Қытайдан миллиардтап несие алатын дамушы елдердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Бірақ бұл қаржылай көмек биліктің халық алдында есеп беруі, келісім-шарттарды ашықтығы және адам құқығын құрметтеу секілді маңызды істерге көлеңке түсіреді дейді талдаушылар.
ҚЫТАЙ МИЛЛИАРДТАРЫ
2010 жылың Бейжің АСЕАН елдеріне 25 миллиард доллар көлемінде көмек беріп үлгірді. Наурыз айында Замбия президенті Қытайдан өз еліне қоржынына 1 миллиард долларлық қарыз толтырып оралды деп жазады «Нью-Йорк таймс» басылымы.
Бейжіңнің беріп отырған қаржылай көмегінің көлемі өсіп бара жатқандықтан әрі оның Африка, Азия және Латын Америкасы мемлекеттерімен байланысы тереңдей түсіп отыр. Осыған байланысты басылым бұл томаға тұйық әрі репрессивті супердержаваның инвестициясы дамушы елдердегі мемлекетті басқару стандарттарына игі әсер ете ме деген сауал қояды.
Адам құқығын қорғайтын «Фридом Хаус» ұйымы жүргізіп, жариялаған «Жол түйісіндегі елдер» деп аталатын зерттеу Қытайдан әлгіндей көмек алып отырған мемлекеттер тап болып отырған күрделі мәселелерді сөз етеді.
Жемқорлықпен күресу, сөз бостандығы мен жиналыс бостандығын қорғауды қамтамасыз ету мұндай ахуалда қиындай түседі. Бейжің көмегінің мөлдір еместігі әрі шарттарының бұлыңғыр, тұспалдаған тілде айтылатыны, мәселені одан әрмен шиеленістіріп жіберуі мүмкін деп жазады газет.
Халықаралық қаржы мекемелері мен донор-ұйымдар мемлекетті басқарудың мөлдірірек әрі халыққа есеп беру талабын нақты орындаттыратын нормаларын қабылдаттыруға ұмтылып отыр. Ал дәл осы мезетте Қытай беретін көмек бұған балама қарыз алу көзіне айналды.
Бұл көмекті алып жатқан үкіметтер оны өз бас пайдасының кәдесіне жаратып, артықшылық деп санауда. Яғни, олар бұл көмекті мөлдірлікті күшейтіп, заң үстемдігін қамтамасыз етер шарасын іс жүзіне асыруды кейінге ысыру үшін, әсіресе биліктегі элитаның әлімжеттілігіне бөгеу қояр шараларды іс жүзіне асыруды кейіндету үшін қолданып жатыр.
КӨМЕК БЕРУДЕГІ БАҚТАЛАСТЫҚ
Бұл айтылғандарға Камбоджа нақты мысал бола алады. АҚШ пен басқа да демократиялық мемлекеттерден маңызды көмек алып келген Пномпень үкіметі, енді Қытайдан да мөлшері осындай көмек ала бастады. Камбоджа билігі бұл «көмек берудегі бәсекені» қарақан басының қамын күйттеуге арналған артықшылыққа ие болу үшін пайдаланып кетті.
Жемқорлықпен күрес, сот билігі мен бұқаралық ақпарат құралдары саласында өте қажет реформа жүргізу орнына премьер-министр Хун Сен үкіметі өзін сынайтын тұлғалар мен тәуелсіз ұйымдарға қысымын күшейтті. Ықпалынан айырылудан қорыққан батыстық донорлар әрі-сәрі күйге түсіп, нәтижесінде билеуші режимді бұрмалаушылығы үшін жазалауға батылы жетпеді деп атап көрсетеді «Нью-Йорк таймс».
Қазан айында Гвинея үкіметі Қытайдың халықаралық қорымен арада құны 7 миллиард доллар тұратын келісім-шартқа қол қойылғанын жария етті. Бұл осы елде оппозицияны қолдаушыларды билік жаппай қырып тастаған соң, халықаралық қауымдастықтың аталған мемлекетке қарсы санкциялар қолдану мүмкіндігін қарастырып жатқан кезбен дөп келді. Бұл жайт түрлі айла-шарғы арқылы адам құқын қорғау стандарттарын жетілдіруге бағытталған іс-әрекетті тұралатып тастау үшін инвестицияны қалайша қолдануға болатынына көрнекі мысал бола алады.
