда негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істейді деп түсіндіреді қытайлар.
ҒАЛАМДАНДЫРУ НӘТИЖЕСІ
Қазақстандағы томат өнімдері нарығындағы ірі өндіріс ошағына айналған «Цинказ» фирмасының өкілдері, компания жұмысқа негізінен жергілікті тұрғындарды алуы арқылы ірі маркетингтік табыстарға қол жеткізді деп отыр.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, томат өнімдері Қазақстан жұртының жеңсік тағамдарының қатарына енеді. Бүгінде елдегі томат өнімдері нарығының ең сүбелі үлесі «Цинказ» тамақ фабрикасының еншісіне тиесілі болып отыр.
Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматының маңында орналасқан компания фабрикасында мұқият түрде ретке келтірілген жұмыс істеу тәртібі қолданысқа енгізілген. Алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған бұл кәсіпорында, ең маңыздысы, жергілікті кәсіби мамандар тобы жұмыс істейді.
Фабриканың 140 қызметкерінің жүз отызынан астамы жергілікті тұрғындар болып табылады. Яғни, штатты немесе мекеменің тұрақты қызметкерлер құрамының 95 пайызы жергілікті тұрғындардан жасақталған деп жазады онлайн-басылым.
«Бұл біздің ең үлкен құпиямыз болып есептеледі, – дейді фабриканың бас директоры Жэнь Ян Кю жымия күліп. – Штаттың басым көпшілігін жергілікті тұрғындар есебінен жинауымыз ғылыми-зерттеу жұмысымыз бен нарықты игеруде тезірек алға жылжуымызға жол ашып берді».
ҚЫТАЙ ФИРМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАҒАН ӨНІМДЕРІ
Қазақстанда томат өнімдерін сату Бейжіңде қуырылған үйректерді сатуға ұқсас нәрсе деп атап көрсетеді агенттік. Яғни бұл бәсекелестік қатты қызып тұрған нарықтың бірі саласы болып саналады.
«Цинказ» фирмасының Романай есімді коммерциялық директоры, өз фирмасының жаңа өнім ойлап тапқан әр жолы адамдарға оның дәмін татуды ұсынатынын тілге тиек етеді. Оның айтуынша, сонымен қатар, компания супермаркеттердегі «Цинказ» тарабынан жүргізілген зерттеу мен шолулар нәтижесін де қатаң есепке алатын көрінеді. Романай компания менеджментіндегі қызметкерлердің басым көпшілігі бұрын жергілікті тамақ өнеркәсібінде еңбек еткен мамандар екенін айтады. Аталған жандардың дәм, талғам, тауардың сыртқы орамасы мен материал таңдау жөніндегі пікірі компания үшін үлкен мәнге ие екен.
«Цинказ» фирмасының қызметкерлері компания өнімдерінің жергілікті клиенттер талғамын толық қанағаттандыруына көп көмегін тигізді деп атап көрсетеді ол.
«Кейде мен дүкендерде адамдардың «Цинказ» өндірген кетчуптың оннан астам шөлмегін бірден алып жатқанын көріп қуанамын», – дейді Романай.
1998 жылы құрылған «Цинказ» фирмасы бүгінгі күні елуден аса өнім түрін жасап шығарады. Компания осы уақытқа дейін қырық мың тоннадан астам консервіленген томат өнімін шығарып үлгерді. Және де ол салық түрінде Қазақстан мемлекеттік бюджетіне жеті миллион АҚШ доллары көлемінде ақша төледі.
ҒАЛАМДЫҚ ГҮЛДЕНУ КІЛТІ – ХАЛЫҚТАР ЫНТЫМАҒЫН ТЕРЕҢДЕТУДЕ
Жергілікті қызметкерлер бұл компанияда жұмыс істеу өз көңілдерінен шығатынын жасырмайды деп жазады «Синьхуа».
«Мен «Цинказда» он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істедім. Маған менің компаниям қатты ұнайды!», – дейді Гүлнәр есімді компания қызметкері.
«Цинказ» өзінің қызметкерлеріне жатақханадан орын береді және оларға түскі асты да тегін таратады. Сонымен қатар, фирма туған күнін атап өтіп жатқан фирма қызметкерлеріне шейін торт пен сыйлықтар сыйлап, елдегі басты мемлекеттік мейрам күндері мерекелік шаралар ұйымдастырады. Егер қызметкерлердің жақын-туыстарынан біреу қайтыс бола қалса, фирма қызметкерге демалыс береді деп жазады агенттік.
Компания, сонымен қатар, қоғамдық шараларға да атсалысып келеді. Ол мектептер, соғыс ардагерлері мен мүгедектерге көмек ретінде қаражат бөліп тұрады. Алматы қаласының әкімі 2001 жылы бұл компанияны елдегі «азық-түлік өнеркәсібін дамытудағы үлкен жетістігі» үшін мақтап, марапаттаған болатын.
Компания 2009 жылы ұлттық өнеркәсіптің консервіленген томат өнімдерін өндіру саласындағы «соңғы он жылдық ішіндегі ең үздік кәсіпорыны» деп танылды деп жазады «Синьхуа».