Қазақстан компаниялары инвестиция тарту жөніндегі қызметінің бір бөлігін Лондоннан Дубай мен Гонконгқа көшірмек. Ұлттық банктің төрағасы Марченко мұндай шешім Лондон Ситиде жұмыс істейтін инвесторлардың іс-әрекетіне байланысты дейді.
МАРЧЕНКО: «БІЗДІҢ КӨҢІЛІМІЗ ҚАЛДЫ, СОНДЫҚТАН КЕТЕМІЗ»
Енді Қазақстан компанияларының инвестиция тарту жөніндегі қызметінде Британия астанасының үлесі дағдарыс алдындағы көрсеткіштен 50 пайыздық деңгейге дейін азаяды, деп мәлімдеді Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко.
Қаржы нарығындағылар Марченконың сөзін шындап есепке алатын болады, себебі ол экономикалық кеңесші ретінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сенімді адамдарының қатарына кіреді, деп жазады «Файненшл таймс».
«Лондон инвесторлары мойындарына ұзақ мерзімді міндеткерлік артатынын айтқанымен, жеме-жемге келгенде олар шынайы өмірде кездескен жағдайдың 80 пайыздайында айтқан уәделерінен айнып кетті, – дейді Марченко. – Біз Таяу Шығыс пен Гонконгқа жеткілікті назар аудармаймыз деп қапы қалдық, өйткені, Лондонда жүріп қаражат жию тым жеңіл нәрсе боп көрінді».
Марченко әңгіме инвестициялық қаржы тарту ісінде Лондоннан біржола бас тарту жайында болып отырған жоқ, деді. Мәселе Қазақстан қолындағы инвестиция тарту мүмкіндігінің аясын кеңейте түсуде боп отыр. Мұндай кеңейтуге аталған мүмкіндік қатарына Азиядағы капитал нарығын ендіру арқылы қол жеткізілмек. Себебі, онда Еуропа мен Солтүстік Америкаға қарағанда экономика тезірек қалпына келтіріліп жатыр.
Сонымен қатар, Қазақстан үшін өз көршісі Қытаймен қарым-қатынасын жетілдіру маңызды іс болып саналады. Қытай Қазақстандағы табиғи қазба байлықты игеру мен көлік тораптарын дамыту саласына қарқынды түрде көптеп салым салып жатыр. Бұл салымдар табиғи газ бен мұнай құбырларын салуға да бағытталып отыр, деп атап көрсетеді газет.
«Лондонстан» деген атаумен Қазақстанға арналған тағы бір мақаласында «Файненшл таймс» басылымы қазба байлығының мол қорына ие Қазақстан компаниялары бұрын инвестиция тарту орталығы ретінде Лондонға зор сүйінішпен қарайтын еді, деп жазады.
Олар Лондон қор биржасының листингіне ену құқысын алу арқылы өзінің тұғырын нығайтпақ ниетте болған. Аталған биржада әлемнің көптеген елінің шикізат өндіру корпорациялары өзінің құнды қағазын саудалайды. Қазақстан компанияларының листингке енуі олардың инвесторлар әрі өз елінің мемлекеттік реттеуші органдарының алдындағы беделін өсірер еді.
ЛОНДОНДАҒЫ БӘЗБІРЕУЛЕРДІҢ МҰРТЫ ДА ҚИСАЙҒАН ЖОҚ
Марченконікі жартылай ғана дұрыс, деген ұйғарым жасайды газет. Егер ол «Қазақмыс» немесе ENRC тәрізді Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі компанияларын сөз етіп отырса, инвесторлар Лондон қор биржасының листингіне енген басқа тау-кен компанияларына қатысты қандай қарым-қатынаста болса, бұлармен де дәл сондай қарым-қатынаста болды. Олардың бәрі де «дамушы нарықтарда» кәсіпкерлікпен айналысатын компаниялар болып табылады.
Дағдарыс салдарынан ахуал астаң-кестен боп кеткен кезде, инвесторлар Қазақстан компанияларының құнды қағаздарына салған қаражатын кері қайырып алды. Алайда, нарықта белсенділік қайта қалпына келген соң, олардың Қазақстан эмитенттерінің құнды қағаздарына деген ықылас-ынтасы да қайта қалпына келді. Дәл осындай ахуал чилилік мыс өндіруші Antofagasta корпорациясының да, мексикалық күміс өндіруші Fresnillo корпорациясының да басынан өткен болатын, деп жазады «Файненшл таймс».
Дегенмен де, дәл осы ENRC менен «Қазақмыс» Лондоннан қашты дегенде, қайда барып бақытын таппақ, осыны зерттеп көрейікші, дейді басылым. Алматыдағы листинг оларды Лондондағы тәрізді төлеу қабілетіне ие ете алмайды. Сонымен қатар, бұл халықаралық инвесторлар мен нарық сарапшылары алдында олардың беделінің көтерілуіне де Лондондағыдай жол аша алмайды.
ENRC үшін, әрине, Йоханнесбург, балама бола алар. Дегенмен, оңтүстік африкалық инвесторлар ENRC-нің құнды қағаздарынан гөрі, жергілікті Samancor компаниясының акцияларын сатып алуды артық көрмесіне кім кепіл.