Әдетте Қытайдың дамушы елдерге көмек беру кезінде «ешқандай міндет-шартсыз» деген термин қолданылса да, өмір ақиқаты мұның шындығында олай еместігін көрсетті. Аталған көмекті алушыға қойылатын бірқатар шарттардың ішіне Қытай өкіметіне қарсы сыни пікір айтып жүрген ұйымдар мен тұлғалардың аузына қақпақ қою шарасы да енеді. Аталған елдерде мұндай шараны қолдану барысында азаматтардың сөз бостандығы мен жиналыс бостандығы бұзылып, оларға жиі нұқсан келтіріледі.
Таяуда Бейжіңнің Непалға беретін көмегінің көлемі 50 пайыз мөлшерінде өсті. Ал ол елде билік Тибеттен қашып барған эмигранттардың шеруін қатал басып-жаншыды, ол тибеттіктердің мыңдағаны 2008 жылы тұтқындалған болатын.
Өткен жылдың желтоқсан айында Камбоджа үкіметі 20 ұйғырды Қытайға күштеп қайтарды, оларды онда түрме мен азаптау күтіп тұрғаны сөзсіз. Үш тәулік өтер-өтпестен Бейжің Камбоджамен құны 1 миллиард доллар тұратын келісім-шартқа қол қойылғанын жария етті деп жазады газет.
Тіпті демократиясы едәуір дамыған елдердің өзі мұндай қысымға ылғи да лайықты төтеп беруге қауқарсыз болып отыр. 2009 жылдың наурызында Оңтүстік Африка Республикасының үкіметі Далай-ламаның осы елге келуіне тыйым салды. Далай-лама бұл мемлекетте өтетін футболдан әлем біріншілігі алдындағы бейбітшілік жөніндегі халықаралық конференцияның қонағы болуы тиіс еді деп атап көрсетеді басылым.
АДАМ ҚҰҚЫН КІМ ҚҰРМЕТТЕМЕК?
Әдетте Қытай несиесі «аталған қаражат қытайлық шенеуніктер таңдап алған фирмалардан тауар сатып алуға жұмсалсын» деген шартпен беріледі. Мұндай фирмаларды Қытай шенеуніктері ашық тендерсіз өз қалауынша таңдап алып отырады. Намибияда қазір жемқорлықпен күресу жөніндегі агенттіктер пара беруге байланысты бір істің мән-жайына тергеу жүргізуде.
Осы істің барысында ел үкіметі қауіпсіздік сканерлерін осы таяуға дейін Қытай президенті Ху Цзиньтаоның ұлы басшылық етіп келген компаниядан сатып алған. Бұған жауап ретінде Бейжің тергеуге бөгет қойды әрі интернет цензурасын күшейтті. Яғни, аталған оқиға туралы ақпараттың интернет арқылы Қытай азаматтарының назарына ілінбеуі үшін қолдан келгенді істеп бағуға тырысты.
Оқымысты Лэрри Даймонд және тағы да бірқатар мамандар, бүгінде жартылай демократиялық болып табылатын елдер келер заманда демократиялық мемлекеттер қатарын толтыруға көбірек бейім деген пікір айтып жүр. Олардың айтуынша, авторитарлық режим билеген елдердің мұндай мүмкіндіктері аздау көрінеді. Қытай коммунистік партиясының үшінші әлем елдеріне ықпал етуінің назарға бірден шалынар теріс тұстары мұндай ұмтылыстарға нақты соққы беруі әбден мүмкін деп түсіндіреді «Нью-Йорк таймс».
«Фридом Хаус» ұйымы жүргізіп, нәтижесін жариялаған саяси әрі азаматтық құқықтардың ахуалына қатысты дүниежүзілік зерттеу осы бір келешек мүмкіндікті де есепке алады. Өткен 5 жыл ішінде заңдастырылған демократиялық жүйенің тек кейбір сипаттарына ие деп саналатын елдердің 57-сі өзінің демократияшылдық жөніндегі позициясын нашарлатып алған. Ал әлгіндей санаттағы мемлекеттердің тек 38-і ғана өзінің көрсеткіштерін жақсартыпты.
Бейжіңнің араласуы қысқа мерзімді экономикалық дамуы үшін оң нәтижелі болуы мүмкін. Дегенмен, ұзақ мерзімді ауқымда оның теріс салдары болады – билікті халық алдында есеп беруге міндеттейтін және адам құқын құрметтеуді қамтамасыз етуге дем берер құралдарды мүлде бұрмаланған мақсатта қолдануға, не тіпті қарама-қарсы бағытта пайдалануға кеп саяды деп жазады «Нью-Йорк таймс».