Дәл осындай сөзді Сиднейге қатысты да айтуға болады. Ондағы жергілікті инвесторлар өздеріне жерлес International Ferro Metals фирмасының құнды қағаздарына өзінің қаражатын жұмсауды артық санары сөзсіз. Бас пәтері Сиднейде қоныс тепкен бұл кәсіпорын Лондон қор биржасының листингіне енген, Оңтүстік Африкада да айналысып жатқан кәсібі бар.
Дегенмен де, Қазақстан компаниялары үшін Гонконг инвесторларының назарын өзіне аударуда зор маңыз бар, деп атап көрсетеді газет. Себебі, бүгінде Қытай Қазақстанда тау-кен өнеркәсібі, соның ішінде мұнай өндіру саласындағы басты сыртқы инвестордың бірі боп отыр.
«Марченконың сөзін президент Николя Саркозидің стиліндегі Ситиге бағыттала айтылған жария түрдегі қорлау деп қабылдау дұрыс болмайды. Мұнан гөрі, оның сөзін Лондонның халықаралық қаржы орталығы ретінде бүкіләлемдік нарықта қарсыластарының бар екендігі жөніндегі құлаққағыс ретінде қабылдау дұрыс.
Бұл орталықтарда Лондонның Челсиындағы гүл көрмесі тәрізді небір ғажайып пен керемет көп болмаса да, оларға барам деушілер қатары тез өсуде әрі әуежайларда аталған балама халықаралық кәсіпкерлік орталықтарына баруға мүмкіндік беретін виза алу үшін тартыс жүріп жатыр», – деп қорытынды жасайды «Файненшл таймс».
АЗИЯ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШЫП ОТЫР МА?
Таяуда Дубайда болған инвестициялық дағдарысты Ситидегі кейбіреулер қуана қарсы алды. Себебі, олар Дубайдың басын бұлт шалуы халықаралық қаржы орталығы ретіндегі Лондонның басты қарсыласының бірінің басын бұлт шалуы деп түсінді, деп жазады «Таймс» басылымы.
Алайда, енді Қазақстанның Ұлттық банкі төрағасы өз еліндегі компаниялардың өздерін Сити инвесторлары алдап кеткендей сезініп отырғанын айтып жатыр. Дағдарыс сәтінде Қазақстан экономикасы мен банкілері түрлі қиыншылықтармен бетпе бет қалғанда, көптеген инвестор қаражатын алып, елден тездете безіп кетуді жөн көрген.
Марченконың сөзіне қарағанда, осының нәтижесінде енді Қазақстан компаниялары инвестиция тарту үшін Азия бағытына көбірек көңіл бөлетін болады, соның ішінде Гонконгке ерекше назар аудармақ, – деп жазады басылым.
«Григорий Марченко қытай инвесторының мінезі тұрақты деп ойлайтын болуы керек. Егер расымен солай болса, онда ол Шанхай нарығы ойыншыларының нағыз «өнерін» әлі көрмей қор боп жүр екен ғой», деп жауап береді Ұлттық банк төрағасының сөзіне «Таймс». Алайда, Марченконың сөзінде мән бар, өйткені, көптеген басқа елдердегі тәрізді Қазақстанның да сыртқы экономикалық белсенділігі барған сайын күншығысқа қарай ден қоя түсуде.
Қытай – Қазақстанның мұнайы мен газын, металы мен тамақ өнімін өткізетін табиғи нарық боп отыр. Қытайға құбырлар салынуда, Қазақстаннан аталған мемлекетке апаратын басты темір жол магистралін салу жоспары да бар, деп хабарлайды газет.
Бұрындары Қазақстан Қытаймен қарым-қатынаста белгілі бір шептен аса алмайтын. Өйткені, Ресейдің ықпалы мен осы солтүстік көршісімен байланысы бұған әрқашан бөгет болатын. Сонымен қатар, Бейжің мен Кремльдің өзара бір-біріне сенбеуі де Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасының дамуына тұсау болды. Лондон болса, әртүрлі істерді іс жүзіне асыру үшін қолайлы бейтарап аумақ саналып, осының артықшылығын көріп келді.
Бірақ та егер болашақта өз жобаларын іс жүзіне асырар аумақ ретінде Қазақстан компаниялары Қытай нарығын таңдайтын болса, онда олар, әрине, инвесторларды да Қытайдан табуға ұмтылатын болады. Бұған қатысты Лондондағы кейбіреулер: «Жолы болсын!» - деп мұрнын көкке шүйіруі мүмкін, деп атап көрсетеді басылым.
Лондон қор биржасының листингіне енген Қазақстан компанияларының жұртшылыққа еркін сатыла алатын құнды қағазының саны көбінесе шамалы ғана болуымен ерекшеленді. Олардың саяси тәуелсіздігі, корпоративтік басқарылуы мен мөлдірлігіне қатысты да үнемі мәні тым үлкен сауалдар туындайтын. Әйтсе де, егер дәл осындай кетіп қалу жолын таңдайтын орталық азиялық компаниялар саны көбейіп кетсе, бұдан Сити сөзсіз ұтылады, деген қорытынды жасайды «Таймс» басылымы.